Ғарыш пен студенттің дүниетанымы

10 қыркүйек, 2015

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары әзірлеген «Кулонов плазмалық кристалы» күні кеше ғарышқа сапарға аттанған Айдын Айымбетовтың ұшу бағдарламасына енді.

«Кулонов плазмалық кристалын» университеттің ғарыш саласындағы алғашқы ғылыми тәжірибесі деуге болады. Осы еңбектің авторы, профессор Тілекқабыл Рамазановтың айтуынша, ғарышта алынған нәтижелер микрогравитация жағдайында униполярлық плазмада құрылым түзілудің негізгі мәселелерін зерттеуге жасалған бірінші қадам болмақ. Сонымен қатар, бұл ғажап тәжірибе Ғаламшардың пайда болу құпиясына үңілуге тамаша мүмкіндік сыйлайды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары соңғы 15 жылдан бері еліміздің ғарыш саласын дамытуға, атап айтқанда, маман даярлау, техника мен технология дайындау ісіне белсенді түрде атсалысып келеді. Университеттің отандық ғарыш саласына маман даярлауда жетекші жоғары оқу орны болып белгіленуі бекер емес.

ҚазҰУ-дың жас ғалымдары отандық ғарышкерлер сапары алдында әзірленетін ғарыш тәжірибесі бағдарламасына тартылды. Айталық, олар көміртегі наноқұрылымдар негізінде антифрикциялық материалдар жасау жобасын дайындауда. «Плазмалық кристалл-4» бағдарламасы, сондай-ақ нанокөміртегі материалдары мен сезімтал графенді құралдар бойынша зерттеулер жүргізуде.

Университеттің ғарыш саласындағы тағы бір маңызды бағыты шағын ұшу аппараттарын жасаумен байланысты. Мүндай зерттеу маман даярлау және аса ірі «Ғарыш техникасы мен технологиясы» жобасын жүзеге асыру шеңберінде өткізіледі. Осыған орай университетте наноспутниктерді шығару басталып кетті. Бұл шаруа UNIFORM халықаралық консорциумы аясында Токио университетімен бірлесе жүргізілуде. Конкурстық іріктеуден өткен ҚазҰУ-дың физика-техника факультетінің бес студенті Токио университетінде арнайы оқып келді. Университеттің жас ғалымдары шағын ғарыш аппараттары өндірісінен пайдалануға дейінгі бүкіл кезеңге атсалысты. Бүгінде олар ҚазҰУ Технопаркі базасында аппараттарды құрастыру және сынақтан өткізумен айналысуда.

Жас ғалымдар құрастырған наноспутниктің бірнеше үлгісі Ресейдің «Энергия» корпорациясы мен Берлин техникалық университетінде алғашқы сынақтан сүрінбей өтті. Тұңғыш наноспутник таяу арада Халықаралық ғарыш стансасынан ұшырылмақ. 2016 жылы үшмодульды наноспутниктің, ал 2017 жылы салмағы 50 келі ғылыми-технологиялық микроспутникті ұшыру көзделіп отыр.

Айта кеткен жөн, спутниктерді ҚазҰУ студенттері мен жас мамандары басынан аяғына дейін өздері құрастырады. Жер инфрақұрылымы бар мұндай отандық наноспутниктер шағын ғарыш аппаратын басқаратын заманауи зертханалық ғылыми практикум ретінде, жер бетін суретке түсіру, сондай-ақ ақпаратты қабылдап және өңдеу үшін пайдаланылады.

Шағын спутниктер өндірісінің жобасы 2015-2017 жылдарға арналған Мемлекеттік «Ғарыш техникасы мен технологиясын дайындауға арналған ұлттық ғылыми мектеп құру» ғылыми-техникалық бағдарламасы шеңберінде, университет ректоры, академик Ғалым Мұтановтың жетекшілік етуімен жүзеге асуда. Бағдарламаның басты мақсаты – шағын ғарыш аппараты мен жер беті инфрақұрылымын жасау, сондай-ақ ғарыш технологиясы саласында кәсіби біліктілігі жоғары мамандарды даярлауға арналған ғылыми мектеп құру.

Алдағы уақытта ҚазҰУ кең қолданысқа арналған наноспутниктердің шағын өндірісін жолға қоймақшы. Ол «ЭКСПО-2017» көрмесінен де орын алады. Осы бағытта университет АҚШ, Германия, Жапония және Корея жоғары оқу орындарымен, ғылыми орталықтарымен белсенді ынтымақтастық орнатқан. Мұндай жобалар Қазақстанды әлеуеті зор ғарыш державасы атағын иеленуге септігін тигізері сөзсіз.