Білім беру бағдарламаларының сапасын қамтамасыз ету: академиялық тәсілдер мен инновациялық шешімдерFarabi University

Білім беру бағдарламаларының сапасын қамтамасыз ету: академиялық тәсілдер мен инновациялық шешімдер

21 ақпан, 2025

2025 жылғы 20 ақпанда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика-математика факультетінің оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі декан орынбасары Сахаева Айгерим Қуандыковна және ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыс жөніндегі декан орынбасары Сабирова Роза Фарқатовна, сондай-ақ Механика кафедрасының меңгерушісі, МКМ және ЕҒжС кафедраларының меңгерушілерінің орынбасарлары, сонымен қатар профессор-оқытушы құрамының мүшелері "Білім беру бағдарламаларының сапасын қамтамасыз ету: академиялық тәсілдер мен инновациялық шешімдер" тақырыбында өткен стратегиялық сараптамалық сессияға қатысты. Бұл шара Әл-Фараби кітапханасында өткізілді.

Сараптамалық сессияның негізгі мақсаты - еңбек нарығы мен білім беру саласын үйлестіру жағдайында білім беру бағдарламаларының тиімділігін бағалау және инновациялық тәсілдерді енгізу арқылы білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру болды. Қатысушылар білім беру бағдарламаларының дизайнын әзірлеу бойынша практикалық ұсыныстарды талқылап, сарапшылармен және жас ғалымдармен тәжірибе алмасып отырды.

Сессия барысында қарастырылған негізгі тақырыптар мыналар болды:

• Кадрларды даярлаудың алдын ала жоспарын жасау үшін білім беру бағдарламаларының портфолиосын жобалау.

• "Мамандығым-болашағым" жобасы арқылы мамандарды алдын ала даярлау.

• Педагогтарды инклюзивті даярлау.

• Дуалды оқыту және оның мәселелері.

• Жоғары білімде жасанды интеллектіні қолдану.

• Білім беру бағдарламаларына микроқабілеттіліктерді енгізу.

Іс-шараның маңызды аспектілерінің бірі - білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарына сәйкес трансформациялау және жаңа білім беру стандарттарын енгізу мәселелерін талқылау болды. Оған жасанды интеллектіні және адаптивті курстарды пайдалану да кірді.

Сессияның модераторы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, басқарма мүшесі Қазмағамбетов Алтай Ғабдрахманұлы болды.

 

Аталған конференция сондай-ақ Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) тікелей байланысты, атап айтқанда ТДМ 4 (Сапалы білім), ТДМ 8 (Қолжетімді әрі тұрақты экономикалық өсу және лайықты жұмыс) және ТДМ 17 (Мақсаттарға жету үшін серіктестік). Қарастырылған тақырыптар, атап айтқанда инклюзивті білім беру, дуалды оқыту және жасанды интеллектіні пайдалану, білім беру сапасын арттыруға, мамандардың біліктілігін жоғарылатуға және оларды еңбек нарығының талаптарына даярлауға тікелей ықпал етеді. Бұл өз кезегінде экономикалық өсімді қолдауға және университеттер, мемлекеттік органдар мен бизнестің арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді, бұл ТДМ принциптеріне толық сәйкес келеді.