Шет тілін үйренудегі цифрлық технологияның маңызы
Жаһанданған заманда технологиялық құрылғылар, цифрлық медиа және мобильді қосымшалардың өміріміздің бір бөлігіне айналғаны айқын. Заманауи компьютерлік желінің көмегімен дүниенің төрт бұрышындағы ақпаратқа кез келген нүктеден оңай қол жеткізуге әрі оңай бақылауға болады. Технологиялық прогресс біздің өмір сүру деңгейімізді көтеріп қана қоймайды, сондай-ақ жаңа мүмкіндіктер ашады.
Тілдерді оқыту теориясы шеңберіндегі цифрлық технологиялар термині компьютерлер мен портативті электрондық құрылғыларды (планшет, смартфон және т.б.) пайдаланатын технологиялардың барлық түрлерін айғақтайды. Бұл технологиялар тіл үйретуде білім алушылардың іс-әрекетін ұйымдастырудың түрлі формаларында қолданылады. Шетел тілін оқытуда мультимедиалық және цифрлық ресурстарды атқаратын функцияларына байланысты төмендегідей бөлуге болады:
Ең көп қолданылатын онлайн ресурстардың бірі – Podcast қолданбасы. Бұл қолданба студенттердің тілдік дағдыларын, әсіресе тыңдау және сөйлеу дағдыларын дамытуға үлкен үлес қосады. Podcast – пайдаланушыға радиохабарларды интернет арқылы жүктеп алуға және оларды кез келген уақытта тыңдауға мүмкіндік беретін цифрлық қолданба. Podcast тіл үйренушілерге шынайы тіл мен нақты материалды ұсынады, өйткені білім алушылар оқулықтарға қосымша ресурс ретінде подкастарды пайдалана алады.
Quizlet – күндізгі және қашықтан оқытуға кроссворд жасауға арналған ерекше құрал. Флэш-карталарды жасауға мүмкіндік беретін, қолданылуы жеңіл веб-сервис ұстаздардың ең танымал ресурсы. Quizlet өзіме өте тиімді, өйткені ол білім алушының қайталауға тиіс негізгі ұғымдар мен анықтамаларды ұсынады.
Kahoot – қазіргі таңда кез келген пәнді оқытуда кеңінен қолданылатын викторина ойыны, getkahoot.com сайтына кіріп, викторина жасағаннан кейін оқушылар өз құрылғыларынан kahoot.it сайтына берілген викторина коды арқылы қосылады. Онда бірнеше таңдау сұрақтары көрсетілген орталық экран қолданылады. Әр сұраққа ұпай оған қаншалықты тез жауап берілгеніне және оның дұрыс болғанына байланысты беріледі.
Осындай тың, жаңа тәсілдің біріне ақпараттық оқыту жүйесіндегі компьютерлік бағдарламалар арқылы тіл үйретуді жатқызуға болады. Ағылшын тілі сабағын озық технологиялардың көмегімен оқыту барысында түрлі дидактикалық тапсырмаларды орындауға, оқу дағдыларын қалыптастыруға, заманауи оқыту құралдары платформаларының көмегімен білім алушылардың сөздік қорын кеңейтіп, ағылшын тілін оқуға деген қызығушылығын арттыра аламыз. Шет тіліндегі сөздерді тыңдауға, енгізген мәтінді онлайн дыбысқа айналдыруға арналған көптеген мультимедиалық білім беру ресурстары бар.
Қазіргі таңда осы технологияларды ҚазҰУ-дың оқытушысы ретінде өз студенттеріме тіл үйретуде үнемі қолданамын. Анығында, цифрлық технологиялар студенттің оқуға деген қызығушылық пен бәсекелестікті туғызады. Оқытушы ретінде алға қойған мақсатым қазіргі заманға сай ағылшын тілі пәнін оқытуда цифрлық технологияларды қолдану арқылы білім алушылардың білік-дағдысын дамыта отырып, сауатты шешім қабылдай алатын қазіргі заманауи кәсіби мамандарды даярлау.
Раушан Балғабекова,
Шет тілдері кафедрасының оқытушысы