КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

22 сәуір, 2024

Еліміздің болашағы жас жеткіншектердің білім дәрежесінің тереңдігімен өлшенеді. Қазіргі заманғы білім беру – әлеуметтік құрылымның маңызды элементтерінің біріне айналды. Қазіргі жастар арасында ойы ұшқыр, болашаққа деген үміті зор, ұлт  тағдырына бей-жай қарамайтын азамат көп. Сондықтан санасы тұнық, жан-жақты, бәсекеге қабілетті, креативті ойлайтын, ертеңгі күні қоғамда өз орнын табатын жеке тұлғаны тәрбиелеп шығару бүгінгі күнде аса маңызды мәселе.

Ал «креативтілік» дегенімізге тез ойлап табу, жаңалық ашу, терең сезім, толғаныс, интеллектуалдық биіктік, ұшқыр ойлылық деп анықтама беріледі. Креативтілік – еліміздің өркендеуіне, дамуына дем береді,  белгілі деңгейдегі нәтижеге жетуге жол ашады. Адами капиталды дамыту – креативтік қоғам құруды және білімдер экономикасына өтуді қамтитын түрлендірулер. Бұл жердегі міндет  халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында креативті индустрия – медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру және ақпарттық технологиялар саласын қамтитын және жұмыспен қамтуға ықпал ететін экономика сектоы ретінде айқындалған.

Бүгінде әлем елдері зияткерлік, инновация және шығармашылыққа негізделген экономиканы дамытуға назар аударып, оған басымдық бере бастады. Креативті индустрия барша мемлекеттерде экономиканың қарқынды дамып келе жатқан секторларының бірі саналады. Креативті индустрияның негізгі сипаттамалары шығармашылық қызметтің түрлі салаларында көрінеді. Мәселен, инновациялық технологиялардың орны ерекше: ойындарды әзірлеген кезде, бағдарламалық өнімдердің сан түрінде, виртуалды немесе шынайы өнімдерде, музыка, өнер, жарнама, сәулет, кинемотография, анимация, дизайн және шығармашылық қызметпен тікелей немесе жанама түрде байланыста болуы. Қазіргі жаhандану дәуірінде көпшілік креативті индустрияны жаңа экономикалық дамуға бастайтынын қадам ретінде көреді. Дегенмен, әзірге шығармашылық салалардың жалпыға бірдей қабылданған анықтамасы жоқ. Әлемде алғаш рет 2000 жылдары креативті индустрия жайлы айтыла бастады. Креативті экономикада өркендеген елдердің тәжірбиесі көрсеткендей, бастапқы кезеңде идеяны шындыққа айналдыру жолында мемлекеттің қолдауы маңызды. 2004 жылы БҰҰ-ның сауда және даму жөніндегі конференциясы өнер, мәдениет, бизнес және технологияларды тоғыстырған экономика секторын «креативті индустрия» деп атады.

Дамыған елдер ондаған жылдар бойы креативті индустрияны қалыптастыруға баса назар аударып келеді. Бүгінгі таңда бұл сала жылына шамамен 2,3 трлн доллар табуда. Креативті индустрияның жаhандық экспорты 250 млрд долларға тең. Жаhандық инновациялық индекске сәйкес, биыл креативті экономика бойынша 132 елдің ішінде Швейцария, Швеция, АҚШ,  Ұлыбритания және Сингапур көш бастады. Қазіргі зерттеушілер креативті индустрияны мынандай үш модельге бөліп қарастырады: америкалық, скандинавиялық және шығыс-азиялық. Бізде креативті индустрия мәслелері  «Мәдениет туралы» ҚР Заңымен және 2021-2025 жылдарға арналған креативті индустияны дамыту тұжырымдамасымен реттеледі.

Креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы  ҚР 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын  іске асыру үшін әзірленді.

Креативті индустрияларға шикізаты қиял, шығармашылық және зияткерлік капитал болып табылатын экономика секторлары жатады. Мәдениет пен өнердегі классикалық түсінікпен байланысты экономиканың дәстүрлі секторларынан басқа, креативті индустрияларға цифрлық секторды, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметті, ақпарат пен байланыс секторын жатқызуға болады.

Алматы қаласы дәстүрлі түрде ел шеңберінде креативті индустриялардың орталығы болып саналады, сондықтан негізгі капиталға салынған барлық инвестициялардың 7 %- ы креативті салаларға бағытталады.

Бүгінде дамыған мемлекеттермен бірге біздің еліміз де  креативті индустрия арқылы туризм, сауда, білім беру секілді салаларды да қатар дамытып келеді.

Джанату ӘЛКЕБАЕВА,

Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы

кафедрасының оқытушысы