Психология ғылымын дамыту мәселелері қаралды

6 қараша, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білім ордасының 90 жылдығына және профессор Құбығұл Жарықбаевты еске алуға арналған «Психология ғылымы және білім беру: тарихтан – болашаққа» тақырыбында II Жарықбаев оқуларының халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Конференцияға Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Финляндия, Өзбекстан және басқа елдерден ғалымдар мен сарапшылар, ҚазҰУ және басқа да ЖОО оқытушылары мен студент жастар қатысты.

Алқалы жиында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың конференция қатысушыларына арналған құттықтау сөзін  ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алтай Қазмағамбетов оқып берді.

Университет басшысының хатында көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, ұлы педагог, педагогика және психология ғылымдарының докторы, Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Ы.Алтынсарин және А.Байтұрсынов атындағы сыйлықтардың лауреаты, профессор Кұбығұл Жарықбаевтың ұлттық психология саласына сіңірген елеулі еңбектері ерекше атап өтілді.

 «Ұлы ақын Абай «Нағыз лайықты жан адамзат үшін еңбек етеді» дегендей,  Кұбығұл Бозайұлы қазақ қоғамына психология идеяларын таратқан белсенді тұлғалық ұстанымы бар ірі  ғалым болды. Қос бірдей ғылымды меңгеріп, педагогика және психология ғылымдарының докторы дәрежесін алған бірегей ғалым. Отандық және ТМД елдері психологиясының дамуына үлес қосты. Ғылыми мектептің негізін қалаушы Құбығұл Жарықбаевтың жетекшілігімен 4 ғылым докторы, 18 ғылым кандидаты  және 1 PhD докторы диссертациялық жұмыстарын сәтті қорғады. Қазақстанда психология мен этнопедагогика тарихының бағытын құрды, 1000-нан астам еңбектің авторы», – делінген хатта.

Жиында Қырғыз-Ресей білім академиясының ректоры, Қырғызстанның еңбек сіңірген білім қызметкері, Қырғызстан Ұлттық психологтар қоғамының төрағасы, психология ғылымының докторы, профессор Чинара Шакеева, педагогика ғылымының кандидаты, ҚазҰУ ардагері, профессор Жолмұхан Түркпенұлы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор Зулхаир Гаипов және басқа да ғалымдар сөз сөйлеп, баяндама жасады.

Конференция барысында Қазақстандағы және шетелдегі психология мен педагогика тарихының мәселелері, Қ.Жарықбаевтың идеялары контексіндегі ғылымның өзекті бағыттары талқыланып, ғалымдар қолданбалы психологиялық зерттеулердің нәтижелерімен бөлісті және ғылыми-зерттеу тәжірибелерімен алмасты. Сондай-ақ жиында адамдардың психикалық денсаулығы мен психологиялық әл-ауқатын сақтау, педагогика мен психологияда жасанды интеллектіні қолдану мәселелері қаралды. Конференция нәтижесінде жиынға қатысушылардың материалдар жинағы шығарылатын болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі