Намазалы Омашев, профессор: Журналистика – ұлттық идеологияның жаршысы
Намазалы Омашев 1950 жылдың 19 қаңтарында Жамбыл облысы Меркі ауданының Ойтал ауылында дүниеге келген. Филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан журналистикасы академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты. Намазалы Омашұлымен 75 жылдық мерейтойы қарсаңында кездесіп, сұхбаттасқан едік.
– Намазалы Омашұлы, сіз 90 жылдық тарихы бар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұзақ жыл еселі еңбек еттіңіз. Биыл өзіңіздің де 75 жылдық мерейлі белесіңіз, оның елу жылын ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеумен өткердіңіз, осы қабырғада жүріп алғаш университет есігін ашқан сәтті, ұмытылмас студенттік шақты жиі еске алатын шығарсыз...
– 1969 жылы мектепті бітіріп, алғаш ҚазМУ-дың табалдырығынан имене аттадық. Иә, содан бері, міне, 56 жыл өтіпті. Оның бес жылы студенттік шақ, одан кейінгі 50 жыл ұстаздық ғұмырым университетте өтті. Қазір көпшілікке танымал болған қаламгерлер: Жүрсін Ерман, Несіпбек Айтов, Дәуітәлі Стамбеков, Асқар Егеубаев, Бақытжан Майтанов, Тұрсын Жұртбай, Жанболат Аупбаев сияқты талапкерлер республиканың түкпір-түкпірінен келіп, сол кездегі еліміздегі жалғыз журналистика факультетіне оқуға түстік. Жарыса оқыдық, мықты ұстаздардан білім алдық. Журналистика факультеті ол кезде Киров көшесі, Бас почтамптың қасында, қазір Өнер академиясы отырған ғимараттағы ҚазМУ-дың ескі корпусында, мәжіліс залымен қабырғалас бұрышта орналасқан. Сол факультет бүгінде ҚазҰУ-мен қатар торқалы 90-ға келіп жатыр. Алғаш 1934 жылы Коммунистік журналистика институты (КИЖ) болып ашылған оқу орны идеологиялық бағытта жұмыс жасайтын газет-журналдар үшін тілшілер даярлайтын. Қазақтың белгілі ақыны Дихан Әбілев бір естелігінде дипломдық емтихан тапсырғанда комиссия төрағасы Сәкен Сейфуллин болғанын еске алады. Яғни қазақ журналистикасының басында ұлт қамын ойлаған осындай Алаш арыстары болғаны мақтаныш. КИЖ 1941 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің құрамына кірді. 1966 жылы өз алдына жеке факультет болды.
Елу жылда – ел жаңа. Бүгінде университетіміз дамыған елдердің ең мақтаулы деген оқу орындарынан бірде-бір кем емес. Көптеген шетелдік атышулы университеттерде болдым. Олардың тәжірибелерімен, жетістіктерімен жақсы таныстым. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті солардың қатарында бірге дамып келеді. Бүгінде университетіміз шетелдерде филиалдары бар әлемге танымал Орталық Азиядағы алдыңғы қатардағы оқу орны. Шынын айту керек, Жансейіт Түймебаев ректор болып келгелі ҚазҰУ құрылысының екінші кезеңі басталды және университеттің екінші тынысы ашылды. Әсіресе біздің журналистика факультетіне көзқарасы алабөтен, қаламгерлер қауымы дән риза шығар деп ойлаймын.
– Журналистика факультетінде кафедра меңгерушісі, декан болдыңыз, сол жылдары факультетте қандай жағымды өзгерістер болды?
– Декан, проректор қызметі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Кім болса да, атқаратын қызметіне сай дайындықпен келмей, абыройға серік болуы қиын. Оған менің көзім анық жетті. Университетімізбен түйдей жасты журналистика факультеті де 90-ға толып жатыр. Сол факультетке 1995 жылы декан болып сайландым. Ол бір қиын кезең еді, жатақханаларда жылу түгіл, жарық болмай қалатын кездер де жиі болатын. Аудиториялар жабдықталмаған, қазіргі кезбен мүлде салыстыруға келмейді.
Мен факультетке декан болғанда еліміз енді тәуелсіздік алған қиын жылдар еді. Сондықтан БАҚ-тың қоғамдағы орнын қайта таразылауға, жаңа оқу жоспарын жасауға тура келді. Ол үшін дамыған елдердегі журналистика факультеттерінің тарихын зерделеп, журналистика жоғары мектептерінің іс-тәжірибесімен танысу керек болды. Сол себепті шетелдермен байланысқа шықтық. Олардың ғалымдары бізге келіп дәріс оқыды. Ломоносов атындағы ММУ журналистика факультетінің іс-тәжірибесімен таныс едім, солардың көп көмегі тиді. Осылайша тәуелсіз елімізде журналистік білім берудің жаңа стандарттары жасалып, ұлттық мұраттар алға шықты. Тәжірибелі журналистер дәріс оқуға тартылып, ғылыми дәреже беретін арнайы кеңес ашылды. Онда 60-тан аса кандидат диссертация қорғады. 1995 жылы ЮНЕСКО жанындағы бұқаралық коммуникация мен журналистика бойынша дүниежүзілік ОРБИКОМ ұйымына Орталық Азия елдерінен мүше болып қабылдандым. Келесі жылы мамырдың 14-інде сол кездегі ЮНЕСКО-ның бас директоры Фредрико Майордың бірінші орынбасары Аднан Бадран Қазақстанға арнайы ұшып келіп, ҚазҰУ мен ЮНЕСКО арасында шарт жасасты. Келісімшарт негізінде университетте ЮНЕСКО кафедрасы ашылып, ОРБИКОМ мүшесі ретінде мені кафедра меңгерушісі етіп тағайындады. Халықаралық гранттар мен ЮНЕСКО қаражаты негізінде факультетте қалаған спутниктерден хабар қабылдай алатын парабалистік антенна орнатылды, радиостудия жасалды, фотостудия, телестудия, компьютерлік сынып ашылды. Факультет осылайша оқу үрдісін өркениеттік жолға қою арқылы халықаралық деңгейге көтерілді.
– 2001-08 жылдар аралығында ҚазҰУ-да тәрбие жөніндегі проректор қызметін атқардыңыз. Осы кезең туралы не айтар едіңіз?
– Тәрбиенің түрлері көп, солардың ішіндегі ең бірінші тұрған – рухани тәрбие. Рухани тәрбиені жастардың бойына тереңдетіп енгізбей, идеология туралы сөз қозғаудың қажеті жоқ. Әл-Фарабидің мынандай бір ойлы сөзі бар: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз алған білім – адамзаттың қас жауы». Проректор болып жүргенде Студенттер сарайынан жастардың рухани орталығын аштық. Жыл сайын «Менің Қазақстаным» фестивалін өткізуді дәстүрге айналдырдық. «Қозы мен Баян» күнін, «ҚазҰУ аруы» байқауын өткіздік. «Біз» деген студенттік театр ашып, нашақорлыққа қарсы «Адаспаңдар!» деген спектакль қойылғанда көңілі құлазып, көзіне жас алған жастар болды. «Той» деген спектакльді өзге оқу орындарының студенттері мен ұстаздарына дейін келіп көрді. Наурыз мейрамына орай, Ректорат пен Студенттер сарайы алдында және стадионда өткен ұлттық нақыштағы театрландырылған көріністерді қала жұртшылығы да қызыға тамашалады.
2004 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Румыния Президенті Вацлав Клаустың университетке келуіне байланысты Студенттер сарайында бір жарым мыңнан аса студент пен оқытушылар оң қолдарын жүрек тұсына қойып, алғаш рет Әнұранды фонограммасыз орындағаны қонақтарға ерекше әсер етті. Осыдан кейін «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» заңына енгізіліп, Әнұранды айтқанда қолды жүрек тұсына қою жалпыға бірдей міндетті саналды.
– Бұрынғы БАҚ пен қазіргі БАҚ-тың хабар тарату айырмашылықтары көп. Заман талабына қарай қазіргі ақпарат құралдары идеологиялық насихаттарды ысырып қойып, тек қана ақпарат тарату көздеріне айналды. Жарты ғасыр бойы журналистика саласына мамандар даярлап жүрсіз, қазіргі студенттер жоғары оқу орнында қандай идеологиялық тәрбие алады?
– Қазір ақпараттар ағыны заманы. Дүниеде болып жатқан жаңалықтардан қалыс қалып қоймау үшін жұрт хабарды қысқаша ақпарат түрінде қабылдауды жөн көреді. Өйткені жаңалықтар нөпірін қалдырмай қабылдауға уақыт табыла бермейді. Аудиторияның осындай талабына байланысты бұқаралық ақпарат құралдары жаңалықтарды беру тәсілдерін өзгертіп, бүгінгі заманға бейімдеді. Бұрынғыдай газеттің беттерін толықтай алатын немесе жарты бетке жайылған мақалалардың орнына бүгінде шағын-шағын, қысқа ақпараттар түсе бастады. Қазіргі журналистер ақпараттарды ешқандай бұрмаламай, комментарийсіз, суреттемесіз, тек мазмұнын ғана жазып жүр. Бұрынғының авторларындай оқырманға өз ойын тықпаламайды. Өйткені бүгінгі заманның адамдарына орынсыз комментарий берудің қажеті жоқ. Халық өте сауатты. Тілшіден талап етілетін нәрсе – тек болған оқиғаны сол күйінде жеткізсе болғаны, әрі қарай оқырманның өзі қорытынды шығарып алады.
Журналистика қашанда қоғаммен бірге. Қоғам қалай болса, журналистика да сол төңіректе болады. Соған қарамастан, журналистер өз қызметіне адал, жалпы, әр уақытта жаңалықтың жаршысы болып қалу керек. Әлемде болып жатқан дүниелерден хабары бар, өзгелер қалай тыныс алып жатыр, бізде бұл жағы қалай деген сияқты мәселелерді талдай алуы қажет. Бұл кәсіпті игеру үшін көзі қырағы болмаса, осындай дүниені тереңінен сезбесе, журналист бола алмайды. Кезінде журналистерді даярлауға байланысты да талай әңгіме болды. Біреулер «журналистерді арнайы мамандықпен төрт жыл оқытпай-ақ, тек 3-4 айлық курста оқытып шығаруға болады, қабілетін сәл дамытса болды» деді. Сөйтіп, журналистиканы мамандық емес, машық деп түсіндірді. Ал шынында маман болу бөлек, машықтану бөлек. Журналист – ауқымы кең, терең мамандық. Ондай мамандықты игеріп, өзінің ойын айта алатын маман болу үшін университеттік деңгейдегі білім қажет. Сондықтан журналист мамандығы университеттерде дайындалу керек. «Аз уақытта курстарда оқытып шығара саламыз» деген – өте шолақ ойлайтын адамдардың сөзі.
Журналистиканың негізгі қызметі – билікке түрткі болып, қоғамдық проблемаларды шешуді ұйымдастыру. Өкінішке қарай, біз қазір сондай ықпалды құралдарды елдің тиімділігіне пайдалана алмай отырмыз. Қазіргі БАҚ-тың жұмыс істеу тәсілдері көп өзгерді. Пиар (PR) деген шықты. Адамды болсын, тауарды болсын, жер-көкке сыйғызбай мақтаудың немесе түкке жарамсыз етіп жоқ етудің неше түрлі дамыған тәсілдері қолданысқа түсті. Ақша табу үшін рас-өтірігі белгісіз жарнамалар жариялана бастады. Айталық, эфирді құр жеңіл-желпі әңгімелерге, әртістер, байсымақтардың не киіп, не ішетініне, ұрысқан-таласқанына, қайда барып, қанша ақша тапқанына бағыттап жібердік. Ал негізі бұқаралық ақпарат құралдарының, тіпті дүниежүзі бойынша журналистиканың басты міндеті – бұл алдымен қоғамдық мәселені қозғау, елде болып жатқан жағдайларды талдау, жақсысын жақсы, жаманын жаман деп айту, содан кейін, егер уақыт жетіп жатса, елдің көңілін көтеретін, демалдыратын дүниелер беру еді. Оның үстіне біз сияқты ұлттық, мемлекеттік мәселелері шешімін таппай, ұлттық құндылықтары құлдырап жатқан елде журналистика алдымен соған араласуы керек. Ұлттық идеология осыдан басталады. Алайда қазақ журналистикасы қашанда ұлттық идеологияның жаршысы, насихаттаушысы болып, қоғамымызды әлі де алға сүйрей береді деп сенемін.
– Сеніміңіз ақталсын! Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Қайыржан ТӨРЕЖАН