ҚазҰУ-да түркітанушы Эдхам Тенишевтің еңбектері сараланды

25 сәуір, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білім ордасының 90 жылдығына арналған «Э.Тенишев кеңістігі: түркітану және ғылымдағы ғұмыр» тақырыбында халықаралық конференция өтуде. Оған Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және басқа елдерден 80-ге жуық ғалым қатысуда. 

 

Конференция барысында ғалымдар белгілі шығыстанушы, түркітанушы Эдхам Рахымұлы Тенишевтің  ғылыми-теориялық, салыстырмалы-тарихи, салыстырмалы зерттеулерін, идеялары мен жетістіктерін талқылап, моңғолтанушы, шығыстанушы ғалымдардың халықаралық ынтымақтастығы мен келешектегі зерттеулерінің даму бағыт-бағдарын саралады.

Конференция ашылуында сөз сөйлеген ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, ғалымның еңбек жолына тоқталды.

Бүгінде  ірі  түркітанушы-лингвист,  филология ғылымының докторы, профессор, КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, моңғолтанушы  Эдхам Тенишевтің туғанына 100 жыл толуына арналған іс-шаралар  түркі әлемінде кеңінен аталып өтуде.

 «Эдхам Рахымұлы Тенишев руникалық жазба жәдігерлерінің табиғатын зерттеуге, олардың ата тілмен шектесетін тұстары мен территориялық, генетикалық жіктеудегі басшылыққа алатын негізгі ұстанымдар туралы тың бағыт-бағдар берген ұстаз. Сол мұраны ұрпақ жадына мирас етіп табыстауға ерен еңбек сіңірген адал ғалым. Сондықтан оның еңбектері түбі бір түркі жұртының  жарқын болашаққа беттеген ұлы керуенімен бірге жасап келеді. Эдхам Тенишев – кеңестік  түркологияның көрнекті өкілі, татар түркологтерінің ішіндегі  тұңғыш алтаист, моңғолтанушы болды», – деді проректор.

Профессор Эдхам Тенишев – 200-ден астам ғылыми-зерттеу жұмыстардың, оның ішінде 15-ке жуық ғылыми монография, сөздік, жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқулықтардың авторы. Ол 20 ғылым докторы мен 30 ғылым кандидатын дайындады.

Конференцияға қатысушылар түркітанушы Эдхам Тенишевтің есімі түркі әлемін зерттеуші ғалымдар арасында кеңінен танымал екенін атап өтті. «Көрнекті ғалым ежелгі түркі кітаптарының мәтіндерін талдап, VI-VIII ғасырларда Орхон-Енисей және Талас ескерткіштерінің тілі Жетісу, Алтай, Орталық Азияда өмір сүрген оғыз, қыпшақ, ұйғыр, қарлұқ тайпаларының ортақ жазбаша тілі болғанын дәлелдеген. Ғалым «жасанды жазбаша тіл» терминін ұсынды», – деді өз сөзінде филология факультетінің деканы Баян Жолдасбекова.

Шара аясында Ыстамбұл университеті жанындағы «Фараби» еуразиялық зерттеулерді ұйымдастыру және зерттеу орталығының директоры, профессор Абдуллах Қызылжық, Өзбек мемлекеттік әлем тілдері университетінің профессоры Кулмаматов Дусмамат, Халықаралық түркі академиясының сарапшысы, PhD доктор Нұрдина Үсеева, АҚШ түркітанушылар қауымдастығының президенті, профессор Юлая Шәмілоғлы, Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры, профессор Ерболат Саурықов және басқалар баяндама жасады.

Пленарлық жиын аясында білім ордасының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында филология факультетінің ұйымдастыруымен «Табысқа толы 90 жыл» деген атпен жарық көрген кітаптар сериясының тұсаукесер рәсімі өтті. Атап айтсақ: «Официально-деловой язык: казахско-русский словарь сочетаемости» (Э.Д.Сүлейменова, А.М.Алдаш, К.С.Алдашева), «Проблемы анлаутных губных согласных в алтайских языках. Ревизия фонетического закона Рамстедта – Пеллио» (Ж.К.Түймебаев), «Опыт изучения тюркских языков» (А.С.Аманжолов), «Түркі тілдері лексикасы дамуының фонологиялық заңдылықтары» (Б.С.Сағындықов), «Антология русскоязычной литературы Казахстана» «Филология факультетінің түлектері: ақындар мен жазушылар 1-2 т., «Филология факультеті – сөз өнерінің алтын бесігі»  (Б.Жолдасбекова),  «Фразеосемантика» (Р.Авакова), «Teaching foreign languages in the Kazakhstani contemporary educational paradigm» ұжымдық монографиясы.

Жекелеген тақырыптық секцияларға ұласқан конференция екі күнге жоспарланған. Жиында білікті мамандар жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру, түркітану мен тенишевтануға деген ғылыми қызығушылықтарды қолдау, ғалымның еңбектерін терең зерттеу бағыттарын саралады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Түркология және тіл теориясы кафедрасы ұйымдастырған конференция нәтижесінде жиынға қатысушылардың баяндамалар жинағы жарық көреді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі