Қазақ жерінен шыққан ғалымдар мұраларының Түркия мұрағаттарында сақталуы
2024 жылы 4-22 қараша аралығында AP22686474 «Қазақ даласы ойшылдарының әлем мұрағаттарындағы арабтілді дереккөздер антологиясы» жобасы аясында жоба жетекшісі А.Ш. Жамашев Түркия қалаларына ғылыми іссапарға шығып, қолжазба қорлары бар кітапханалар мен мұражайларда зерттеу ізденістерін жасады, маңызды тарихи, мәдени орталықтарды аралап, белгілі маман, зерттеушілермен пікір алысты.
Кониа қаласында қолжазбалар сақталған Кониа қолжазбалар кітапханасы, Койуноғлу қала мұражайы мен кітапханасы бар. Аталған кітапханалардың электронды және қағаз каталогтармен қарастырып, зерттеу тақырыбына қатысты жазбалар табылды. Соның ішінде Түркістан, Сайрам, Фараб, Итқан, Кердер, Сығанақ, Испиджаб ғалымдары мұраларының бірнеше нұсқасы сақталған. Сонымен қатар, Мәулана Жалалуддин Румидің мазарын зиярат етіп, Мәулана мұражайына баруға, Кониа археологиялық мұражайынан мыңжылдық тарихы бар көне жәдігерлермен танысуға мүмкіндік туды.
Зерттеу жобасы аясында Стамбул қаласындағы Сулеймание кітапханасы мен Мемлекет мұрағатына бардық. Сүлеймание кітапханасында Ахмет Иасауи хикметтерінің көптеген нұсқалары, қазақ ғалымдарының сирек қолжазба еңбектері бар. Қарашаның басында халықаралық Tuyap кітап көрмесі ұйымдастырылды. Аталған көрме аясында жаңа кітаптардың таныстырылымы, барлық жас категорияларына арналған шаралар, библиотерапия, каллиграфия шеберлік сабақтары болды, зерттеушілер мен әлемдік баспа өкілдері бас қосты. Рами кітапханасында 18 қарашадан бастап «Самарқандтан Стамбулға дейін Али Құсшы мен оның әлемі» қолжазба көрмесі ашылды. Іссапарда аталған көрмелерге қатысып, зерттеушілермен пікір алмастық.