ҚазҰУ археологтары культтық мәні бар қабан қорғанын қазды

19 тамыз, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың археологиялық экспедициясы Алматы облысы, Кеген ауданы, Ұзынбұлақ ауылы маңында далалық зерттеу жұмыстарын жүргізді.     

Жоба Алматы облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен «Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталық» КММ қолдауы арқасында қолға алынды.

Ұзынбұлақ ауылы маңындағы тау бөктеріндегі топырақты сонау кеңестік заманнан бері өңір тұрғындары түрлі қажеттілікке пайдаланып келеді. Соңғы жылдары топырақ алу жедел қарқынмен жүзеге асып, оның аумағы бірнеше гектар жерді қамтыды. Әлі күнге дейін жергілікті халық бульдозер, экскаватор және тағы басқа техниканы жалдап топырақ әкетіп жатыр. Топырақ алған кезде жергілікті халық кей жерлерден үнемі адам мен мал сүйектерін тауып алатын. Өткен жылы жоғарыда аты аталған орган өкілдері осындай ақпаратты алған соң қазба жұмыстарына қаражат бөлу туралы шешім шығарып, оны экспедиция мүшелері жүзеге асырды.

Экспедиция жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Досбол Байқонақовтың сөзіне қарағанда, мұндағы қорым апаттық жағдайдағы бірнеше қорғандардан тұрады. Кейбір қорғандар түгелдей жойылып кеткен, бірқатары жартылай бұзылған, т.с.с. Кейбір мүдделі адамдардың тарапынан жасалынуы мүмкін апаттық жайттарды болдырмау үшін ең алдымен бүтін обалар қазылып, түрлі артефактілер (қыш, ағаш қалдықтары, жылқы үзеңгілері, темірден және қоладан жасалған тоғалар), адам қаңқасы мен жан-жануарлардың сүйек қалдықтары қазып алынды. Табылған олжаға қарағанда, қорғандардың басым бөлігі түркі дәуіріне тән. Қорымнан табылған  екі азу тісі сақталған қабанның төменгі жақ сүйегі мандардың қызығушылығын тудырды. Бәлкім бұл жылқының төменгі жақ сүйегі болуы да ықтимал. Егер ол түз тағысына тиесілі болса, онда қазылған қабірден қабан сүйегінің шығуы өте сирек кездесетін құбылыс. Мұның культтық сипаты болғандығы анық.

Еуразия аймағында қабанның азу тісінен жасалған құралдар мен әшекейлер неолит дәуірінен бастап кеңінен кездесе бастайды. Жануардың  бейнесі Қазақстан жартас суреттерінде жиі ұшырасады. Қола дәуірі мен ерте темір ғасырында қабан аулауға шығу жауынгерлер үшін көзсіз ерлік болған еді. Көптеген халықтардың дәстүрлі дүниетанымында қабан тотем ретінде белгілі болды немесе ол ерлерге тән күш-қуатты сипаттады, сондай-ақ өнімді түрде көбеюдің символикалық мәніне айналды.

Ұзынбұлақ қорымы мамандарға Оңтүстік-Шығыс Қазақстанды мекендеген ежелгі түркілерінің материалдық және рухани мәдениеті тұрғысында негіздемелік дереккөз ұсынып отыр.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі