Ұлттық тәрбие алған ұрпақ азбайды

1 сәуір, 2024

Адам баласы қа­шан­да тәрбиеге мұқтаж. Тәрбие еліміздің, ұлтымыздың бүгіні мен болашағы баянды болу үшін қажет. Сондықтан алдымен бүгінгі қоғам келбетімен үндесетін ұлт болашағының бағытын анықтап алу керек. Әр ұлттың бағзы заманнан келе жатқан тәрбиелеу жүйесінің өзіндік жолы бар. Тәр­бие ұлттық табиғи тамырынан үзілсе, қасиетін жоғалтады. Халқымыздың мәде­ние­ті ұлттық ерекше­лігі­мен қасиетті де қа­дірлі. Сондықтан мәдени дамудың шы­ңына жетіп, өр­ке­ниет­ті елге айналу халқымыздың табиғи қасиетіне, күш-қуа­ты­на, болмыс-бітіміне және т.б. ұлттық ерекшелікте­рімен тығыз байла­ныс­ты болмақ.

Қазақ халқының тәрбиелік және тәлімдік ой-пікірлері мен жол-жоралғыларының ма­ңызы мынадай жайттарда айшықтала түседі: үлкенді сыйлау мен қонақ күтудің ма­ңызы; халық ойындары мен мерекелерін өткізудің де өзін­дік ерекшеліктері мен қа­лып­тасқан жүйесі, таби­ғат­тың сырын терең мең­геріп, үйлесімділік табуы; өсиет айту, терме, айтыс, ше­шендік сөздер; қазақ­тар­дың поэзиясы; туыстық қа­рым-қатынастар; қонақ­жай­лылық, тектілік т.б.

Дарынды оқушыға та­лант­ты мұғалім қажет. Егер ұстаз өз сабағын жан-тәнімен жақ­сы көрмесе, онда білім алу­шы­ға дұрыс бiлiм бере ал­майды. Өйткені жан-жақты, қабілетті ұрпақ ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Ал қазақ халқының ұлттық тәжі­ри­белері мен тағылымының мол қазынасы – халықтық пе­дагогика. Бүгiнгi қазақ мек­тептерінің алдында тұр­ған басты мiндет – оқушының ұлттық сана-сезiмiн оятып, тәрбиелеп қана қоймай, оның бойына халықтық пе­да­гогиканы, ғасырлар бойы қа­лып­тасқан тiл, дiн, тәрбие, ұлттық салт-дәстүр, үлгi-өнегенi сiңiрту. Ұлттық тәлім-тәрбиенің іргетасын дұрыс қалай бiлу мұғалiмдердiң ата-аналармен бірге жүр­гiз­ген шараларына байланысты. Өйт­кенi ұлттық тәрбиенің не­гізгі өзегі отбасында, екiншi ұшы мектепте болғандықтан, ата-ана мен мектеп болып бiрiгiп жұмыс атқару – біздің басты мiндетiмiз.

Халқымыздың тiлiн, та­ри­хын, ұлттық дәстүрін, ата сал­тын ұмыта бастаған бү­гiнгi ұрпақты тәрбиелеуге ат­салысу – жалпы ұл­ты­мыз­дың мiндетi. Халқымыздың асыл қазынасына, яғни салт-дәс­түрі мен мәдениетіне құр­метпен қарауға үйреткен абзал. Жас ұрпаққа сапалы біліммен бірге, саналы тәр­бие беру қай кезде де өзек­тілігін жоғалтқан емес. Ру­хани тәрбиемен нұрланбаған адам өзінің алған білімін қа­ра басының пайдасына жұм­сап, өз мүддесі үшін адам­зат­қа апат әкелуі мүмкін. Оның мысалы тарихта аз емес. Тек сол арқылы ғана хал­қымыздың ғасырлар бо­йы жинақталған бай ру­хани мұрасымен жастардың бо­йы­на адамгершілік ізгі қа­сиет­терді қалыптастырып, сіңіртіп, өзінің Отанына адал азамат етіп тәрбиелеу ата-ана мен ұстаздар қауымына жүктеледі.

Бұл жағдайда тәрбие жұ­мысының тиімділігі ата-ана мен оқу орнының өзара бай­ланысынан көрінеді. Өскелең ұрпаққа адамзат тарихында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан патриоттық тәр­биені, отаншылдықты, са­па­лы білімді дарыту қазіргі кез­де көкейкесті мәселенің бірі болып отыр. Ақиқатында, осы­нау мәселе еліміздің тұ­тас­тығын, оны ішкі және сырт­қы күштерден сақтау міндетінің өзі жастарды отан­шылдық, елжандылық, па­триот­тық рухта тәрбие­леу­ді жүктейді. Өткенін біл­ме­ген халқының қадірін біл­мейді, халық нені бастан кешірді, бүгінге аман жеткені ненің арқасы, халық өз та­ри­хын жасау үшін тер төгіп, азап шекті, тар жол, тайғақ кешуден өтіп, жерін қорғап, елін сақтады. Отансүйгіштік сезімнің қайнар көзіне Отан, туған жер, табиғат, оның бай­лық­тары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі ұлттық құндылықтар жатады. Ұлттық сезім – ұлтына деген сүйіспеншілік, жанашырлық, халық мұраларын бағалай білу.

Ұлттық тәрбие – қазір елі­міз­де орын алып отырған көп­теген мәселелерді, ана тілін, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейтін жас­тар, тастанды жетім балалар, «қиын» балалар, қарттар үй­ле­ріндегі әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, тағы басқаларды бір­те-бірте жоюдың және олар­дың алдын алып, бол­дырмаудың негізгі жолы.

Ұлттық тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, ұлт­жанды, еңбекқор, сы­пайы, кішіпейіл болып өседі. Сон­дықтан да ұлттық тәрбие – ел болашағы. Қазақ от­ба­сында балаға тілі шығып, анық сөйлей бастаған кез­ден-ақ ағайын-туысты, на­ғашы жұртын, ататегін, руын, ел-жұртын білдіруге ерекше көңіл бөлген. «Жеті атасын білу» заң болған. Ата-баба­ла­­рымыз өз тегінің шығу тарихын білуді әр азаматқа па­рыз деп ұққан. «Жеті ата­сын білмеген ер жетім», «Жеті атасын білген ұл, Жеті жұрт­тың қамын жер» деген аталы сөз содан қалса керек. Бала­ның өзі шыққан тегін білуі оның азаматтық, елжан­ды­лық, отансүйгіштік қасиет­те­рін қалыптастырады деп есептеген. Қазіргі медицина ғылымы дәлелдегендей, жеті атаға дейін қыз алыспай, қанның тазалығын, яғни ұлт­тың таза болуына әкеледі екен; екіншіден, қазақ ұр­пағы жеті атасына дейін ара­ласып, ынтымағы бір болсын дегеннен болса керек.

Халқымыздың маңдайына біткен ұлттық құндылы­ғы­мыз­ды, сонау өткен ғасыр­лар­дан өшпес мұра болып келе жатқан асыл мұрамызды дәріптеп, білімге ден қойып, көп ізденіс жасамайынша, оқыту мен тәрбиені ықпал­дас­тыру мүмкін болмайды. Осы екеуін ұштастырып, қа­жымай еткен еңбек ар­қа­сында тәрбиелі білім алушы тұлға қалыптасатынына се­німіміз мол.

Гүлжан АСАНҚЫЗЫ,

жоғары оқу орнына дейінгі білім беру

факультетінің аға оқытушысы