ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ОҚЫТУШЫ ПРОФЕССОРЛАРЫНЫҢ ПІКІРІ
КӘСІПТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ –
ЕЛ БОЛАШАҒЫНЫҢ НЕГІЗІ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту қажеттігін ерекше атап өтті. Білім беру саласы – еліміздің тұрақты экономикалық дамуының негізгі тірегі және еңбек нарығының сұранысына жауап беретін кадрларды даярлаудың іргетасы.
Мемлекет басшысы еңбек адамының беделін арттыру үшін ауқымды іс-шаралар мен маңызды жобалардың жүзеге асырылатынын айтты. Бұл ретте техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын дамыту мәселесіне жеке сектордың белсенді араласуы қажет екенін ерекше атап өтті. Осыған орай, бизнестің бұл салаға тартылуын ынталандыру мақсатында кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарына арналған мемлекеттік тапсырыстың көлемі айтарлықтай артады. Биыл бюджеттен бұл мақсатқа қосымша 22 миллиард теңге бөлінбек. Сонымен қатар әр аймақтың қажеттіліктеріне сай мамандар даярлау мәселесі де назардан тыс қалмайды. Президент әкімдерге үлкен жауапкершілік жүктеп, кәсіпкерлермен бірлесіп, өңірге қажетті мамандықтардың тізімін анықтау, сондай-ақ колледждерге бағыт-бағдар беру қажеттігін баса айтты. Бұл қадамдар аймақтардың экономикалық әлеуетін арттыруға, жұмыссыздықты азайтуға және жастардың бәсекеге қабілеттілігін көтеруге мүмкіндік береді.
Президенттің айтуынша, соңғы жылдары мемлекет ғылымға бөлінетін қаражат көлемін айтарлықтай арттырды. Білім беру мен ғылымды қаржыландыру алдағы уақытта да дами береді. Алайда бұл қаражат нақты мақсатқа сай жұмсалуы керек. Мемлекет басшысы бюджет қаржысын сапалы әрі сұранысқа ие зерттеу жүргізетін университеттер, институттар мен ғалымдарға бөлу қажеттігін ерекше атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының ұжымы Мемлекет басшысының осы бастамаларын толығымен қолдайды. Техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы реформалар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді. Ұжым бұл бастамалардың сапалы орындалуы үшін өз үлесін қосуға дайын екенін білдіреді.
Айша БЕГАЛИЕВА,
ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы
БАНКТЕРГЕ ҚАТЫСТЫ БАСТАМАНЫ ҚОЛДАЙМЫН
Бүгінгі экономикада қысқа мерзімді жоспарлау әлдеқайда тиімді. Ұзақ мерзімді жоспарлаудан гөрі тоқсан сайын, жартыжылдық немесе бір жылдық жол карталарын әзірлеп, нақты қадамдарды анықтап жұмыс істеген дұрыс. Бұл жоспарлардың іске асуын бақылауды жеңілдетеді және тиімділікті арттырады. Президенттің орынсыз шығындарды қысқарту жөніндегі тапсырмасын ерекше тапсырма деп білемін. Өйткені атқарушы органдар қажетсіз шығындарға қаражат жұмсауды тоқтатуы керек. Оның орнына халыққа нақты пайда әкелетін жобаларды қолға алғаны жөн. Конференциялар мен жиындардың санын азайтып, оларды негізінен онлайн форматта өткізу арқылы бюджет қаражатын үнемдеуге болады.
Мен сарапшы ретінде Президенттің екінші деңгейлі банктерге қатысты бастамасын қолдаймын. Банктер кезінде мемлекеттен үлкен қолдау көрді. Енді олар шаруа қожалықтары мен шағын және орта кәсіпорындарға, әсіресе өнім өндіру мен қызмет көрсету салаларында жұмыс істейтін субъектілерге көмек беруі керек. Бұл қысқа мерзімді төмен пайызбен несие беру сияқты нақты қолдау шаралары арқылы жүзеге асуы мүмкін. Осы бағыттағы реформалар Қазақстан экономикасының тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға үлкен үлес қосады.
Ғалымжан КЕРІМБЕК,
Қаржы және есеп кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымының кандидаты
ҒЫЛЫМҒА БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫ ТИІМДІ ИГЕРІЛУІ ТИІС
Үкіметтің кеңейтілген отырысы еліміз үшін маңызды саяси-экономикалық оқиғалардың бірі болды. Отырыста мемлекеттің экономикалық жағдайы, энергетика саласындағы бастамалар, аймақтардың дамуы және халықтың әл-ауқатын арттыру сияқты мәселелер қаралды. Бұл тақырыптардың әрқайсысы қоғам үшін өзекті әрі олардың шешілу жолдары көпшілікті алаңдататыны сөзсіз.
Қазіргі жаһандық экономикалық тұрақсыздық жағдайында Қазақстан үшін инвестициялық ахуалды жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және экономиканы әртараптандыру өте маңызды. Президенттің бұл бағыттағы тапсырмалары орынды. Алайда экономиканы әртараптандыру сөз жүзінде қалып қоймай, нақты өндірістік секторларға басымдық берілуі тиіс. Шикізатқа тәуелділіктен арылып, жоғары технологиялық салаларға инвестиция тарту – басты міндеттердің бірі. Егер бұл бағытта жүйелі әрі нақты қадамдар жасалмаса, экономикалық өсім уақытша ғана сипатқа ие болады.
Цифрлық технологияларды жан-жақты енгізу – заман талабы. Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл мәселенің көтерілуі орынды, себебі Қазақстанның экономикалық өсімі мен жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі цифрландырумен тікелей байланысты. Алайда бұл процестің дұрыс әрі тиімді жүзеге асуы үшін бірнеше маңызды аспектіні ескеру қажет. Цифрландыру тек IT саласына ғана емес, экономиканың барлық секторына оң әсер етеді. Мысалы:
- Мемлекеттік басқаруда цифрлық қызметтер бюрократияны азайтып, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартады.
- Экономикада өндірістік автоматтандыру мен жасанды интеллект бизнестің тиімділігін арттырады.
- Білім беру мен медицинада онлайн оқыту мен телемедицина ауыл-аймақтардағы халық үшін үлкен мүмкіндік ашады.
Менің ойымша, цифрландыру – Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік. Бірақ оны тек «жарнамалық жоба» ретінде емес, нақты әрі жүйелі түрде жүзеге асыру керек. Ең алдымен ауыл-аймақтардағы интернет мәселесін шешіп, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру қажет. Сонымен қатар цифрлық қауіпсіздікті күшейту – басты басымдық болуы тиіс.
Егер Үкімет бұл бағытта дұрыс стратегия қабылдап, цифрлық инфрақұрылымды дамытуға инвестиция салса, Қазақстан алдағы жылдары технологиялық серпіліс жасай алады. Бұл еліміздің экономикасын жаңа деңгейге көтеріп, халықтың өмір сапасын жақсартуға көмектеседі.
Ғылыми ортада қызмет ететіндіктен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылым мен жоғары білімге қатысты айтқан мәселелері ерекше алаңдатады. Соңғы жылдары бұл салаға бөлінетін қаржы артқанына қарамастан, оның тиімді игерілуі үлкен мәселе болып отыр. Мемлекет басшысы ғылымға бөлінген қаражат тек сапалы әрі сұранысқа ие зерттеулерге бағытталуы тиіс екенін ерекше атап өтті. Бұл ғылым саласының болашағына тікелей әсер ететін маңызды қадам.
Президенттің «Бюджет қаржысын сапалы әрі сұранысқа ие зерттеулер жүргізетін университеттер, институттар мен ғалымдар ғана алуы керек» деген сөзі ғылыми ортада әділ бәсекелестік орнатуға негізделген. Өкінішке қарай, кейбір ғылыми жобалар формализм үшін жасалып, олардың нақты қолданылу аясы шектеулі болып қалады. Ғылыми жұмыстарды бағалауда сапалық көрсеткіштер басты назарда болуы қажет. Қазақстанда ғылым мен экономиканың арасындағы байланыс әлі де әлсіз. Президент ғылым экономикаға нақты пайда әкелуі тиіс екенін ерекше атап өтті. Көптеген ғылыми зерттеулер өндіріске енгізілмей, тек академиялық ортада қалып қояды. Бұл – ғылымның дамуын тежейтін басты факторлардың бірі. Ғылыми жаңалықтар тек зертханалық деңгейде қалып қоймай, нақты кәсіпорындарда, өндіріс орындарында қолданылуы керек. Қазақстан ғылымының әлемдік нарықта өз орнын табуы үшін ғылым мен бизнестің өзара байланысын нығайту аса маңызды.
Президенттің ғылым саласына қатысты айтқан сын-ескертпелері өте орынды. Ғылымға бөлінетін қаражаттың артуы қуантарлық жағдай. Бірақ басты мәселе – оның дұрыс игерілуінде. Егер ғылыми зерттеулер шынайы сұранысқа ие болмаса, олардың пайдасы болмайды. Сондықтан ғылым сапасын арттырып, оны экономиканың нақты салаларымен байланыстыру – бүгінгі күннің ең өзекті міндеттерінің бірі.
Гүлбақыт ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА,
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының аға оқытушысы, PhD
ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНА ЕРЕКШЕ ТОҚТАЛДЫ
Қазіргідей геосаяси, геоэкономикалық күрделі және аумалы-төкпелі заманда тұрақты, бейбіт өмірді қамтамасыз ету – кез келген елдің басты мақсаты. Соңғы жылдардағы жүзеге асқан жұмыстар мен даму көрсеткіші елімізді дамытудың негізі екенін бәріміз жақсы білеміз.
Мемлекет басшысы Үкіметтегі кеңейтілген мәжілісте сөйлеген сөзінде: «Қазақстан 2024 жылы жаңа жобаларға 15,7 миллиард доллар көлемінде тікелей шетел инвестициясын тартты. Бұл көрсеткішті өткен жылғы нәтижемен салыстырғанда 88 пайызға артық. Біз Солтүстік және Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Аймақтағы шетел инвестицияларының үштен екісіне жуығы, яғни 63 пайызы Қазақстанның еншісінде», – дегені осының дәлелі. Яғни бұл экономикалық тұрғыдан алғанда, үлкен жетістіктің бірі. 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспарында жалпы инвестиция көлемі 40 триллион теңгеден асатын 200-ден астам жобаны жүзеге асыру қарастырылғаны жайында айтылды.
Сонымен қатар «2025 жылы ұзындығы 836 шақырым болатын «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі салынып бітеді. Бұл жоба еліміздің көлік-транзит инфрақұрылымын түбегейлі өзгертеді. Осы бағыттағы теміржолдың жүк тасымалдау мүмкіндігі бес есе артады, контейнер пойыздары жүкті бұрынғыдан едәуір жылдам жеткізетін болады. Бір айта кетерлігі, мұндай ауқымды жоба алғаш рет өз жобалаушыларымыздың, инженерлеріміз бен құрылысшыларымыздың күшімен жүзеге асырылды. Сондай-ақ Алматы бекетін айналып өтетін теміржолдың құрылысы аяқталады. Бұл жоба Алматы теміржол торабына түсетін салмақты едәуір азайтып, жүк жеткізу мерзімін қысқартады. Жолаушылар тасымалының сапасын арттыру үшін вагондар жаңартыла береді. Биыл энергетика саласында жалпы қуаты 600 мегаваттан асатын ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. «Жасыл энергетика саласы да зор серпінге ие болады. Шетел инвесторларымен жел, күн және су электр стансаларын салу туралы келісімдеріміз бар» деп ауқымды жұмыстарды атап өтті.
Өнеркәсіп, көлік және логистика саласында «Теңіз кенішін келешекте кеңейту жобасының құрылысы аяқталады. Мұнай өңдеу, мұнайгаз-химия саласын дамыту ісіне баса назар аударылады. Атап айтқанда, Ақтау битум зауытының өндірістік қуаты арта түседі. «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры, «Жаңаөзен – Ақтау» газ құбырының төртінші желісі, сондай-ақ Атырау облысындағы автоматтандырылған газ тарату стансасы пайдалануға беріледі», – деп Мемлекет басшысы экономика саласындағы жұмыстарға ерекше тоқталды.
Ел Президентінің Үкіметпен бірге өткізген кеңейтілген мәжілісіндегі бастамаларды біз, ұстаздар қауымы, толық қолдаймыз. Осы орайда, жастарға білім мен тәрбие беруде еліміз үшін аса маңызды жобаларды түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз керек.
Әлім Мылқайдаров, г.ғ.к.
География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасы
ШИКІЗАТҚА ТӘУЕЛДІЛІКТІ ЖОЮ ТАПСЫРМАСЫ ҰНАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдің экономикалық саясатына қатысты маңызды мәселелерді көтеріп, экономиканы әртараптандыруды бірінші кезектегі міндет ретінде айқындады.
Өткен жылы өңдеу өнеркәсібінде 1,3 трлн теңге көлемінде 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, саланың өсімі 6 пайызға жетті. Бұл соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Президент бұл оң динамиканы сақтап, оны тұрақты үрдіске айналдыру қажеттігін атап өтті.
Инвестиция тарту экономикалық дамудың негізі екенін бәріміз білеміз. Қазақстан халықаралық аренада инвестиция тарту бойынша айтарлықтай жетістіктерге жеткенімен, тоқмейілсуге болмайды. Елімізде инвестиция штабы құрылып, бюрократиялық кедергілер азайтылғанымен, әлі де жүйелі реформалар қажет. Президент Үкіметке инвесторларды қолдап-қорғаудың біртұтас экожүйесін құруды тапсырды.
Кейбір өңірлерде шетелдік инвестиция тарту қарқыны төмендеп, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға азайғанын білдік. Осыған орай, сапалы инвестицияны ынталандыру үшін қосымша жеңілдіктер қарастырылып, кәсіпорындарға нақты талаптар қойылады: жаңа жұмыс орындарын ашу; өндірісті жаңғырту; экологиялық стандарттарды сақтау.
Жер қойнауын пайдалану және жаңа технологиялар бойынша айтарымыз,
Қазақстанда 17 жаңа кен орны ашылып, сирек кездесетін металдарды (оның ішінде литийді) өндіру мен өңдеу бойынша үлкен әлеует қалыптасуда. Жер қойнауын пайдалануды ашық әрі әділ басқару үшін бірыңғай платформа іске қосылды, ал Үкімет бұл бағыттағы заңнамалық базаны күшейтуге тиіс.
Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту – экономиканы әртараптандырудың маңызды бөлігі. Мемлекет басшысы отандық кәсіпорындардың үлесі 40 пайыздан аспайтынын, сондықтан Үкімет жергілікті зауыттармен келісімшарттар жасау арқылы өндірісті қолдау тетіктерін қарастыруы керектігін баса айтты. Сонымен қатар туризм саласын инвестициялық тартымды салаға айналдыру мәселесі көтерілді. Бұл бағытта да үкімет кешенді шаралар қабылдау қажет.
Президент ұсынған реформалар Қазақстанды шикізатқа тәуелділіктен арылтып, индустриалды-инновациялық экономика құруға мүмкіндік береді. Бұл тек Үкіметтің ғана емес, барлық бизнес-қоғамдастық пен ғалымдардың, соның ішінде менеджмент және экономика саласындағы мамандардың белсенді атсалысуын қажет етеді.
Бұл реформалардың табысты іске асуы Қазақстанды әлемдік экономиканың сенімді ойыншыларының біріне айналдырады. Біздің міндет – осы өзгерістерге белсене араласу.
Жазира ҚҰСМОЛДАЕВА
ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУДЫҢ СТРАТЕГИЯСЫ
Қазақстанның ұлттық мүддесі әлемдік сын-қатерлер контексінде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел экономикасына қосымша инвестициялар тарту мәселесіне қатысты айтқан сөзі экономикалық саясатты ұзақ мерзімді көзқарас тұрғысынан нақты және стратегиялық бағытталған баяндамасы деп түсіндім. Президент өз сөзінде халықтың көзқарасын қолданудың популистік тәсілдерінен аулақ болу қажеттілігін атап өтті. Бұл тұрақты экономикалық өсу мен ұлттық мүддені қамтамасыз ету үшін маңызды аспект болып саналады. Бұл көзқарас елдің экономикалық стратегиясына және институционалдық тұрақтылығына деген сенімді бұзатын манипуляциялардың және қысқа мерзімді саяси ойындардың Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына ұзақ мерзімді теріс әсер етуі мүмкін екенін түсінуді көрсетеді.
Қазақстанның табиғи ресурстарға бай ел ретінде шетелдік инвестицияны тартуы өте маңызды. Осы тұрғыдан алғанда Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тартуда тек жүйелі және адал тәсілдің елге экономикалық өсу мен тұрақты дамуға қосымша ресурстар қамтамасыз ете алатынын атап өтті. Жаңа салалар мен өндірістерге инвестиция тек экономиканы әртараптандыруға ғана емес, сонымен бірге технологиялық инновациялар үшін жағдайлар жасауға да мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанның дүниежүзілік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізеді.
Президент сондай-ақ ірі кен орындары бойынша өнімді бөлу туралы келісімдерді жүзеге асыруға назар аударды. Ол Қазақстанның энергетикалық ресурстарын әлемдік нарықта сенімді жеткізуші ретінде маңызды рөл атқаратын қадам. Шынында да, Қазақстандағы ірі көмірсутек кен орындары оның экономикасында маңызды рөл атқарады және халықаралық серіктестермен жасалған келісімдер, экспортты әртараптандыру мен инвестициялық қаражат алу елдің экономикалық саясатының негізгі құрамдас бөлігі. Бұл жобалар тек мемлекет кірістерін арттыруға ғана емес, сонымен қатар инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және кен өндіру жүзеге асырылатын аймақтардағы өмір сүру деңгейін жақсартуға да ықпал етеді.
Басты назар аударатын мәселе – осы жобалар мен стратегиялар қысқа мерзімді экономикалық жағдайды жақсартудан ғана емес, Қазақстанның ұзақ мерзімді мақсатын жүзеге асыруға бағытталуы қажет екендігі. Бұл табиғи ресурстарды басқаруда, ашықтық пен жауапкершілік стандарттарын сақтауда және ірі энергетикалық және тау-кен жобаларын жүзеге асыруды бақылау мен қадағалау механизмдерін енгізуде мемлекеттен нақты әрі дәйекті саясатты талап етеді. Президенттің айтуынша, энергетика мен өнеркәсіп саласындағы ірі жобаларға инвестиция тарту және олардың дамуы тек экономикалық әлеуетті арттыруға бағытталған қадам ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның халықаралық аренада жаһандық және тұрақты ойыншы ретінде қалыптасуының стратегиялық құрамдас бөлігі болып табылады. Мұндай көзқарас елдің экономикалық және саяси тәуелсіздігін нығайтуға, ішкі тұрақтылықты арттыруға және Қазақстанның әлемдік экономикалық жүйедегі орнын жақсартуға ықпал етеді.
Мырзахан ЕГАМБЕРДИЕВ
ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚҚА «МҮЛДЕ ТӨЗБЕУШІЛІК» ҚАҒИДАСЫН ҚОЗҒАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2024 жылы жүзеге асқан жұмыстарды бағалай отырып, болашақта атқарылатын бірқатар іс-шараларға қатысты тапсырма бергенінің куәсі болдық. Негізі, тапсырманың бәрі маңызды дегенмен, әлеуметтік салаға қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту қажет ететін негізгі сала түрлері екені айдан анық.
«Биыл – Жұмысшы мамандығы жылы. Осыған орай, маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылмақ. Еңбек адамының абырой-беделін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіледі. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту ісін бастау керек. Жауапты мекеменің бәрі және ең бастысы, жеке сектор бұл іске белсене араласуға тиіс. Бизнес бұл салаға көбірек келуі үшін техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі артады. Оның мөлшері де біркелкі болады. Бұған биыл бюджеттен қосымша 22 миллиард теңге бөлінеді. Бұл ретте әкімдерге зор жауапкершілік жүктеледі. Олар кәсіпкерлермен бірлесіп аймаққа қажетті мамандықтар тізімін анықтауы керек. Сондай-ақ сұранысқа ие кадрлар даярлау үшін колледждерге бағыт-бағдар беруі қажет.
Ғылым және жоғары білім саласындағы реформалардың қарқыны мен сапасын сақтау маңызды. Білім беру тапсырысын оқу орындарының рейтингіне қарай бөлу жұмысы Үкіметтің бақылауында болуға тиіс. Соңғы жылдары мемлекет ғылымға бөлінетін қаражат көлемін едәуір арттырды. Әлі де арттыра береді. Бірақ бұл қаржы нақты мақсатқа сай жұмсалуы қажет. Бюджет қаржысын сапалы әрі сұранысқа ие зерттеулер жүргізетін университеттер, институттар мен ғалымдар ғана алуы керек», – деді Президент.
«Заң мен тәртіп» қағидасы халықтың санасына терең орнығуға тиіс. Ол үшін кез келген құқық бұзушылыққа «мүлде төзбеушілік» қағидасын берік ұстану қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейде ұйымдастырылуы керек», – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде. Мұны, әсіресе, жоғары оқу орындарының қызметкерлері, ғалымдары мен оқытушылары, білім алушылар берік ұстануға тиіс. Өйткені біздің тәрбиелеген жастарымыз ертең елдің тұтқасын ұстайды.
Н.МЫРЗАТАЕВ,
Азаматтық құқық,
азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы кафедрасының PhD докторы
Отаншыл кадрлар – ел болашағының негізі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында алдағы бес жылда атқарылуы тиіс маңызды міндеттерді айқындап берді. Мемлекет басшысы еліміздің экономикасы дамып келе жатқанын атап өтіп, оның қарқынын одан әрі арттыруға бағытталған ірі жобалар мен жаңашыл бастамалар туралы сөз қозғады. Мемлекет басшысы цифрландыру, жасанды интеллект, ядролық энергетика, агроөнеркәсіп кешені және инфрақұрылым жобаларына айрықша мән берді.
Президенттің айтуынша, аталған міндеттерді сәтті жүзеге асыру үшін ең алдымен отаншыл, өз елінің мүддесін жоғары қоятын білікті мамандар қажет. Елімізде ең жоғары лауазымдарға лайықты, жауапкершілігі мол кадрларды даярлау – маңызды қадам. Отан үшін қызмет етуге, елдің дамуына үлес қосуға дайын, жоғары моральдық ұстанымдары бар мамандарды тауып, оларды басшылық қызметтерге тағайындау – мемлекеттің басым бағыты.
«Басты мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Ол үшін нақты нәтиже қажет. Нәтиже болса ғана даму болады», – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Мұндай пайым ел болашағына, мемлекеттің дамуына ерекше мән беретін мамандарды даярлау міндетін одан әрі айқындап берді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздің жетекші білім ордасы ретінде осы мақсатты жүзеге асыруда белсенді рөл атқарады. Университетіміздің білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулері Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық дамуына сай келеді. Біз өз түлектерімізді тек кәсіби біліммен ғана емес, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды құрметтейтін, елдің болашағына жауапкершілікпен қарайтын азаматтар етіп тәрбиелейміз.
Мемлекет басшысының отаншыл, ұлтжанды мамандарды қалыптастыру туралы айтқан пікірі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымының ұстанымымен толық сәйкес келеді. Білім мен ғылым саласында жетекші рөл атқаратын университетіміз елдің стратегиялық бағыттарына сәйкес мамандар даярлауды жалғастырады. Біз Президентіміздің бастамаларын толық қолдаймыз және оны жүзеге асыру жолында өз үлесімізді қосуға дайынбыз.
Самал САҒНАЙҚЫЗЫ,
ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы, т.ғ.к.
ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ КЕЗЕҢГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы ел дамуының стратегиялық басымдықтарын нақтылау және әлеуметтік-экономикалық саясаттың тиімділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған маңызды жиын болды.
Жиында Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық технологияларды енгізу, энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру мәселелерін басты назарға алды. Бұл бағыттар Қазақстанның ұзақ мерзімді даму стратегиясына сай келеді және елдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
Президентіміз басқосуда салық-бюджет саясатын реформалау қажеттігіне ерекше тоқталып, маңызды жобаларды қаржыландырудың тиімді көздерін іздеудің маңыздылығын атап өтті. Әлеуметтік қолдау жүйесін реттеу, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым салаларын одан әрі дамыту бойынша берілген тапсырмалар да халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.
Президент алға қойған міндеттерді іске асыру үшін мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуінің маңызын баса айтты. Мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлеріндегі үйлесімділік пен жауапкершілік елдің дамуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз.
Сонымен қатар жиынға қатысқан облыстар мен ірі қалалардың әкімдері, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдардың жетекшілері көтерілген мәселелерді өңірлік деңгейде жүзеге асыруға дайын болуы тиіс. Өңірлердің әлеуметтік және экономикалық даму қарқынын арттыру елдің жалпы дамуына маңызды үлес қосады.
Бұл кеңейтілген отырыс Үкіметтің алдағы жұмыс бағытын айқындап қана қоймай, Қазақстанның жаңа экономикалық кезеңге аяқ басуына серпін береді деп сенеміз. Мемлекеттік басқаруда батыл қадамдар мен тиімді шешімдер қабылдау арқылы қойылған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік бар.
Эльмира СЕЙІТҚАЗИНОВА