«Қыз Жібек» пен «Қобыланды батыр» түрікше сөйлейді!

27 қазан, 2015

Дөңгелек үстелді ф.ғ.д., профессор, академик, Халықаралық Қазақ тілі қоғамының вице-президенті Е.З.Қажыбек аталмыш іс-шараның негізгі бағыттары мен мақсаты туралы баяндай келе, еліміздің танымал түркітанушы ғалымдары, өнер иелері мен шет елден келген қонақтарды таныстырып өтті. Дөңгелек үстелдің ашылу салтанатын Халықаралық Қазақ тілі қоғамының Президенті академик Ө.Айтбайұлы «Құттықтау сөзімен» бастады.

Сөз кезегін Шығыстану факультеті, Түрксой кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., профессор Асқар Тұрғанбаев алды, ол өзі басқарып отырған кафедраның жетістіктері туралы баяндай келе, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы тарапынан 2015 жылы Анкарада жарияланған қазақтың «Қыз Жібек» дастанының түрік тіліндегі жарияланымы туралы, қазақи дастандық өнері мен түркі халықтарының жыраулық, жыр және ақындық өнері туралы баяндап өтті. Атап айтқанда, кафедраның доценті, ф.ғ.к. Е.З.Есбосынов қазақтың «Қобыланды батыр дастанының» аудармасын жасап, осы жылы Анкарада түрік тілінде жарияланғанын атап өтті. «Қобыланды Батыр» дастанының Түркияның Ардахан Университетінің «Манас: Манасшылардың қазіргі ізбасарлары: ақын мен жыраулар, озан мен кайчы, ашыклар» атты Халықаралық ғылыми жобасының грантына жарияланғандығын хабарлады. Бұл екі жарияланым да кафедраның оқытушы-проофессор құрамының үнемі назарында болғандығын, аудармашы-авторларға үнемі кеңес-көмек беріліп отырғандығына рахметін айтты. Сондықтан да екі кітаптың кафедра өмірі мен оқытушы-профессорлық құрамының ортақ қуанышы екендігін, кафедра ұжымының ортақ еңбегі екендігін атап өтті.

Сөз кезегі аудармашы Ерғали Есбосыновқа берілді. Ол аталмыш ғылыми жобаның қашан басталғандығы, қашан аяқталатындығы және қатысушылар құрамымен қысқаша таныстырып өтті: жоба жетекшісі профессор Эрдоған Алтынкайнак, Қазақстаннан Е.Есбосынов, Ресейден Дмитрий Васильев, Якут-Сақа Республикасы атынан Фатих Каракоч, Тува Республикасынан Алина Кара-Сал, Түркиядан Абдуллах Елжан, Гүрхан Чопур мен Окан Өзқара, Қырғыз Республикасынан Сүлеймен Қайыповтардың бар екенін атап өтті. Жоба аясында Қазақстан, Ресей, Түркия және Қырғызстанға тиесілі атқарылған ғылыми жұмыстардың аяқталғандығын, жұмыс нәтижесінің Ардахан Университеті тарапынан жарияланған еңбектер екендігін баяндады.

Дөңгелек үстелге қатысушы құрметті делегаттар арасында Кипр Гирне Американ Университеттері Концорциумының Президенті профессор Серхат Акпынар, Корея Республикасы Ханкук Университетінің Орталық Азия кафедрасының доценті профессор Әлия Құрышжанова мен Кипрдің басқа да жоғарғы оқу орындарының өкілдері мен ғалымдары қатысты.

«Дөңгелек үстелдің» шарықтау шегінде еліміз бен шет елдік бірқатар ғалымдарына Халықаралық Қазақ тілі қоғамының төсбелгісі салтанатты түрде табыс етіліп, Кипр елі мен Халықаралық Қазақ Тілі Қоғамы арасында «Ынтымақтастық Туралы Меморандумға» қол қою рәсімі болып өтті.

«Дөңгелек үстелдің» жабылу салтанатында академик Ө.Айтбайұлы бұл іс-шараның жалғасы қазанның 22-де Қорқыт Ата Университеті базасында, Сыр бойы, Қорқыт Ата кесенесінде Халықаралық конференция санатында басқаша бір реңк пен кеңірек жалғасын табатындығын хабарлады. Сондай-ақ түркітанушы ғалымдарға, кітап авторларына, кафедра ұжымына, шет елдік әріптестер мен түркі өркениетінің жанашырларына мол табыс пен зор денсаулық тілеп, «Дөңгелек үстелдің» қатысушыларын алғыс айтты. Салтанат соңында келген қонақтармен Шығыстану факультетінің «Құтты білік» клубының мүшелері қатысып, ескерткішке фотоға түсті.