ҚазҰУ-да қазіргі экономиканың өзекті мәселелері талқыланды

8 сәуір, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде  ІІ Халықаралық Фараби форумы аясында «Жаһандық өзгерістер жағдайындағы тұрақты экономикалық даму парадигмасы: сын-қатерлер, салдар, мүмкіндіктер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Экономика институты» РМК директоры Ардақ Тұрғынбаева, Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, Тұран университетінің ректоры Рахман Алшанов,  «Торайғыров университеті» КеАҚ ректоры – басқарма  төрағасы Еркін Садықов, «Фридом Финанс» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Түсіп Нүкенов, ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жәмила Айтжанова, Польшадағы Б.Маркевич атындағы Мемлекеттік технология және экономика университетінің профессоры Рисзард Пукала, Түркия, Италия, Өзбекстан  және т.б. елдердің ғалымдары, экономистер, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы  Мәулен Әшімбаев құттықтау хат жолдады. Хатта: «Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жаңа экономикалық бағдарын айқындады. Мемлекет басшысы осы бағдардан айнымай, ұлттық экономиканы өркендету үшін жаңа идеялар және ұзақ мерзімге арналған жүйелі ұстаным қажет екенін айтқан болатын. Осындай жаңа идеялар мен ұстанымдарды ұсынып, оларды кәсіби талқылау тұрғысынан бүгінгідей шаралардың берері мол деп қабылдаймыз. Мұндай миссия өз кезегінде конференцияның салмағын арттыра түсетін көрсеткіш болатыны сөзсіз», – делінген.

Жиынға ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев онлайн қатысып, Жаңа Қазақстанның экономикалық бағыттарына тоқталды.

Іс-шарада Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова сөз сөйлеп, еліміз үшін қаржы саласында мамандар даярлауда көшбасшы университеттегі Экономика және бизнес жоғары мектебінің алар орны ерекше екенін атап өтті.  

«Экономика және бизнес жоғары мектебінің негізі 1949 жылы  қаланып, бүгінде 75 жылдық белесіне көтеріліп отыр. Бұл елімізде экономикалық мамандықтар бойынша жоғары  білікті мамандар, магистрлар мен PhD докторларды даярлайтын ең ірі және ең алғаш құрылған факультет. Факультет миссиясы – Қазақстанның жаңа әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарымен үйлесе отырып, жүзеге асыру. Негізгі бағыт – шешімдерді әзірлеуге және қабылдауға қабілетті ел экономикасы үшін  жоғары білікті кадрларды даярлау. Бұл факультеттен елімізге танымал көптеген экономистер мен  қаржыгерлер шықты», – деді проректор.

Өз кезегінде Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, Тұран университетінің ректоры Рахман Алшанов баяндама жасап, заманауи экономикадағы өзекті мәселелерге тоқталды.

«Әлемдегі барлық мемлекеттер қазіргі таңда бір бағытта дамып жатқан жоқ. Себебі әр елдің өзінің экономикалық бағдары бар, сондай-ақ әлеуметтік мәселелер де әсер етеді. Мысалы, Қазақстанда мұнай, газ секілді жерасты байлықтарынан түсетін қаржының үлесі көп. Экономикаға түсетін пайданың жартысы осы салаға тиесілі. Сондықтан экономикадағы кез келген өзгеріс, мәселен, бағаның өсіп-төмендеуі секілді құбылыстар бізге қатты сезіледі», – деді Рахман Алшанов.

Сондай-ақ іс-шарада Ғылым комитетінің «Экономика институты» РМК директоры Ардақ Тұрғынбаева, «Торайғыров университеті» КеАҚ ректоры – басқарма  төрағасы Еркін Садықов, «Фридом Финанс» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Түсіп Нүкенов және т.б. сарапшылар сөз сөйлеп, бүгінгі шараның маңыздылығын атап өтті. Өз сөздерінде қатысушылар экономикадағы түйткілді мәселелерге кеңінен тоқталып, аталған саланы дамыту бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.

Сонымен қатар конференция тақырыбы аясында жеке сектор мен бизнес-орта өкілдерінің қатысуымен практикалық бағыттағы семинарлар мен секция отырысы ұйымдастырылды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі