ҚазҰУ Ұлыбритания университеттерімен әріптестікті нығайтады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға ғылым мен білім беруді дамыту саласында әріптестік орнату мақсатында британдық жоғары оқу орындарының делегациясы арнайы сапармен келді.
Делегация құрамында Ұлыбританияның Abertay University, Ulster University, London South Bank University, Queen Margaret University, Ирландияның University of Limerick, Австралияның Charles Sturt University, Канаданың Niagara College, Saskatchewan Polytechnic және басқа да ЖОО-лар бар.
Сапар аясында меймандар білім ордасының кампусын аралап, университет басшылығымен кездесіп, өзара тиімді ынтымақтастық келешегін талқылады.
Жүздесуде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректоры Еркін Дүйсенов делегация өкілдерін ҚазҰУ-дың қызметі және жетістіктерімен таныстырды.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ұлыбританияның ғылым, жоғары білім саласындағы институттар, университеттер және мәдени ұйымдарымен тығыз байланыс орнатқан. Ұлыбритания университеті мен ҚазҰУ арасында 11 келісім жасалды. Атап айтсақ: Ланкастер университеті, Лондон бизнес және қаржы мектебі, Орталық Ланкашир университеті (UCLan), Бирмингем, Эдинбург бизнес мектебі, Миддлсек университеті, Оксфорд университеті және басқалар. Соңғы үш жылда академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында университеттің 200 докторанты мен 25 оқытушысы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында Ұлыбританияға барды.
Студент алмасу және тағылымдамалардан бөлек, «Қазақстанның жоғары оқу орындарына шетелдік мамандарды тарту» бағдарламасы аясында дәрістер оқу және PhD докторанттарға ғылыми жетекшілік ету үшін 2022 жылы ҚазҰУ-ға үш профессор тартылды. «Бірлескен ғылыми жобалар мен докторанттарды басқару ҚазҰУ-дың Ұлыбритания университеттерімен ынтымақтастығының негізгі құрамдас бөлігі болып табылады. Ынтымақтастықтың осы бағытын дамыту мақсатында екі елдің үкіметтері тараптардың ғылыми әлеуетін нығайтуға ықпал ететін «Ньютон – Әл-Фараби» серіктестік бағдарламасын әзірледі», – деді проректор.
Өз кезегінде CCG Орталық және Шығыс Еуропа, Украина, Кавказ және Орталық Азия бойынша директоры Гинтарас Степонавичюс ұйымның қызметі мен әр елдердегі жоғары оқу орындары арасындағы байланысы туралы айтып, Ұлыбритания университеттерінің әріптес өкілдерін таныстырды. Делегация мүшелері жоғары оқу орындарымен жұмыс барысы туралы айтып, ынтымақтастықтың қандай бағыттарына мүдделі екендіктерін айтты. Атап айтқанда: докторантура (PhD), тағылымдама, «Болашақ» бағдарламалары бойынша серіктестер іздеу, бакалавриат және магистратура бағдарламаларын дамыту үшін университеттермен өзара іс-қимыл орнату, іске асырудың әртүрлі модельдерін (микрокампус, күндізгі/онлайн/гибридті бірлесіп іске асыру, қос диплом бағдарламалары, франшиза, серіктестік,) пайдалана отырып, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі