- Басты бет
- Жаңалықтар
- Бинәлі Йылдырым: Маған берілген атақты Түркияға деген сүйіспеншілік деп түсінемін
Бинәлі Йылдырым: Маған берілген атақты Түркияға деген сүйіспеншілік деп түсінемін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Түркияның экс-премьер-министрі, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бинәлі Йылдырым арнайы келіп, университеттің оқытушы-профессорлық құрамына, білім алушыларға көшбасшылық дәріс оқыды. Көшбасшылық дәрісті ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ашып, ұсынысты қабыл алғаны үшін құрметті қонаққа алғыс айтты. Университет басшысы жиналған қауымға Түркияның мемлекет және саяси қайраткері Бинәлі Йылдырымның өмір жолын таныстырып, «ҚазҰУ-дың құрметті профессоры» атағын тапсырды.
Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, профессор Түймебаев мырза, дәріске қатысушылар, қадірлі бауырларым!
Сіздерді әрқашан сүйіспеншілікпен, қуаныш және мақтанышпен еске алатын ел ретінде құрметтеймін.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы ретінде маған үлкен құрмет көрсетіп, құрметті профессор атағын беру рәсімін ұйымдастырғандарыңызға ризашылығымды білдіремін. Ең алдымен ректор Жансейіт Қансейітұлына және академиялық ұжымға алғысымды айтамын.
Осындай маңызды шара аясында Алматыда болу мен үшін ерекше қуаныш екенін атап өткім келеді. Дәл қазір туысқандарым, бауырларымның ортасында тұрғаныма ерекше разымын. Қазақ елі түркі халықтарының атажұрты, бұл жерде түркілердің, біздің ата-бабаларымыздың ізі жатыр. Қазақстанның болашағы жарқын, аспаны ашық болсын деген тілек айтқым келеді. ҚазҰУ сынды Орталық Азия аймағындағы көшбасшы университетте білім алу – әркімге бұйырмайтын үлкен бақыт. Өздеріңіз білесіздер, Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан бері жалғасып келеді. Түркия елі алғашқылардың бірі болып Қазақстанның тәуелсіздігін мойындап, әлемге жар салды. 1991 жылдан бастап екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар жолға қойылып, бүгінде оның тамыры тереңге бойлады. Қазақстанмен бірге Орталық Азия мен Кавказдағы бауырлас мемлекеттердің тәуелсіз мемлекет ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне қабылданғанына 34 жыл толды.
Осы жерде мен Түркі мемлекеттерінің ұйымы туралы айтқым келеді. Өйткені бұл ұйымның біз үшін, түркітілдес мемлекеттер үшін мәні өте зор. Бұл ұйым бұрындары Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі деп аталды. ҚР Тұңғыш президентінің бастамасымен Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан және Түркия басшылары арасында түркітілдес мемлекеттердің 2009 жылы 3 қазанда Нахчыван (Әзірбайжан Республикасы) қаласындағы 9-шы саммитінде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін (ТМЫК немесе Түркі кеңесін) құру келісіміне қол қойылды. 2011 жылға дейін түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммиті форум форматында өтіп келді. ТМЫК Ыстамбұлда 2021 жылдың қарашасында өткен VIII саммитінде ол Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) деп аталды. ТМҰ өкілдігі 2019 жылы Мажарстанда (Венгрия) ашылды. ТМҰ мақсаты – түркі мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық және басқа да байланыстарды тиімділікпен жан-жақты дамыту.
Ұйым мүшелері – Қазақстан Республикасы, Әзірбайжан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Түрік Республикасы. Бақылаушы ел ретінде Мажарстан, Түрікменстан және Солтүстік Кипр кіреді. Содан бері 15 жыл уақыт өтті. Бұл өте қысқа уақыт. Құрметті студенттер, біз әлі үлкен жұмыстардың бастауында тұрмыз. Әлемде жүзжылдық ұйымдар бар, олар өздерін жас ұйымбыз деп санайды.
Түркі мемлекеттері ұйымы дегенде, сіздер нені түсінулеріңіз керек? Бұл ұйымның 170 млн халқы бар, 4,5 млн шаршы шақырым географиялық аймақты құрайды, оның 2 млн 700 мыңы Қазақстанға тиесілі, қалған бөлігі өзге мемлекеттердің еншісінде. Бұл мемлекеттердің 1,5 млн доллар ішкі жалпы өнімі бар, әр мемлекеттің өз аймағында 1 триллион доллар сауда-саттығы және бар. 1 трлн доллар сыртқы сауданың Түркі ұйымы мемлекеттеріне шаққанда өзара сауда-саттық 40 млрд доллар айналасында болады. Бұл өте аз көрсеткіш. Туыстас мемлекеттердің өзара сауда-саттығы сонда 5 пайыз да болмайды. Біз осы түйінді мәселе жайында ойланғанымыз жөн. Егер бауырлас мемлекеттер сыртқы сауданы өз ішімізге бағыттағанда, өзіміз бір-бірімізге жөнелткенде көрсеткіш 500 млрд долларға жететін еді. Бұл Қазақстанның ішкі жалпы өнімінен екі есе артық нәтиже. Демек, біз өзара экономикалық қарым-қатынастарды жетілдіргенде ғана өркендейміз. Бір-бірімізді қолдап, жіті тануымыз керек. Ортақ құндылықтарымызды дамытқанымыз абзал. Біз түркіміз, әр түркі мемлекетінің өзіне тән этникалық құндылықтары бар, соларды жетілдіру ортақ міндет. Негізгі құндылығымыз – тіл. Біз бір-бірімізді аудармашысыз түсінуге тиіспіз. Осы жерде бауырлас екі ұлт отырып, аудармашының қызметіне жүгінудеміз. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи университеті түрік тілін білетін мыңдаған мамандарды оқытып шығаруда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың да бұған үлесі зор деген пікірдемін. Құрметті студенттер, түрік тілін үйреніңіздер, өзге де тілді меңгеріңіздер, біз бір-бірімізге қашанда жақын болғанымыз жөн. Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде осы мәселелер талқыланып, күн тәртібінен түскен емес. Біз бір-бірімізді жан-жақты қолдағанда ғана жоғары нәтижеге қол жеткіземіз.
Мемлекеттер мен халықтардың тарихында қысқа уақыт саналатын осы жылдар ішінде Қазақстан басынан үлкен өзгерістерді өткізді. Осы кезеңде бауырлас мемлекеттер ретінде біз де мәдениеттен – білімге, денсаулықтан – өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығынан – туризмге, инфрақұрылымнан – коммуникацияға дейінгі барлық салада қарым-қатынасымызды нығайтып дамыттық. Бүгінде қарым-қатынасымызды берік жалғастырып келеміз.
Бәріңіз де білесіздер, Түркия – Қазақстан қарым-қатынастарының ең маңызды бағыттарының бірі – білім беру саласы. Анадолыдағы бауырларыңыз ретінде білім саласындағы жетістіктеріңіз бізге зор мақтаныш сезімін сыйлайды.
Құрметті бауырларым!
Қадірлі қатысушылар!
Біз Түркияда түрлі ұлт өкілдеріне елімізде жоғары білім алу мүмкіндігін ұсынамыз. Бұл мүмкіндікті пайдаланған жастардың қатарында көптеген қазақстандық бауырларымыз да бар. Осы күні Түркияда Қазақстаннан 10 мыңдай студент білім алуда. Жыл сайын Қазақстаннан Түркияға келген 300-ге жуық студентке Түркияның Шетелдегі түріктер және бауырлас қауымдастықтар басқармасы тарапынан стипендия беріледі.
Қазақстанда жоғары білім алып жатқан түркиялық жастар мен Түркияда білімін жалғастырған қазақстандық жастар екі ел арасындағы тарихи байланысымызды нығайта түсуде. Осы тұрғыда мемлекеттеріміз арасында жасалған «Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы» келісім ерекше маңызға ие. Өткен жылы күшіне енген бұл келісімнің арқасында университеттер арасындағы ынтымақтастық артқанын білемін және бұл жағдай мені айрықша қуантады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстандағы жетекші түркітану бөлімдерінің біріне ие.
Бұл бөлімнен түлеп шыққан жастар бауырластық қарым-қатынасты нығайтуда және халықтарымыздың бірлігін арттыруда маңызды рөл атқарады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті құрылған күнінен бастап үздіксіз даму жолында болып, бүгінде Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы 200 университеттің ішінде үздік 11-ші университет ретінде танылды. Бүгінде 25 мыңға жуық студентімен бірлескен тарихымыз, мәдениетіміз және сеніміміз саласында зерттеу жүргізетін референттік орталықтардың біріне айналуда. Түркі халықтары мен мемлекеттері ретінде жастарымызды ақыл мен білімнің шырағы ретінде тәрбиелеуге міндеттіміз.
Жастарды түркі халықтарының және мемлекеттерінің болашағының жарық жұлдызы деп білеміз. Осыған байланысты Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті сияқты беделді жоғары оқу орындарында жүргізілетін академиялық зерттеулер мен құрметті оқытушыларымыздың идеяларын ерекше бағалаймыз.
Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы ретінде Түркі академиясы мен Түркі мәдениеті және мұра қорының осы бағыттағы жұмыстарын қолдай беретінімізді ерекше атап өткім келеді.
Құрметті бауырларым, қадірлі қатысушылар!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарапынан маған құрметті профессор атағы берілуі мен үшін үлкен мәртебе. Түркі халқына қызмет етудің абыройына ие болған бауырларыңыз ретінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, профессор Жансейіт Түймебаев мырзаға және университетіміздің құрметті академиялық ұжымына тағы да алғысымды білдіремін. Маған берілген бұл атақты Түркияға деген сүйіспеншіліктің көрінісі деп білемін. Ұлы ойшыл әл-Фараби бабамыз «Әуелі ақиқатты білу керек, ақиқат танылса, қателік те танылады» деген.
Біз де ақыл мен білімнің жарығында, мың жыл бұрын айтылған ғұлама сөз бен ойдың негізінде бауырларымызбен бірге ақиқат жолында жүруді және шындық үшін еңбек етуді жалғастыратынымызды ерекше атап өтемін.
Баршаңызға құрмет пен ілтипатымды білдіремін.
Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ
Басқа жаңалықтар


