ҚазҰУ-да қайраткер, ғалым Камал Бұрханов туралы кітап жарық көрді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, саяси ғылымдар докторы, профессор Камал Бұрхановтың 70 жылдығына арналған «Қазақстан және Орталық Азия: тарих, саясат, қоғам» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Тағылымды шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, профессор Бүркітбай Аяған, мемлекет және қоғам қайраткері Бектас Мұхамеджанов, саяси ғылымдар докторы, профессор, Қазақстандық саяси зерттеулер ассоциациясының президенті Есенжол Алияров, «Қаржы орталығы» АҚ тәуелсіз директоры Мұрат Мұхамедов, Қырғыз Республикасының СІМ Дипломатиялық академиясының проректоры, профессор З.К.Құрманов, Камал Низамұлының жары Мағрипа Мұхамеджанова мен ұрпақтары, жақын туыстары, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б. елдерден келген тарихшы ғалымдар, ғылыми мекеме басшылары, саясаткерлер, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.
Пленарлық отырысты білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев ашып, қайраткер тұлғаның еңбек жолы ҚазҰУ-мен тығыз байланысты екенін атап өтті.
«Камал Бұрханов 1979-2002 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі ҚазҰУ) аға лаборант, ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор, декан орынбасары қызметтерін атқарды. Саяси тарих кафедрасының меңгерушісі, тарих факультетінің деканы болды. Философия және саясаттану факультетін басқарып, Саясаттану кафедрасында жауапты міндеттерді іске асырды. 2002-2004 жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде заң факультетінің деканы болды. 2004-2006 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде бас сарапшы міндетін атқарды. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтын да абыроймен басқарды. Ұстаздық жолында 10-нан аса ғылым докторы және кандидаттарын даярлады, ғылыми кеңестердің төрағасы болды. Білім және ғылым министрі жанындағы саясаттану, философия ғылымдары жөніндегі сараптама комиссиясына төрағалық жасады. Сол себепті Камал Низамұлын еліміздегі алғашқы саяси ғылым мектебінің негізін қалаушылардың бірі ретінде атап өткеніміз жөн», – деді ректор.
Шара барысында Камал Низамұлының өмірі мен ғылыми еңбектеріне арналған «Ғибратты ғұмыр» сериясы бойынша басылып шыққан кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Жинаққа Камал Бұрханов туралы замандастарының, әріптестері мен шәкірттерінің естеліктері топтастырылған.
Халықаралық конференцияда Қазақстандық саяси зерттеулер ассоциациясының президенті, саяси ғылымдар докторы Есенжол Алияров Камал Бұрхановтың қайраткерлік, адамгершілік қасиеттерін жоғары бағалады.
«Камал Низамұлы қай салада болсын өз міндетін кәсіби тұрғыда орындап, өзіне жүктелген жұмысты жауапкершілікпен атқаратын. Ол тарихшы, саясаткер, кейін қоғам қайраткері болды. Камал Бұрханов Қазақстанның қалыптасуына сүбелі үлес қосты. Парламент Мәжілісінің депутаты болған тұста ол отандық ғылым мен білім, руханият саласы бойынша өткір мәселелерді көтерді», – деді Есенжол Алияров.
Іс-шараға қатысушылар Камал Бұрханов туралы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ тарихшы ғалымдар Орталық Азия елдерінің тарихын, мәдениетін, өркениетін зерттеу бойынша жұмыстарды бірлесіп жүргізу қажет екенін айтып, бірқатар ұсыныстарымен бөлісті.
Өз кезегінде Камал Низамұлының жары Мағрипа Мұхамеджанова сөз сөйлеп, конференцияны ұйымдастыруға атсалысқан барша қатысушыларға және ҚазҰУ басшылығына ризашылығын жеткізді.
Пленарлық отырыс түрлі секцияларда жалғасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі