«Сапалы білім» ТДМ аясында шығыстану факультетінің профессоры Түркияға ғылыми сапармен барып келді

15 қараша, 2024

2024 жылдың 21-31 қазан аралығында  «ТДМ 4. Сапалы білім» бағдарлама аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Зубайда Шадкам Ыстамбұл қаласына (Түркия Республикасы) іссапармен барып, маңызды ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Ынтымақтастық және ғылыми зерттеулер. Іссапар барысында профессор Шадкам Ыстамбұл Университетінің Түркі ғылыми-зерттеу институтында (İstanbul Üniversitesi Türkiyat Araştırmaları Enstitüsü), Фараби Еуразиялық ғылыми-зерттеу орталығында (Farabi Avrasya Çalışmaları Uygulama ve Araştırma Merkezi) және университет кітапханасының бай қорларында жұмыс жасады. Ыстамбұл университетінің Қолжазба шығармалар және құжаттар кітапханасында сақталған 20 мыңға жуық түркі, араб, парсы және басқа тілдердегі қолжазбалар әлемдік ғылыми мұраның асыл қазынасы болып табылады. Олардың 8 мыңнан астамы сандық форматқа көшірілген.

Қол жазба шығармалар және құжаттар кітапханасының  жетекшісі Мұхаммед Зангали профессорға қажетті қолжазбаларды іздестіруде ерекше қолдау көрсетіп, олардың сандық көшірмелерін алу мүмкіндігін қамтамасыз етті. Алдағы уақытта ортақ жобалар мен іс шаралар өткізуге келісілді.

Конференция және халықаралық байланыс.Сапар аясында профессор Зубайда Шадкам Ыстамбұл университетінің Түркият зерттеулері институты ұйымдастырған “Қазақстандағы араб әріптерімен жазылған түркі тіліндегі жазбалар” тақрыбында баяндама жасады.  Баяндамада араб әріптерімен жазылған түркі тіліндегі жазбалардың Қазақстан мәдени мұрасының бірегей бөлігі ретінде маңыздылығы, сондай-ақ олардың ислам мәдениеті, ғылым және білім саласындағы тарихи рөлі жан-жақты талқыланды. Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейін мұндай мұралардың маңыздылығын тереңірек түсініп, оларды сақтау және зерттеу бойынша жұмыстарды күшейткені ерекше атап өтілді.

Ыстамбул университеті кітапханаларынан басқа, іссапарда ISAM (Ислам зерттеу орталығы) кітапханасы, Сұлеймание кітапханаларындағы қол жазба кітаптармен де танысып зерттеу тақрыбына тиісті деректермен зерттеу жұмыстары жасалды. Осы қорлардан араб, парсы, осман тілінде 7 құжатты pdf түрде алып келді.

Проф.Зубайда Шадкамның бұл сапары Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени және ғылыми ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерген маңызды қадам болды. Ыстамбұлдағы зерттеулер мен конференция барысында алынған мәліметтер мен материалдар Қазақстанның рухани мұрасын одан әрі зерттеуге және сақтау бағытындағы жұмыстарға тың серпін беретіні сөзсіз. Бұл іссапар Қазақстанның әлемдік ғылыми қауымдастықтағы орнын нығайтып, болашақта мәдени мұраларды зерттеуде халықаралық жобалардың көбеюіне жол ашады.

 

14.11.2024

Кайранбаева Н.Н.