ҚазҰУ оңтүстіккореялық әріптестерімен жаңа жобаларды талқылады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Оңтүстік Кореяның Чолла-Пукто провинциясының Халықаралық ынтымақтастық агенттігінің делегациясы келді. Сапар барысында ұйым директоры Ким Дэ Сика мырза Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Дүйсеновпен кездесті.
Проректор Еркін Дүйсенов қонақтарға ҚазҰУ-дың Оңтүстік Корея жоғары оқу орындарымен, институттарымен және ұйымдарымен ғылым-білім саласында бірлесіп атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.
ҚазҰУ бүгінгі таңда Корея Республикасының 57 жоғары оқу орнымен ынтымақтасқан. Қол қойылған келісімдер шеңберінде белсенді академиялық, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. 2023/24 оқу жылында 15 оқытушы, төрт докторант, жеті магистрант, екі бакалавриат студенті ғылыми тағылымдамадан өту және ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау мақсатында Оңтүстік Кореяның жоғары оқу орындарына іссапарға жіберілді, 21 студент Оңтүстік Корея университеттерінде білімдерін шыңдап қайтты. Қазіргі уақытта ҚазҰУ-да оқып жатқан Оңтүстік Кореяның 23 студентінің үшеуі – стипендиялық бағдарлама шеңберінде, ал қалған 20-сы келісімшарт негізінде білім алуда.
«Қазіргі уақытта шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасында профессор Ли Бенг Джо мырза дәріс оқиды және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады. Біз сіздерді университетте қарсы алуға әрқашан қуаныштымыз, Оңтүстік Кореяның жоғары оқу орындарымен өзара тиімді ынтымақтастықты арттыруға мүдделіміз», – деп атап өтті проректор.
Корея Республикасының Чолла-Пукто провинциясының Халықаралық ынтымақтастық агенттігінің директоры жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, ҚазҰУ-ға қайта келгеніне қуанышты екенін айтты. Бес жыл бұрын ол университетте көшбасшылық дәріс оқыды, біраз уақыт Оңтүстік Кореяның Астанадағы елшісі болды. «Зейнетке шыққаннан кейін маған халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы тәжірибемді ескере отырып, осы лауазым ұсынылды. Мен сіздің университетіңізбен тәжірибе алмасу және екі ел университеттерінің жұмысын жақсарту үшін ынтымақтастық туралы бірнеше ұсыныс жасау үшін келдім», – деп атап өтті Ким Дэ Сика мырза.
Тараптар білім жетілдірудегі ұсыныстарды, академиялық алмасу, бірлескен ғылыми жұмыстар мен жарияланымдарды арттыру және жоғары білікті мамандар даярлау мәселелерін талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі