ЖАҢА КІТАПТАР МЕРЕЙТОЙҒА ТАРТУ

20 қаңтар, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойына оқу ордасының ұстаз-ғалымдары, қызметкерлері ерекше тартумен келді. Бүгінгі жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге ықпалды құнды құрал – кітап. Демек, маңдай теріңді төгіп кітап жазу, құрастыру  – үлкен еңбек. «Qazaq universiteti» газеті мерейтой қарсаңында жарық көрген кітаптарға шолу жасайды.

Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультеті Философия кафедрасының ғалымдары университетіміздің мерейтойы қарсаңында бірқатар құнды еңбектерді жарыққа шығарып, оқу ордасының 90 жылдығына тарту етті. Осы орайда, Философия кафедрасы мен 2022 жылы құрылған Түрік халықтары философия қоғамының Қазақ комитеті әзірлеген көптомдық «Түрік философиясы антологиясының» 1-2 томдары жарық көрді.

Бұл еңбек авторлардың «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізген шығармашылық ізденістерінің заңды жалғасы екенін атап өткен жөн. Зерттеу алаңына докторанттар мен магистранттар да тартылып, түрік философиясының белгілі бір тақырыптарына қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. «Философия» білім беру бағдарламасының үш деңгейінде де түрік-қазақ философиясына қатысты «Түрік философиясы», «Қазақ философиясы», «Абай және Шәкәрім», «Қазіргі заманғы қазақ философиясы» секілді пәндер кеңінен қамтылған.

«Антологияға Ұлы даланы көне заманнан бері мекендеп келген түрік халықтары мен ұлыстарының философиялық және діни-мифологиялық дүниетанымына қатысты мәтіндер мен оларға берілген ғылыми талдаулар енді. Серияны Халықаралық ғылыми кеңесінің төрағасы, университет ректоры Жансейіт Түймебаев басқарып, төраға орынбасары Бекжан Мейірбаев үйлестіріп, профессорлар Тұрсын Ғабитов пен Жақыпбек Алтаев және менің құрастыруыммен жарыққа шыққан «Исламға дейінгі түрік философиясы» деген 1-томда түрік философиясы хақындағы дискурстан бастап, исламға дейінгі түрік ойының тарихы қамтылып, мифология мен наным-сенімдердің табиғаты зерделенген. Орхон жазбаларындағы дүниетанымдық бағдарлар, тәңірлік дәуір философиясы, дүниенің түркілік суреттемелері туралы философиялық пайымдар ой алаңына алынған», – дейді Философия кафедрасының меңгерушісі Әсет Құранбек.

Әл-Фараби философиясына арналған 2-томда әл-Фараби еңбектерінің топтамасы беріліп, адамзат ойшылы өмір сүрген дәуірдегі түрік өркениетінің рухани болмысы байыпталған. Ғұлама ойшылдың түрік мәдениеті мен философиясындағы орны мен рөлі де бағамдалған.