ҚАЗАҚСТАН МЕН КУБА АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ БЕКИ БЕРМЕК
Жақында елімізге ресми сапармен Куба Республикасы Ғылым академиясының вице-президенті Фидель Кастро Диас-Баларт келіп кетті. Куба Республикасы мемлекеттік кеңесінің ғылым мәселелері жөніндегі төрағасының және Министрлер кеңесінің кеңесшісі кубалық делегациямен бірге әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде және Ғылым ордасында бірқатар ғалымдармен жүздесті.
Делегация құрамында кіші Ф.Кастроның әйелі Мария Барреиро Давалос пен көмекшісі Дуглас Пардо Месиа болды. Кубаның мемлекеттік қайраткері Фидель Кастроның ұлы Фидель Кастро Диас-Баларттың Қазақстанға жасаған ресми сапары Қазақстан мен Куба арасындағы ғылым және жоғары технология саласында тәжірибе алмасу және өзара ынтымақтастықтың болашағын талқылау мақсатын көздеді.
Жиын басында Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов кубалық қонақтарды қарашаңырақтың тағылымды тарихымен қысқаша таныстырды. Басқосу барысында кубалық қонақ болашақта екі ел арасында нано және биотехнология бойынша тәжірибе алмасуға ұсыныс білдіріп, жаңа технология ғасырындағы Кубаның медицина саласындағы жетістіктері туралы әсерлі әңгімелеп берді.
– Қазақстан ғалымдары бізді құшақ жая қарсы алды. Қазақстан қазіргі таңда күннен күнге көркейіп келе жатқан мемлекет. Болашақта екі елдің экономикасы мен ғылымдарының дамуы үшін көптеген жұмыстар жүргіземіз деп ойлаймын, – деді Фидель Кастро Диас-Баларт.
Жиын барысында қазақстандық бір топ ғалым еліміздің дамуы үшін мұндай халықаралық байланыс орнатудың маңыздылығын атап өтті.
– Бүгінгі таңда Куба фармацевтика саласында үлкен жетістіктерге жеткен. Біздің елімізде де бұл салада қызмет етіп жүрген бірқатар мамандарымыз бар. Қазақстанда құрамында дәрі-дәрмек бар өсімдіктер өседі. Ал, Кубада ол жағы жетіспейді. Сондықтан, екі мемлекет арасында осындай байланыс орнатуға келістік, – деді академик Мұрат Жұрынов.
Естеріңізге сала кетсек, 2012 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Куба медицинасын әлемдегі ең мықты медицина деп мәлімдеген болатын. Осыдан жиырма жыл бұрын Гаванада екі мемлекет арасында ғылым мен мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған еді. Жақында Білім және ғылым министрлігімен де осындай келісім жасалды.
Жиын соңында академик Мұрат Жұрынов Фидель Кастро Диас-Баларттың Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының құрметті мүшесі болып қабылданғанын мәлімдеп, иығына шапан жапты.
– Бұл – менің Қазақстанға екінші сапарым. Бұдан бұрын Астанада болдым. Ғалымдармен әңгімелесіп, ой-пікір алмастық. Бұл болашақта екі жаққа пайдасын тигізері сөзсіз. Біз қымыз ішіп, бауырсақ пен асқан еттен дәм таттық. Асқар тауы аспанмен астасқан, табиғаты флора мен фаунаға бай Қазақстан жүрегімде жылы әсер қалдырды. Мен туристерге осында келуге ақыл айтар едім, – деді өз әсерімен бөліскен Фидель Кастро Диас-Баларт.
Қазақстан мен Куба арасындағы достық қарым-қатынастағы халықаралық байланысты ауызға алғанда Бауыржан Момышұлы мен Дінмұхамед Қонаев тәрізді тұлғалардың есімі есіңізге еріксіз оралады. 1963 жылы Фидель Кастроның шақыруымен Куба еліне сапар шеккен Бауыржан Момышұлы өзінің «Куба әсерлері» атты кітабында оқырмандармен ой бөліскен. Сондай-ақ, Фидель Кастроның Қазақ КСР Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевпен жақын араласқандығы тарихтан аян. Бұған Фидель Кастроның Дінмұхамед Қонаевқа естелік ретінде тарту еткен мылтығы нақты дәлел. «Құрметті досыма» деп жаздырып, қолын қойған бұл мылтық қазіргі таңда Дінмұхамед Қонаев мұражайында сақталып тұр.
Болашақта тау тұлғаларымыз кірпішін қалаған достық пен ынтымақтастық қос мемлекеттің мерейін өсіре бермек.