Жас дарындарға жол ашқан көрме

26 ақпан, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универси­тетінің 90 жылдығына арналған Digital Farabi II халықаралық форумы өтті.

Шараға ҚР ғылым және жо­ғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімі­нің орынбасары Арман Қы­рық­­баев, Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, бизнес өкілдері, отандық және шетелдік ға­лым­дар қатысты.
Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбек он­лайн байланыс арқылы сөз сөй­леп, форум жұмысының өзектілігін атап өтті. Министр өз сөзінде жасанды интеллек­ті­нің кәсіби қызметке сандық және сапалық әсерін тал­дай­тын «ЖИ басқаратын авто­мат­тандырылған әлемдегі кеңей­тіл­ген жұмыс» бойынша IBM есебінің деректерін ұсынды. 
«Соңғы бес жылда 27 ел жа­санды интеллектіні дамытудың өзіндік тұжырымдамасын әзір­леді. Ел Президенті осы ба­ғыт­қа басымдық беруді тап­сыр­ды. Есептің екі негізгі қо­­ры­тын­ды­сы: біріншісі – жасанды интел­лект төңкерісі болды, екіншісі – алгоритмдер адамдарды ті­келей алмастыра алмайды. Жасанды интеллектіні, жаңа тех­нологияларды игерген ма­ман­дар ЖИ мүмкіндіктерін пайдалануға мүмкіндіктері мен ресурстары жоқ адамдарды еңбек нарығынан ығыстыра бастайды», – деді министр.

Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Бас­қар­ма Төрағасы – Ректоры Жан­сейіт Түймебаев: «Әлем қа­зір­дің өзін­де жасанды интеллект дәуірінде өмір сүріп жатыр. Мем­лекет басшысы атап өт­кен­дей, алдымызға қо­йыл­ған негізгі міндеттер – «цифр­лық теңсіздікті» барынша азай­ту және «цифрлық аг­ло­ме­ра­ция­ны» ілгерілету. Бұл әсіресе гео­графиялық жағынан ірі мем­лекет болып отырған Қа­зақ­станда аса өзекті. Эко­но­мика мен қауіпсіздік, меди­ци­на, білім, өмірдің барлық са­ла­ларына жаңа технология­лар­ды енгізіп дамыту мен ин­теграциялау кезінде осыны ес­керу маңызды», – деп атап өтті.

Форум аясында ғылыми-ин­но­вациялық көрме ұйым­дас­ты­рылып, ҚазҰУ-дың ға­лым­дары мен студенттері және «Stem» орта­лық­та­рын­да­ғы оқу­шылар өздерінің ғы­лыми әзірлемелері мен стар­тап­та­рын ұсынды.

Шараның мақсаты – жас ғалымдардың инновациялық жобаларын іске асыруға қол­дау көрсету және нарыққа шы­ғуына жәрдемдесу.

Келушілер назарына 20-дан астам инновациялық жоба ұсы­нылды.

Солардың қатарында уни­вер­ситет ғалымы Диана Ра­химова сөйлеу қабілеті нашар балаларға арналған қазақ тіліндегі мобильді қосымшаны таныстырды. Жобаның мақ­са­ты – жасанды интеллектіні пай­далана отырып, оқу және жазу әдісі арқылы балалардың сөй­леу қабілетін жетілдіру және да­мыту. Ғалым дайындаған ғы­лыми жобаның арқасында балалар тез сөйлеуді және ақ­па­раттарды жедел қабылдауды үйренеді. Алдағы уақытта жоба авторлары мобильді қосым­ша­ға логопедтердің видео­дә­ріс­терін енгізуді жоспарлап отыр. Болашақта мобильді қосымша толық біткеннен кейін ата-аналар тегін пайдалана алады.

ҚазҰУ-дың жас ғалымдары ұсынған жобаның бірі – «Интел­лек­туалды автоматтан­ды­рыл­ған ақылды жылыжай». Бұл ақылды жылыжай дақылдарды өсіру процесін жеңілдетіп қана қоймай, адамдардың жұмысын барынша азайтады. Яғни өсім­діктерді қажетті кезде ғана суару үшін және ауа тем­пе­ратурасын қадағалау мақ­са­тында арнайы датчиктер ор­натылған. Аталған датчиктер арқылы жылыжайдағы жұмыс­тар заманауи технология­лар­дың көмегімен жүзеге асады. Жобаны жетілдіру барысында студенттер жан-жақты ізденіп, энергия көзін күн панель­де­рінен алған. ҚазҰУ-дың 3-курс студенті, жоба авторларының бірі Гүлнұр Құдайбергенованың сөзінше, мұндай ғылыми жоба әлемдік практикада бар көрі­не­ді. Ал Қазақстанда ақылды жылыжайдың баламалары бол­ғанымен, олар толық жүзе­ге асырылмаған.

Оқу ордасында ұйымдас­ты­рылған көрменің арқасында келушілер жас ғалымдардың ғылыми-инновациялық жо­ба­ла­рымен толығырақ танысуға мүмкіндік алды.

Сондай-ақ форум аясында бос жұмыс орындарының жәр­мең­кесі өтті. Жәрмеңкеге бар­лығы 35-тен астам ірі ком­па­ниялар мен ұйымдар қатысты. Жұмыс берушілер сту­дент­тер­ге әртүрлі саладағы бос жұмыс орындарының кең таңдауын ұсын­ды.

Нұрсұлтан Жексенбаев