Жоғары білімділер көп, нағыз білімділер аз

11 қазан, 2024

1. Сіздіңше, ЖОО-ның «Үздік оқытушысы» қан­дай болуы керек? Қандай талаптарға (пе­да­гогикалық, психологиялық) жауап беруі тиіс? 
2. Пәніңіз бойынша оқу бағдарламасы көңі­лі­ңізден шыға ма? Сіздің ойыңызша, оны же­тілдіру үшін не істеуге болады? 
3. Білікті маман даярлауда қандай озық тұс­та­рымыз бар, атай аласыз ба? 
4. Жастардың білім деңгейі көңіліңізден шыға ма? 
5. «Қоғам сауатсызданып барады» деген көз­қараспен келісесіз бе?


Әсет ҚҰРАНБЕК, философия ғылымының кандидаты, Философия кафедрасының меңгерушісі:

1. Университеттің «Үздік оқы­ту­шысы» оқу-тәрбие үдерісінің ті­келей ұйымдастырушысы, ға­лым, зерттеуші, практик, но­ва­тор, әдіскер, өзге де емес, ең алдымен оқытушы болуға тиіс. Оқытушы осы аталған функ­­цияның бәрін орындай алады, тіпті шеберліктің шыңы­на жеткендері де көп болуы мүм­кін. Мұны әбден құптауға бо­лады. Дегенмен кейінгі кез­дерде дәл осы педагогикалық құзыреттілікті, яғни пәнді те­рең білу, жастармен жұмыс іс­тей білу, студенттерге деген сүйіспеншілік пен құрметті екін­ші қатарға ығыстыру үрдісі байқалуда. Әрине, сапалы білім беру оқытушылардың бә­рінің функционал жауап­кер­ші­лігі, бірақ біз ең маңызды дүние жайында ой қозғап отырмыз. Осы жоғарыда атап өткен си­паттамалар, демек, студент­тер­дің оң пікірлері мен жеткен кәсіби жетістіктері жоғары оқу орнының үздік оқытушысы орындауға тиіс талаптар екенін білдіреді.

2. Жалпы алғанда, қанағат­та­нарлық деңгейде. Сонымен бірге мынадай кемшін тұстар да жоқ емес:

– ПОӘК (пәннің оқу-әдісте­ме­лік кешені), силлабус т.б. ба­сым­дық беретін фор­ма­лизм­дер бар. «Бұл құжаттарды же­тілдіріп, дамытып, қатаң ба­қылау алғаннан білім сапасы артты ма?» деген нақты тәжі­ри­белік зерттеулерді қажет ететін сауал туындайды;

– қазақ тілінде дайындалған оқу құралдары мен оқулықтар жетіспейді, әлемдік деңгейдегі ғалымдардың түпнұсқа мәтін­де­рінің қазақ тіліне аударылу деңгейі елімізде тым төмен;

– креативтілік, шығармашы­лық, сыни ойлауға толыққанды мән берілмеген, жаттанды бі­лім үстемдік етіп отыр.

3. Білікті маман даярлау – аса жауапты жұмыс. Біз мұны жақ­сы түсінеміз. Сондықтан бүгінгі заман талабына сай кә­сіби маман әзірлеу үшін озық әдіс-тәсілдерге, заманауи тех­но­логияға иек артамыз. Бұл жа­ғынан біздің университет көш­басшы оқу ордасы деген аты­на лайық. Әйтсе де қоғам­да  жаттанды білімге басым­дық беру сақталып келеді, тес­ті­лер, орындалған өзіндік жұ­мыс­тар білу үшін емес, «балл жинау үшін оқу», бірін-бірі қайталау симулякрлары, білім емес, тіл үйренуге басымдық беріп, тілді меңгеруді білім­ді­лік­пен шатастыру (тілді мең­ге­ру тек қана алғышарт) белең алып отыр. Осындай мәселе­лер­мен етене жұмыс істеген жөн. Өйткені қоғамды білікті мамандармен қамтамасыз ету – біздің тікелей міндетіміз. Сон­дықтан қай салада болсын жауаптылық қажет.

4. Бұрынғымен салыстыр­ма­лы түрде жастар білімді, ал өркениетті елдермен са­лыс­тыр­ғанда көңілден шықпайды. Жастардың білім деңгейінің көңілден шықпайтыны сонша – кейде барлық мамандық үшін дайындық курсын, foundation course енгізу қажеттілігі ту­ра­лы ой келеді. Әрине, бірінші курс­та суырылып алға шы­ға­тын дарынды студенттер бар, сөйтсе де, мектеп бітіру­ші­лердің жалпы деңгейін «тест тапсырмаларының дұрыс жа­уап­тарын сәтті болжаушылар» деп анықтауға болады. Бұл жа­һан­дық мәселе, оны шешу жо­ғары оқу орнының еншісіндегі ғана іс емес. Жоғарыда айт­қа­ны­мыздай, тілді меңгеруге (әсі­ресе ағылшын) басымдық берілгені соншалық – «білімді болу – ағылшын тілін меңгеру ға­на» деген ұстанымдар кез­де­седі. Жастар үстірт білім мен тәжірибеге көбірек көңіл ауда­ра­ды, теориялық-әдіснамалық бағ­дар, классикалық білім мен классикалық ғылым жағына баса назар аудара бермейді. Ақпараттық желілерден білім алуына сәйкес, кейде кей мә­селелер бойынша «тик-ток» бі­лімдерге ұмтылушылық та кез­десіп қалады. РhD ғалымдарға қойылатын талаптар жоғары емес, ал жоғары деп танылған та­лаптар мен ережелер белгілі бір шартты рәсімдерді орын­дау шеңберінде ғана қарас­ты­рылып, бағаланады. Оның объективті себептері де бар: оқу мерзімінің қысқалығы, ба­ға­лаушы-сарапшы талап­тары­ның қатаң еместігі, қаржылық қиыншылықтар және өзге де қордаланған түйткілдер.

Әрине, бұрынғы жағдайға қарағанда елімізде жоғары білімділер саны өзге өркениетті мемлекеттердің көбімен са­лыс­тырғанда барынша жоға­ры­рақ, қоғам ақпараттық желі­лер арқылы барлық мәліметтен хабардар.

Екінші бір қырынан алғанда, жалпы әлемдегі классикалық білімге деген ұмтылыстардың болмауын – оған еліктеп, сол қалпында оны озық үлгі ретінде қабылдаушылық та бар. Бүгінгі біз ХІХ ғасырлардағы «де­ка­данс», «нигилизм» құбы­лыс­та­рын бастан өткізіп отырғандай бо­ламыз. Ол келесі кезекте карнавалдандыру, бұқаралық мәдениеттендіру, субъ­куль­тура­ландыру т.б. постмо­дер­нистік мәдениет элемент­те­рімен сабақтасты. Үшіншіден, кеңес дәуіріндегі «адамның барлығының тең болуы» деген стереотип басым, ол білімді мен білімсіздіктің қатаң дихо­то­миясын жоюға ұмтылдырған еді. Қазір де осы беталыс кез­де­седі. Осыған орай, «жоғары білімділер көп, бірақ нағыз білімділер аз» деген парадокс пайда болды.

Қоғамда білім мен ғылым құн­дылығы дәріптел­меген­дік­тен, ең бастысы, «білім емес, өмір сүруге бейімделу» деген ұғым басты құндылыққа ай­налды. Білім мен ғылым өмір сү­рудің құралы болмай шықты. Тек қана шартты құжаттар (дип­лом, курстан өткізілген сер­тификат т.б.) маңызға ие бол­ды, қазіргі таңда олар да өзіндік мәнділігін төмендетіп келеді.

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ