Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінде Ашық есік күні өтті: Шабыт және білімFarabi University

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінде Ашық есік күні өтті: Шабыт және білім

27 ақпан, 2025

2025 жылғы 26 ақпанда Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінде дәстүрлі Ашық есік күні өтті, бұл шара болашақ студенттер мен мектеп оқытушыларының назарын аударды. Іс-шара шығыс тілдерін, мәдениетін және тарихын зерттеуге қызығушылық танытатын баршаға факультетіміздің оқу бағыттары, оқытушылар мен факультет ұсынатын ерекше мүмкіндіктері туралы көбірек ақпарат алуға тамаша мүмкіндік берді.

Іс-шара шығыстану факультетінің деканы Ем Н.Б.-ның құттықтау сөзімен басталды. Факультет деканы студенттеріміздің қандай заманауи білім мен дағдыларды игеретінін, факультетіміздің мамандықтары бойынша білім алған жағдайда қандай мүмкіндіктердің ашылатындығы жайында тың ақпарат берді. Әсіресе үндітану, ирантану, арабтану және Азия мен Таяу Шығысты зерттеуге бағытталған басқа да бөлімдер бойынша бағдарламалар егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Аталған іс-шараға шақырылған қонақтар арасында Астана қаласындағы Свами Вивекананда атындағы Үнді мәдени орталығының директоры Санджай Веди мырза, Incham Kazakhstan қоғамдық қорының жетекшісі Тара Чанд Нехра мырза, Алматы қаласындағы Иран мәдени орталығының директоры Хоссейн Ағазаде мырза және басқалары болды. Сонымен қатар, іс-шара барысында Свами Вивекананда атындағы Үнді мәдени орталығының директоры Санджай Веди мырза әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының атынан «Ерен еңбегі» медалімен марапатталды. Бұл марапат Санджай Веди мырзаның Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының үндітану бөліміндегі ғылыми жобаларды қолдау және хинди тілін оқытуды дамыту бойынша жүзеге асырылған жаңа бастамаларды іске асырғаны үшін табыс етілді. Санджай Веди басшылығымен Үндістан мен Қазақстан арасындағы білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды жұмыстар атқарылды.

Сондай-ақ, абитуриенттер мен іс-шара қонақтары факультет оқытушылары мен студенттерімен сұхбаттасып, әр кафедраның жұмысымен танысып, оқу бағдарламалары туралы сұрақтар қойып, ғылыми зерттеулер мен халықаралық тәжірибе алмасуға қатысты мүмкіндіктер туралы ақпарат алды.

Шығыстану факультетінде өткен Ашық есік күні болашақ студенттер үшін білім мен кәсіби өсу жолындағы бағыт таңдауда барлық қажетті ақпараттар алуға маңызды қадам болды.