I Қазақстан жас ғалымдарының «Жас Сәтбаевшылар» конгресі аясындағы көрмеFarabi University

I Қазақстан жас ғалымдарының «Жас Сәтбаевшылар» конгресі аясындағы көрме

25 қараша, 2024

2024 жылдың 21-22 қарашасында Алматы қаласында I Қазақстан жас ғалымдарының «Жас Сәтбаевшылар» конгресі аясында ғылыми жетістіктердің ауқымды көрмесі өтті. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырған бұл шара көрнекті ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналды. Конгресс жас ғалымдардың бірегей әзірлемелері мен жобаларын ұсыну мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінен келген зерттеушілерді біріктірді.

Конгресстің басты мақсаты – жас ғалымдар арасында тәжірибе және идеялар алмасуды қолдау, сондай-ақ зерттеулер мен инновациялар саласындағы бастамаларды дамыту болды. Іс-шара аясында пленарлық мәжілістер, секциялық талқылаулар және қазіргі заманғы ғылымның маңызды мәселелеріне, оның ішінде экология, биотехнология, цифрландыру және энергетика салаларына арналған тақырыптық дөңгелек үстелдер өтті.

Іс-шарада Қазақстанда ғылымды дамыту перспективаларына, жастарды ғылыми-зерттеу қызметіне тартуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды.

Ғылыми жетістіктер көрмесінде биология, химия, физика және басқа да салалар бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жас ғалымдарының озық әзірлемелері мен инновациялық жобалары ұсынылды. Бұл көрмеге биология және биотехнология факультеті биотехнология кафедрасының аға оқытушысы, PhD Абдулжанова Малика Анварбекқызы қатысты. Ол микрокапсулаланған пробиотиктері бар «Арғымақ» сүт өнімдерін ұсынды. Оның жобасы қазақстандық жас ғалымдардың отандық және әлемдік ғылымды дамытуға қосқан үлесінің жарқын мысалына айналды.

Көрме қазақстандық жас зерттеушілердің үлкен ғылыми әлеуеті мен олардың инновацияларға деген ұмтылысын көрсетті. Қатысушылар көптеген қонақтарды шабыттандырып, қазақстандық ғылымның болашағы сенімді қолда екенін дәлелдеді.