Айқын

5 қараша, 2015

Журналистерге арналған семинар

Журналистерге арналған семинар Қарағанды, Астана және Алматы қалаларында «Жастар продюсерлік орталығы» қоғамдық бірлестігі жаңа медиа тақырыбына арналған бірнеше семинар өткізді.

Аймақтық БАҚ-тарға арналған алғашқы семинар Қарағанды қаласынан бастау алды. 21-22 қыркүйек күндері қалам мен микрофонды «қару еткен» журналистер үшін интернеттегі оқырманға немесе көрерменге арналған мақаланы, болмаса, өзекті сюжетті сапалы дайындаудың жолдары мен дұрыс тарата білудің тәсілдері, осы материалдарды әлеуметтік желі арқылы «жарнамалаудың» тәртіптері туралы семинар өтті.

Семинар тренерлері, атап айтсақ, Еуразиялық перспективті проблемаларды зерттеу орталығының директоры, саясаттану PhD докторы Талғат Қалиев пен мультимедиа саласындағы білікті журналист Ботагөз Омар дәстүрлі БАҚ пен онлайн-жобалардың айырмашылықтарын айтып берді. Ал семинар аясындағы практикалық сабақтардың арқасында шараға қатысушылар «Маэстро тұжырымдамасының» қалай жұмыс істейтінін біліп, тұтастай бір редакцияның жұмысы жеделдік пен сапаны үйлестіре ала ма деген сұрақтардың жауабын іздеді.

Елордада семинар қатысушылары Bestnews.kz ақпарат агенттігінің құрылу тарихымен танысып, агенттіктің жұмыс істеу принциптері, оқырманға жедел әрі нақты ақпарат берудің қиындығы туралы көріп-білген еді. Агенттіктің бас редакторы Жанар Сердалина қызық оқиғаларды баяндап, эксклюзив жаңалықты қайдан табуға болатынын, ақпараттың тақырыбы мен суретi қандай рөл атқаратынын айтып берді.

Ал 1 қазан күні Алматы қаласында «Азаматтық журналистиканы дамыту. Ақпарат жасауда жаңа медиа-құралдардың алатын орны. Мультимедиалық журналистикада Твиттерде, ВКонтакте, YourVision, Facebook және Kiwi құралдарын пайдалану мен ақпаратты интернет кеңістігінде тарату» тақырыбындағы семинардан басқа, «Қазақстанда БАҚ саласындағы заңнама» тақырыбы бойынша дәріс тыңдалды.

«Әділ сөз» қорының ақпараттық даулар жөніндегі қоғамдық сараптама орталығының жетекшісі Ғалия Әженова тренер ретінде өмірде болған жағдайларды мысалға ала отырып, журналист өз құқығын қалай қорғау керектігін, Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерді, жалпы, жала жабу, ар-намысқа тию мен жалған ақпарат берудің неге әкеліп соғатынын айтып берді. Бұл семинарға қатысқан БАҚ өкілдеріне, студенттерге (Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттері) арнайы сертификаттар табысталды.

Жалпы, бұл семинарлар қорытындысына келер болсақ, онлайн-жобалар, тіпті инфогра-фика мен шағын бейнематериал арқылы ғана халыққа қызықты ақпарат ұсынып қоймай, жастарға, қоғамға білім беру функциясын да атқара алатынына көз жетіп отыр. Ең бастысы, көштен қалмай жұмыс істеу.