Үндітану бөлімінде алғашқы аударма кітаптардың тұсаукесері өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының ұйымдастыруымен 2024 жылдың 24 сәуірінде «Тұрақты даму мақсаттары бағдарламасы» аясындағы «Сапалы білім» негізінде жүзеге асырылатын Үндітану бөлімінде хинди тілінің танымал қаламгерлерінің шығармаларын қазақ оқырманымен таныстыру мақсатында жарық көріп отырған алғашқы аударма кітаптардың тұсаукесері өтті.
Үнді әдебиеті өзінің бай мәдени және тарихи мұрасына байланысты үлкен маңызға ие және әдеби жанрлардың кең спектрін қамтиды, соның ішінде Ведалар мен Упанишадтар сияқты ежелгі жазбалар, Рамаяна мен Махабхарата сияқты классикалық эпостар және Рабиндранат Тагор, Р.К. Нараян және Арундати Рой сияқты танымал авторлардың заманауи шығармалары.
Сонымен қатар, үнді әдебиеті ғасырлар бойы үнді халқының әлеуметтік, діни және философиялық нанымдары туралы кең түсінік береді және дәстүрлі құндылықтарды, фольклор мен даналықты сақтау және ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу құралы ретінде қызмет етеді.
Үнді әдебиетінің маңыздылығы оның үнді мәдениетінің, құндылықтары мен бірегейлігінің мәнін бейнелеу қабілетінде жатыр, бұл оны әлемдік әдеби мұраның маңызды бөлігіне айналдырады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі Үндітану бөлімі еліміздегі Оңтүстік Азия елдері бойынша шығыстанушы мамандарды дайындайтын бірегей мекеме болып табылады. Осыған орай, хинди тілінде жазылған әдеби шығармаларды отандық оқырмандармен таныстыру мақсатында үндітану бөлімінің 2 курс магистранты Абильмажинова Зарина Арманқызының хинди тілінен қазақ тіліне аудармасында Разипурам Кришнасвами Нараянның «Әженің әңгімелері:ерте неке дәуірі» мен Мани Шанкар Мукерджидің «Үнді халық ертегілері» кітаптары жарық көрді.
Іс-шараға Үндістан елшілігінің Алматы қаласындағы Өкілдігінің бас консулы Суапнил Кхотаваде мырза, ҚР Ұлттық кітапханасының Дүниежүзілік әдебиет қызметінің жетекшісі Тұяқова Салима Тоқтасынқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, мәдениет қайраткері, «Алматы-Қазақстан Үнді классикалық биі мен йога орталығының» директоры Қайназарова Ақмарал Елеусінқызы, Шығыстану факультетінің деканы Ем Наталья Борисовна, ТШжОА кафедрасының аға оқытушысы, үндітанушы Искакова Зауре Еренқызы, Үндітану бөлімінің меңгерушісі, PhD Исмагулова Сымбат Әбсаматқызы, ТШжОА кафедрасының меңгерушісі Кокеева Дариға Молдағалиқызы және кафедра оқытушы-профессорлық құрамы мен студенттері қатысты.
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының аға оқытушысы,
Меруерт Пернекулова