ҚазҰУ-да этнология, антропология және музеологияның өзекті мәселелері талқыланды

30 наурыз, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Еуразия кеңістігіндегі этнология, антропология және музеологияның өзекті мәселелері: дәстүрлер мен инновациялар» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

 

Іс-шара ғалым, Қазақстан Жоғары мектебінің Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымының докторы Аманжол Қалыштың 70 жылдығына арналды.

Мақсат – Қазақстан мен Еуразияның дәстүрлі және заманауи этнологиясы мен антропологиясының өзекті және іргелі мәселелерін, А.Б.Қалыштың отандық этнология мен тарихи өлкетанудың дамуына қосқан үлесін талқылау.

Конференция жұмысына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚР ҰҒА академигі,  тарих ғылымының докторы Мәмбет Қойгелдиев, Қырғыз Республикасы Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымының докторы Аблабек Асанканов, профессор Қалқаман Жұмағұлов, ҚР ҰҒА академигі,  профессор Ханкелді Әбжанов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Ғабит Кенжебаев, белгілі тарихшы-ғалымдар, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері қатысты.

Отырысты Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев ашып, бүгінгі ғылыми-тәжірибелік конференцияның маңызын атап өтті.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жақында өткен Ұлттық құрылтайда тарихи мәселелерді түгендеуге, ұлттық құндылықтарымызды сақтауға айрықша назар аударды. «Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет», – деп атап өткен болатын. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатқанын айта келе, «ұлт жылнамасы елді біріктіретін фактор болуға тиіс» екенін есімізге салды. Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрін, Ұлы даланың сан ғасырлық даму бағдарын айқындауда тарихшыларымызға үлкен міндеттер жүктеді. Бүгінгі халықаралық конференцияда осы міндеттерді шешу жолдары қарастырылып, Еуразия кеңістігіндегі этнология, антропология және музеологияның өзекті мәселелері талқыланады», – деді ректор.

Шара барысында «А.Б.Қалыш. Ғибратты ғұмыр», «Туркмены Казахстана» және «Ауғанстандағы этнодемографиялық үдерістер» атты үш кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Конференцияда Мәмбет Қойгелдиев, Ханкелді Әбжанов, Аблабек Асанканов, Ғабит Кенжебаев, Серік Әжіғали,  Ахмет Тохтабай,  Рашида Харипова және т.б. тарихшы ғалымдар сөз сөйлеп, ғалым Аманжол Қалыштың  шығармашылық, қайраткерлік қырын ерекше атап өтті.

Жиын соңында мерейтой иесі жиылғандарға алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді.

Айта кетейік, қазақ этнологиясын терең зерттеуде Аманжол Боранбайұлының еңбегі ерен. Ғалым «Қазақ халқының этногенезі мен этникалық тарихы», «Қазіргі Қазақстандағы этникалық және этномәдени үдерістер», «Этнологияның іргелі мәселелері» оқулықтарының авторы. Аманжол Қалыш өз еңбектерінде тарихи мұраларға жаңа талаптар тұрғысынан қарап, қазақ халқының этногенезі мен этникалық тарихына қатысты терең талдаулар, тың тұжырымдар жасады. Аманжол Боранбайұлы 600-ден астам ғылыми мақала жариялады. Ресей Федерациясында және Ауғанстан Ислам Республикасында монографиялары мен кітаптары жарық көрді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі