ҚазҰУ-да Қазақстан мен Ресей ЖОО ректорларының ІІ форумы өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан мен Ресей жоғары оқу орындары ректорларының ІІ форумы өтті.
«Жоғары білім мен ғылымның өзекті тенденциялары» тақырыбындағы халықаралық форум жұмысына ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, РФ ғылым және жоғары білім вице-министрі Константин Могилевский, МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің ректоры Владимир Шевченко, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Ләззат Нұрқатова, Санкт-Петербор мемлекеттік университетінің халықаралық қызмет жөніндегі проректоры Сергей Андрюшин, Ресейдің 50 және Қазақстанның 40 ЖОО ректорлары қатысты.
Ректорлар форумының негізгі басымдығы – екі мемлекеттің жоғары оқу орындары арасындағы көпжақты байланыстарды дамыту. Сол арқылы ғылым және білім беру саласының өкілдері арасында өзара түсіністік қалыптасып, ұлттық жоғары білімді интернационалдандыру ықпалы күшейіп, студенттер және оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамытудың жолдарын кеңейтеді.
Шараны ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөзбен ашып, Қазақстан мен Ресей арасындағы ғылым мен жоғары білім саласында көпжылдық және жемісті ынтымақтастық жолға қойылғанын атап өтті.
«Бүгінгі таңда Қазақстанда Ресейдің алты жетекші жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істейді. Алғаш болып 2001 жылы М.В.Ломоносов атындағы ММУ филиалы іске қосылды. Кейін Байқоңыр қаласындағы «Восход» Мәскеу авиациялық институтының, Қостанайдағы Челябинск мемлекеттік университетінің, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы МИФИ ҰЯЗУ, Санкт-Петербор кәсіподақтар гуманитарлық университетінің және И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалдары ашылды. Алдағы уақытта Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалын М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің базасында ашқалы отырмыз. Сонымен қатар биыл Омбы қаласында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалын ашу жоспарлануда. Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындары мен ғылыми институттары арасында 1700 келісімшарт жасалған. 25 ғылыми бірлескен жоба сәтті жүзеге асырылуда. Біз бауырластық қарым-қатынасымызды және ғылым мен жоғары білім саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделіміз. Ортақ идеяларды және ұсыныстарды жан-жақты талқылап, болашақта нақты жұмыс жоспарын әзірлеу қажет деп санаймын», – деді Саясат Нұрбек.
Форум барысында РФ ғылым және жоғары білім вице-министрі Константин Могилевский сөз сөйлеп, ҚазҰУ базасында өтіп жатқан ректорлар форумы екі мемлекеттің жоғары оқу орындарының арасындағы сенімді ынтымақтастықты жаңа бағытқа көтеретінін жеткізді.
«Бізді Қазақстанмен көп нәрсе байланыстырады. Бізде достық және іскерлік қатынас, көптеген ұқсас үрдістер бар. Қазіргі таңда біз Қазақстанмен ғылыми ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға әрқашан дайынбыз. Мен ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдары Қазақстанда өз қызметін табысты жүргізіп жатқанына өте қуаныштымын. Филиалдар студенттерге сапалы білім беріп, кәсіби маман болуларына көмектескенін қалаймын. Бүгінгі форум екі ел ЖОО-ларының қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеретініне сенімдімін», – деді вице-министр Константин Могилевский.
Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев Қазақстан мен Ресей ЖОО ректорларының ІІ форумына қатысушылардың беделді құрамы оның жоғары деңгейдегі форум екенін көрсететінін айтты. Өз сөзінде ректор бұл маңызды шара университетаралық байланыс орнатып, тәжірибе алмасу алаңы ретінде сұранысқа ие болатынына сенім білдірді.
«Бүгін біз жоғары білім мен ғылымның өзекті тенденцияларын талқылау үшін ҚазҰУ-да жиналып отырмыз. ҚазҰУ еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының біргейі бола отырып, ғылым мен білім беру әлеуетін арттыруды жалғастыруда. Оқу ордасы әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналу және әлемнің үздік ЖОО-лары арасында ғылыми-білім беру кеңістігінде халықаралық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізу мақсатында жұмыс істейді. 2024 – біздің университет үшін мерейлі жыл. Айтулы датаға орай, халықаралық ғылыми конференциялар, саммиттер мен симпозиумдар өткізу жоспарланып отыр. Мен сіздерді мерейтой аясында өтетін түрлі халықаралық шараларға қатысуға шақырамын», – деді ректор.
Форум жұмысына арнайы қатысқан МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің ректоры Владимир Шевченко сөз сөйлеп, екі ел арасындағы ғылым мен білім саласындағы байланысты арттыру бойынша өз ұсынысын ортаға салды.
Сонымен қатар халықаралық іс-шарада Санкт-Петербор мемлекеттік университетінің халықаралық қызмет жөніндегі проректоры Сергей Андрюшин, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Ләззат Нұрқатова баяндама жасады.
Форум қорытындысында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің базасында Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалын құру жөнінде келісім жасалды. Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Санкт-Петербор мемлекеттік университеті ТМД желілік университеті шеңберінде магистранттарды бірлесіп даярлау бойынша, ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Қазан федералды университеті докторанттар мен аспиранттарды алмасу бойынша келісімге қол қойды.
Форум жұмысы секцияларда жалғасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі