«WMO-CIMSS Forecaster Training on Satellite Meteorology Data and Applications» халықаралық тренингіFarabi University

«WMO-CIMSS Forecaster Training on Satellite Meteorology Data and Applications» халықаралық тренингі

23 қыркүйек, 2024

6 және 13 ТДМ жүзеге асыру шеңберінде 2024 жылдың 18-19 қыркүйегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ география және табиғатты пайдалану факультетінде «WMO-CIMSS Forecaster Training on Satellite Meteorology Data and Applications» атты халықаралық тренинг өтті. Бұл шараға Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Қырғызстан, Молдова Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген жас ғалымдар мен студенттер қатысты.

Тренингтің мақсаты – қатысушыларға метеорологияда спутниктік деректерді қолдану бойынша жан-жақты білім мен практикалық дағдылар беру. Тренинг барысында қатысушылар спутниктік мәліметтерді қолдану арқылы зертханалық жаттығуларды орындап, практикалық тәжірибелерін арттыра түсті. Тренингті жоғары деңгейдегі мамандар: Висконсин-Мэдисон университетінің зерттеушісі Тим Вагнер және Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның ғарыш жүйелері бөлімінің жетекшісі Наталья Донохова жүргізді. Бұл халықаралық тренинг Жер туралы ғылымдағы жаңа байланыстар мен тәжірибе алмасуды дамытуда маңызды қадам бола отырып, аймақтағы елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.

Бірінші күні қатысушылар метеорологияның спутниктік теориялық аспектілеріне, электромагниттік спектрге, көрінетін және микротолқынды арналарына, сондай-ақ геостационарлық және полярлық спутниктердің жұмысына терең үңілді. Практикалық сабақта SSEC RealEarth платформасын пайдаланып, бұлттар мен жауын-шашынды талдау қарастырылды. Екінші күн гидрометеорологиядағы қауіпті құбылыстар мен су тасқыны сияқты өзекті тақырыптарға арналды.

Тренингтің соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға тәжірибе алмасу мүмкіндігі үшін алғыстарын білдірді. Барлық қатысушылар метеорологиядағы кәсіби дамуы мен мансабында маңызды қадам болып табылатын қатысу сертификаттарын алды.