ҚазҰУ-да құқықтанушылар халықаралық форумы аяқталды
Фараби кітапханасында төрт секция бойынша «Құқық – аймақтық экономикалық интеграцияның негізі ретінде» атты II Орталық Азия халықаралық ғылыми-білім беру форумының жұмысы жалғасты. Екікүндік форумға Ресей Федерациясы, Өзбекстан, ҚХР және басқа елдердің ғалымдары мен сарапшылары қатысты.
Форумның екінші күні түрлі тақырыптар бойынша төрт секцияның жұмысы жалғасты. Мәселен, 6-шы секция «Орталық Азия елдеріндегі конституциялық-құқықтық құрылыс» тақырыбына арналды. Модератор ретінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың операциялық қызмет жөніндегі проректоры Еркін Дүйсенов қатысушылар назарын бірқатар құқықтық-конституциялық мәселелерге аударды. 2020 жылы РФ, Армения, Қырғыз Республикасы, Беларусь және Қазақстанда Негізгі заңын айтарлықтай жаңғыртқан конституциялық реформалар өткізілді. Проректор Еркін Дүйсеновтің айтуынша, бүгінде заңнама саласында жекелеген нормаларды, оның ішінде көрші елдер мен серіктестердің конституциялық заңнамасын имплементациялау қажеттілігі туындап отыр.
«Бұл – моральдық-этикалық және құқықтық мәселе. Бұл біздің дәстүрлі рухани құндылықтарымызды сақтаумен байланысты. Беларусь, РФ, Армения, Қырғызстан сияқты төрт елдегі конституциялық реформалар неке-отбасы қатынастарына айтарлықтай әсер етті. Конституцияда «неке – ер адам мен әйел арасындағы одақ» деп жазылған. ЛГБТ қозғалысының күшеюі және бізге бөтен батыс демократиялары жүктеген құндылықтар дәстүрлі Қазақстан үшін жат нәрсе. Сондықтан некенің құқықтық нормасы ретінде еркек пен әйел арасындағы одақ ретінде бекітілуі бір жынысты некеге, атап айтқанда осындай отбасылардың бала асырап алуына байланысты мұндай ағым мен бізге жат нәрселерді құқықтық негізде қабылдауға болмайды», – деді проректор Е.Дүйсенов өз сөзінде.
Сондай-ақ проректор РФ, Белоруссия, Армения және Қырғызстанда ғылымды конституциялық-құқықтық реттеудің едәуір кеңеюіне назар аударды. Конституцияда РФ мемлекеті ғылымның дамуына кепілдік береді әрі жағдай жасайды. «Бізде мұның бәрі 25-баптың бір ережесімен шектеледі, оған сәйкес, сөз бостандығы мен шығармашылыққа кепілдік беріледі. Бұл біздің елімізде ғылымның дамуына серпін беру үшін жеткіліксіз. Егер біз қазақстандық ғылымды одан әрі дамытқымыз келсе, конституциялық-құқықтық реттеу саласын нақтылау және кеңейту арқылы Конституция деңгейінде жағдай жасауымыз қажет», – деп атап өтті Е.Дүйсенов. Сондай-ақ спикер азаматтарды әлеуметтік қорғауға байланысты, атап айтқанда азаматтардың еңбек ету бостандығынан, еңбек ету құқығына қатысты мәселені қозғады.
Секция отырысында Ташкент мемлекеттік заң университетінің Халықаралық құқық және адам құқықтары кафедрасының профессоры Оман Мұхамеджанов сөз сөйлеп, конституциялық құқықтың дамуы мен елдегі болып жатқан экономикалық процестер мен табысты инвестициялық қызмет туралы хабардар етті.
Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының профессоры Дина Баймаханова «2022 жылғы конституциялық реформа – ҚР конституциялық заңнамасын жетілдірудің негізі» атты баяндама жасап, ол ҚР-дағы 2022 жылғы конституциялық реформаның негізгі бағыты адам, яғни азаматтың құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету, кепілдендіру, қорғау екенін атап өтті. «Бұған ҚР сайлау жүйесін дамыту жатады. Атап айтқанда, Мәжіліс енді мажоритарлық және пропорционалды жүйелерді қолдана отырып құрылады. ҚР Конституциялық Кеңесінің орнына ҚР Конституциялық соты құрылды. Енді Конституциялық сотқа ҚР азаматтары тікелей жүгіне алады. Конституцияда ҚР омбудсменінің құқықтық мәртебесінің негіздері бекітілген», – деді профессор.
Сондай-ақ «ҚР-да адам және азамат бостандығының құқығын қамтамасыз ету: теория және практика мәселелері» атты тақырыпта ҚазҰУ-дың Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының профессоры Алуа Ибраева баяндады. Адам құқығы – бұл әрекет ету мүмкіндігі. Ол туғаннан бастап, адамға тән априори. Қазақстан табиғи құқық теориясын дәл осы себептен қабылдайды, ҚР Конституциясының 12-бабында адам құқықтарының абсолютті екені бекітілген. Сондықтан 2022 жылғы конституциялық реформада өлім жазасына мүлдем тыйым салынған», – деді профессор.
Сонымен қатар форум жұмысы аясында тақырыптық секциялар өтті. 9-шы секцияда модератор ретінде з.ғ.д., профессор, Президент академиясы Мемлекеттік қызмет және басқару институты құқықтану жоғары мектебінің деканы, Ресей заңгерлер қауымдастығының басқарма мүшесі Олег Зайцев сөз сөйледі. «ЕАЭО елдері нотариаттарының әріптестігі құқықтық саладағы интеграцияның маңызды факторы ретінде» тақырыбында з.ғ.д., РФ Федералды нотариаттық палатасының президенті Константин Корсик баяндама жасады. Секция барысында з.ғ.д., профессор, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың операциялық қызмет жөніндегі проректоры Еркін Дүйсенов ҚазҰУ ректорының атынан қатысушы қонақтарға естелік сыйлықтар табыс етті. Форум соңында барша қатысушыларға экскурсиялық бағдарлама ұйымдастырылды.
Бұл жиын ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің гранты аясында өткізілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі