ҚазҰУ ғалымы беделді сыйлыққа ие болды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінің қауымдастырылған профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты Мерлан Досболаев 2024 жылы Азиат-Тынық мұхиты физикалық қоғамының (AAPPS-DPP Prize 2024) беделді сыйлығына ие болды.
Бұл сыйлық ғалымның «Импульстік плазма ағынының әсерінен термоядролық реакторларға үміткер материалдардың бетіндегі жарықтар мен әртүрлі ақаулардың пайда болуы мен таралуын зерттеу» атты ғылыми еңбегі үшін берілді.
Профессор М.Досболаевтың бұл жұмыс қорытындысы Малайзияның Малакка қаласында өткен плазма физикасы бойынша халықаралық конференциясында таныстырылды. Жоба термоядролық реактордың ішкі қабырға материалдарының плазмамен өзара әрекеттесу мәселелерін зерттеуге арналған еңбегі плазма физикасы мен плазмалық технологиялар саласындағы маңызды әрі өзекті зерттеу ретінде танылды.
Азия-Тынық мұхиты физикалық қоғамының (AAPPS-DPP) плазма физикасы бойынша халықаралық конференциясы – плазма физикасы саласындағы ғалымдардың ірі ғылыми форумы. Бұл конференцияға Азиат-Тынық мұхиты аймағының, АҚШ пен Еуропаның 500-ден астам жетекші ғалымдары қатысады.
М.Досболаев ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері, жас және талантты ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның үш мәрте иегері. 2016 жылы Thomson Reuters-тің беделді «Ғылым көшбасшысы» сыйлығымен марапатталған. Ғылыми қызығушылықтары: басқарылатын термоядролық синтездің ғылыми және технологиялық мәселелері, төмен температуралы плазманы алу және диагностикалау әдістері, тозаңды-плазмалық түзілімдерді эксперименттік зерттеу, плазмалық қозғалтқыштардың жаңа түрлері. 2015 жылы Айдын Айымбетовтің ғарышқа ұшуы кезінде Халықаралық ғарыш станциясында «Плазмалық кулондық кристалл» экспериментін ұйымдастыру және іске асыруға белсенді қатысқан. 150-ден астам халықаралық рецензияланған журналдарда жарияланған ғылыми жұмыстардың және ҚР 10 инновациялық патентінің авторы. Хирш индексі = 12.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі