«Ізгілік нұры: қамқорлық пен мейірім»
.jpeg)
2025 жылы ақпанның 20 жұлдызы Дінтану және мәдениеттану, Педагогика және білім беру менеджменті кафедраларының бастамасымен "Жақсы денсаулық және әл-ауқат" тұрақты даму мақсатына сай «Ізгілік нұры: қамқорлық пен мейірім» атты қайырымдылық акциясы мен тәрбиелік шарасы ұйымдастырылды. «Дінтану» (орыс тобы) және «Исламтану» 1-курс докторанттары Дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры Қ.М. Борбасова, ф.ғ.к. М.Б. Аликбаева, Педагогика және білім берудегі менеджмент кафедрасының аға оқытушысы А.Ә. Масимбаеваның жетекшілігімен «Мейірімді жанұя» қарттар үйіне барды.
Қызметкерлер докторанттарды қуана қарсы алып, абыз ақсақалдармен жүргізілген сұхбат жүрекжарды әңгімеге ұласты. Шәкірттер халық әндерін шырқап, күй тартып, ата-әжелердің көңілі бір марқайып қалды. Күй арасында көңіл көтерер оқиғалар айтылды, профессор Қарлығаш Молдағалиқызы ата-әжелермен сұхбат алмасып, мұндай шаралардың маңыздылығына тоқталып кетті. Шер тарқатқан сұхбаттан соң дастарқан жайылып, кездесу соңында жасы үлкен ақсақал баршаға ізгі тілегін білдіріп, батасын берді.
«Қарттарым – асыл қазынам» деп халқымыз әрдайым жасы үлкенге құрмет, кішіге ізет етіп келген. Осы сынды қоғаммен тығыз байланыс орнатып, өзара бауырмалдық пен ізгілікті насихаттайтын шаралар ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайтады. Ән-күйден соң риза болған қарттардың батасы, өмірлік тәжірибесінен қозғаған сөзі келген жастарды немқұрайлы қалдырмады, нағыз рухани байлықтың мәнін түсіндіргендей болды. Ақсақалдардың балаша қуана білдірген ризашылық сезімдері өзгеге қуаныш сыйлаудың қаншалықты маңызды екендігін ұқтырады.
Басқа жаңалықтар

