Қайта жаңғырған семинар

12 ақпан, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универси­теті­нің 90 жылдық мерейтойы аясында механика-мате­матика факуль­те­тінде «Қолданбалы және есептеу математи­касы­ның заманауи мәсе­ле­лері» атты қалалық ғылыми семинардың жаңғыру іс-шарасы болып өтті. 

Факультет деканы, физи­ка-математика ғылым­да­рының докторы, профессор У.Әбдибеков аталған ғы­лы­ми семинардың жанда­нуы­на себепкер болған, осы се­минардың ғылыми жетек­шілерінің бірі, университет пен факуль­тет­тің дамуына 50 жылдан аса тынбай үлкен үлес қосып келе жатқан ҚР Ұлттық ғылым академия­сының академигі, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті, белгілі мемле­кет және қоғам қайраткері Ба­қытжан Жұмағұловқа се­ми­нар тізгінін берді.

Бақытжан Тұрсынұлы фа­куль­теттің тарихына шолу жа­сап, ұстаздарды еске алып, «Тұтас орта механи­ка­сының шеттік есептері» атты ғылыми семинардың 2000 жылға дейін Шалтай Смағұлұлымен бірге өткізіп келгенін, ол кісі Қазақстан­да Навье-Стокс теңдеулерін сандық шешумен айна­лы­са­тын ғылыми мектеп қа­лып­тастырып кеткенін атап айтты. «Ақпараттық-комму­ни­кациялық технология­лар­дың дамуы арқасында бұл есептермен бүгінгі таң­да бүкіл әлем айналысуда. Сондықтан осы қалалық ғылыми семинарды жан­дан­дырып, қайтадан өткі­зу­ді жөн деп санадым. Заман талабына сай, семинардың атауын өзгерттік. Семинар енді «Қолданбалы және есептеу математикасының заманауи мәселелері» деп аталады. Еліміздің ғылым саласына жоғары білікті мамандар даярлайтын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті меха­ни­ка-математика факуль­те­тінің математик ғалымдары үшін орны ерекше. Сол се­бепті семинар осында өте­тін болады», – деді.

Ғылыми семинардың ал­ғашқы баяндамасын «Түйін­дес теңдеулер әдісімен эко­ло­гия және геология есеп­терін шешу» деген та­қы­рыпта МКМ кафедра­сы­ның профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Нұрлан Темірбеков жасады. Баяндамада түйін­дес теңдеулер теориясын, вариациялық принциптерді қолдана отырып, Навье-Стокс теңдеулеріне арнал­ған жалған аймақтар әдісін зерт­теу нәтижелері баян­дал­ды. Қосарлану принципі ластаушы заттардың қос­па­ларын тасымалдау есебі үшін қолданылып, нәтиже­сін­де өнеркәсіптік қалалар мен объектілердің атмос­фе­ралық ауасын ба­қылау­дың автоматтандырылған жүйелерінің деректерін иге­ру әдісі жасалғанына тоқ­талды. Автор жаңадан алынған теориялық ғылыми нәтижелердің (өз оқушыла­ры­мен жасаған) ауаның сапа­сын саралауға арнал­ған геоақпараттық жүйеде қолданылғанын, ұсынған деректерді игеру әдісінің атмосфералық ауаны ба­қы­лаудың автомат­тан­ды­рыл­ған жүйелері қосымша де­рек­терінің көмегімен өн­ді­ріс орындарының ауа­ға тара­татын зиянды за­т­та­ры­ның концентрациясын анық­тауға мүмкіндік береті­нін баяндады.

Ғылыми семинарға меха­ни­ка-математика факуль­те­тінің 90-нан астам жас ға­лым­дары, профес­сор­лары, қауымдастырылған про­фес­сорлары, оқыту­шы­лары мен докторанттары қатыс­ты.

Аталған қалалық ғылыми семинардың жас ғалымдар­ды дайындауда, оларды шың­дауда, университеттің ғылыми бағытын дамытуда маңызы айрықша екені күмән келтірмейді.

Сәуле МАУСЫМБЕКОВА,

МКМ кафедрасының меңгерушісі,

физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор