Әл -Фараби кітапханасында өткен кеш
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасы әлемнің екінші ұстазы атанған ғұлама бабамыздың атын иеленген. Мұнда 2,5 млн.-нан астам кітап қоры бар «Әл-Фараби» кітапханасы – еліміздегі ірі кітапханалардың бірі, сонымен қатар ірі білім ошағы ғана емес, әртүрлі ұлт өкілдерінің өз елінің мәдениеті мен тарихы, әдебиеті туралы пікір алмасып, өзге халықтар жайлы мәлімет ала алатын халықаралық дәрежедегі оқу-ағарту орталығы болып табылады. Кітапханада «Әлем елдерінің кітаби мүйісі» атты арнайы кабинет жабдықталған. Кітапхана қызметкерлері өздерінің төл мерекесіне орай атаулы күні кітапханада ауқымды шаралар ұйымдастырды. Білім ошағында «Денсаулық бұрышы» мен «Ауғанстанның мәдениеті мен тарихының» мүйісі ашылды. Аталмыш шара – кітапхана директоры Қалима Туенбаеваның беташар сөзімен, Ауғанстанның Қазақстандағы консулы Садид Рухулах мырзаның құттықтау сөзімен ашылды. Келесі сөз кезегін алған, осы шараның белсенді ұйымдастырушысы университеттің ауғандық магистранты Табан Бесмеллах, Алла қаласа, Ауғанстанда Қазақстанның мәдениеті мен тарихына арналған орталықтың келесі жылы Ауғанстанда ашылатынын ресми түрде мәлімдеді.
Өз кезегінде кітапхана директорының орынбасары Жадыра Арекенова ханым халықтар ынтамақтастығын нығайта түсуге арналған инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында ұйымдастырылған шараның маңызына тоқтала келе, екі елдің азаматтарына оқуда, ғылымда, өмірде шығармашылық табыс тілей отыра, университетіміздің әлемдік деңгейде білім көшбасшысына айналуына қазақстандықтардың баршасын өз үлесін қосуға шақырды. Бұл игі шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына кітапхана қызметкерлерінің оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ақмарал Джаманкозова, кітап сақтау қорының меңгерушісі Рымхия Кипчакбаева, бас кітапханашы-менеджер Нұржамал Ерменбаеваның сіңірген еңбектері зор болды. Ресми шараны кітапхана қызметкерлері ұлттық нақышта ұйымдастыра білгені келген қауымға өте ұнады. Шара барысында домбыра шанағынан күй төгіліп, халқымыздың айтулы ақыны Қадыр Мырза Әлінің «Шетелдіктерге қазақтарды таныстыру» өлеңі шырқалды. Екі елдің достығын танытып, қазақ-ауған халқының ұлттық костюмін киген кітапханашы қыздарымыз да мәдени шараның шырайын ашып, салтанатын арттыра түскен. Мәдени шараның соңы кітапхананы аралап, оқу залдары мен электронды кітапхана бөлімін, ғаламтор залын таныстырған саяхатқа ұласты.
Р.НАРАЛИЕВА, М.ӘМІРҚАНОВ, Г.САПАЕВА, ҚазҰУ-дің оқытушылары.