Профессор Лейла Ахметованың ғылыми мұрасы сараландыFarabi University

Профессор Лейла Ахметованың ғылыми мұрасы сараланды

12 ақпан, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күніне орай, «Профессор Л.С.Ахметованың ғылыми мұрасы» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар өтті. Ғылыми жиынға қоғам қайраткерлері, Қазақстан мен Ресейдің жетекші жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу институттарының белгілі ғалымдары, журналистер, университет оқытушылары мен студенттер қатысты.

Іс-шарада Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев профессор Лейла Сейсенбекқызы Ахметованы мерекемен құттықтап, ғылымдағы елеулі еңбегі мен университеттік ғылымды дамытуға қосқан үлесін атап өтті.

Лейла Ахметова Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да  54 жыл жұмыс істеп келеді. Бүгінге дейін 117 кітап, 1000 ғылыми еңбек, бес монография, бес оқулық шығарды және 1000-нан астам мақала жариялады.

Профессор, тарих ғылымының докторы Л.Ахметова 2016 жылы «Брест бекінісі. Қазақстан» атты кітабын жарыққа шығарды. Онда Брест бекінісінің қорғаушы батырлары – қазақстандықтардың жауынгерлік жолы сипатталған. 1939 жылы Жамбыл облысынан әскерге шақырылғандар Белоруссияға қызметке жіберілді, олар кейіннен фашистік шапқыншылыққа қарсы тұрған алғашқылардың бірі болып, Брест бекінісін қорғады. 2020 жылы «Панфиловшылар – біздің мақтанышымыз, даңқымыз» атты кітабы жарық көрді. Л.Ахметова Еуразия халықтары ассамблеясының тарихи жадыны сақтау жөніндегі комиссиясының төрағасы және Панфиловшылар ұрпақтары мен олардың достарының Халықаралық қауымдастығының төрағасы.

Іс-шарада Еуразия және Африка халықтары ассамблеясы бас хатшысының орынбасары Валерий Рузиннің, Брест бекінісінің қорғаушысы Амангелді Дәуренбаевтың немересі, ҚазҰУ профессоры, академик Мұхамбетқали Бүркітбаевтың, Беларусь өкілдерінің, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиеваның, Ауғанстан ардагерлер одағының төрағасы Мұрат Әбдішүкіровтің, «Офицерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал-майор Махмұт Телеғұсовтың және тағы басқалардың баяндамалары тыңдалды.

Семинар аясында қатысушыларға «2025 жылғы 9 мамырдағы Жеңіс мерейтойына арналған біздің Отанға тартуымыз» атты халықаралық мегажобаны өткізу бойынша жартыжылдық есеп таныстырылды.

Семинар әйелдердің ғылымдағы рөліне және олардың әртүрлі ғылыми пәндердің дамуына қосқан үлесіне қатысты өзекті мәселелерді талқылауға арналған алаңға айналды. Қатысушылар ғылымдағы әйелдердің жетістіктері туралы ақпаратты арттыратын іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті. Ғылыми-әдістемелік семинар жұмысын журналистика факультеті ұйымдастырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі