- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ IV ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ОҚЫТУШЫ ПРОФЕССОРЛАРЫНЫҢ ПІКІРІ
ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ IV ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ОҚЫТУШЫ ПРОФЕССОРЛАРЫНЫҢ ПІКІРІ

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ – ЕЛДІКТІҢ БАСТАУЫ
Бүгінгі таңда елдің болашағы мен мемлекеттің бірлігін ұлт зиялыларымен бірге кеңесіп, шынайы түрде біргелікте шешудің бағыты айқындалған алқалы жиын Бурабайда жылдағы дәстүрге сәйкес, 13-14 наурызда өтуде. Алқалы жиынның алғашқы күнінде «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым», «Әлеуметтік-экономикалық даму» секцияларында елдегі өзекті мәселелерге арналды. Онда қоғамдағы әлеуметтік мәселелер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, лудоманияға қарсы іс-қимыл, вандализммен күрес, вейпке тыйым салу т.б. жан-жақты талқыға түсті. Құрылтай мүшелері ұлттық құндылықтарды одан әрі нығайту қажет екеніне назар аударды. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында қажырлы еңбек пен кәсіби құндылықтарды насихаттауға ерекше ден қою керек деген пікірлер айтылды. Одан бөлек, қатысушылар елдегі білім-ғылым саласын дамыту мақсатында қабылданып жатқан шараларға оң баға берді. Әсіресе жайлы мектептер салу, шәкіртақыны арттыру, шетелдік жоғары оқу орындарының жаңа филиалдарын ашу, ғалымдар мен ұстаздарды мемлекеттік наградалармен марапаттау жұмыстарын ерекше атап өтті. Жиын қатысушылары қоғам кеселдерімен күресу бағытында атқарылып жатқан мемлекет пен халықтың бірлескен жұмысына айрықша тоқталды. Құмар ойындарға, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жоспарының алғашқы нәтижелері қаралды. 2024 жылғы 16 маусымда күшіне енген «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы» заңының әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғаудағы тиімділігі де атап өтілді. Осы жылғы басты оқиғалар ретінде Конституцияның 30 жылдығы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Абайдың 180 жылдығы айтылды.
Жалпы, Ұлттық құрылтайдың тиімді диалог алаңы ғана емес, сондай-ақ қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін негізгі идеяларды талқылауға және нақты стратегиялық қадамдарды тұжырымдауға арналған негізгі институт деп атаймыз. Президент сөзімен айтқанда, «Құрылтай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды», – деп, оның маңызын нақты айтқан болатын. Сонымен қатар елдің қордаланған мәселелерін жан-жақты талдап, халқымыздың ұлттық құндылықтары мен тәрбие мәселелеріне тоқталды.
Атап айтқанда, Оқу-ағарту министрлігі мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру тәсілдерін жаңартуға тиіс. Сонымен қатар жоғары оқу орындары мен колледждер студенттермен жүргізілетін жұмысқа осы құндылықтарды үйлестіре кіріктіруі ерекше назарға алынды. Демек, мемлекеттің болашағы еліміздің мектепте білім алып жатқан жастарымыздың бойында ұлттық тәрбие мен ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың маңызы зор деп білеміз.
Абай ДҮЙСЕНБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының доценті, педагогика ғылымының кандидаты
ҚОҒАМДЫ ТЕРІС ДІНИ АҒЫМДАРДАН ҚОРҒАУ КЕРЕК
Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар маңызды мәселелермен қатар, жат діни ағымдардың жетегіндегі жастардың мәселесіне тоқталды. «Өткен жылы барлық аймақта балаларды психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Заңдарға маңызды өзгерістер енгізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске қатысты заң қабылданған соң, ахуал біршама жақсарды. Бірақ кейбір шалғай аудандарда әлі күнге дейін мұндай келеңсіз оқиғалар тыйылмай тұр. Жат діни ағымның жетегінде жүрген адамдар жағдайды тіпті ушықтыруда», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстанда жат діни ағымдардың жетегіндегі жастардың мәселесі – бұл қоғам үшін өзекті әрі күрделі мәселе. Жастардың теріс діни идеологияларға тартылуы түрлі себептермен байланысты, оның ішінде әлеуметтік, экономикалық және психологиялық факторлар бар. Жат ағымдар көбінесе жастардың сенімін пайдалануды көздейді, оларды идеологиялық және психологиялық тұрғыда манипуляциялап, қоғамнан шеттетеді.
Бұл мәселенің басты себебі – жастардың дінтанулық білім мен рухани құндылықтарға деген түсінігінің жетіспеушілігі. Тиімді діни тәрбиенің болмауы, рухани бос кеңістік, қоғамдағы кейбір әлеуметтік қиындықтар жат ағымдардың жастар арасында таралуына жол ашады. Сондай-ақ интернет және әлеуметтік желілер арқылы түрлі экстремистік идеялар жастардың санасын өзгертуде үлкен рөл атқарады.
Қоғамда жат діни ағымдардан қорғану және жастарды дұрыс діни ағымдарға бағыттау үшін мемлекеттік деңгейде, сондай-ақ білім беру мекемелерінде, жастар ұйымдары мен діни бірлестіктерде жүйелі түрде алдын алу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Жастардың санасында ұлттық және діни құндылықтарды сақтауға негізделген дұрыс бағдарларды қалыптастыру, олардың ақыл-ойын қалыптастырып, өзіне сенім артуға көмек көрсету маңызды.
Қоғамды теріс діни ағымдардың әсерінен қорғау, жастарды дұрыс бағытта тәрбиелеу, оларды радикалды идеялардан сақтандыру үшін дінтанушылар, психологтар және басқа да мамандар бірлесіп жұмыс жасауымыз қажет.
Бекжан МЕЙІРБАЕВ,
философия және саясаттану факультетінің деканы,
филос.ғ.к., қауымдастырылған профессор
ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ДАМУЫНЫҢ МАҢЫЗДЫ ҚАДАМЫ
Биыл Ұлттық құрылтайдың IV отырысы Бурабайда өтті. Келелі жиынның басты мақсаты – қоғамдық бірлікті нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және елдің әлеуметтік-экономикалық, саяси дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылау. Осы құрылтай отырысында басты азаматтық қоғам, мәдениет, өнер, руханият, білім және ғылым, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқылануда. Бұл мәселелердің барлығы – Қазақстанның тұрақты дамуы үшін маңызды факторлар.
Азаматтық қоғам – мемлекет дамуының басты тірегі. Құқықтық мәдениет пен азаматтардың белсенділігі артқан сайын, билік пен қоғам арасындағы өзара сенім күшейеді. Құрылтайда сот жүйесінің ашықтығы, мемлекеттік басқаруда халықтың қатысу деңгейін арттыру, қоғамдық ұйымдардың рөлін нығайту мәселелері талқыланады деп күтеміз. Бұл азаматтардың мемлекеттік органдарға деген пікірін жоғарылатып, құқықтық сауаттылықты дамытуға жол ашады. Қазақ халқының мәдениеті мен руханияты – елдің рухани тұтастығының негізі. Ұлттық бірегейлікті сақтап, оны жаңа деңгейге көтеру үшін мәдениет пен өнерге инвестиция салу маңызды. Жастардың тарихи санасын жаңғырту, ұлттық өнер мен әдебиетті қолдау, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту – бүгінгі күннің өзекті мәселелері. Себебі қазіргі кезде жастар арасында қазақ тілінің мәртебесін көтеру қызу талқылануда. Сондықтан да мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту бойынша нақты шаралар қабылдануы керек. Елдің маңызды тірегі болып білім саналады. Себебі бәсекеге қабілетті ел болудың негізгі түп тамыры – білімді жастарда. Сол себепті Қазақстанда білім беру сапасын арттыру, ғылымды қаржыландыру, білікті маман даярлау керек. Ол үшін ауыл мектептерін дамыту және жас ғалымдарға арналған гранттар мен ғылыми жобаларды қаржыландыру көлемін арттыру қажет. Бұл халықтың өміріне әсерін тигізетін негізгі факторлар болып табылғандықтан, шағын және орта бизнесті дамытуға күш салу және жаңа жұмыс орындарын дайындау ұсынылуы тиіс.
Қорытындылай келгенде, Ұлттық құрылтай бұл қоғам мен мемлекеттік билік арасындағы маңызды диалог болып табылады. Құрылтайда қозғалған әрбір мәселе Қазақстанның тұрақты дамуына тікелей әсерін тигізеді. Сондықтан біз қоғам болып ашық түрде өз ойымызды жеткізе білуіміз қажет.
Бақытжан ҚАЛЫМБЕК,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Кеден, қаржы және экологиялық құқық
кафедрасының қауымдастырылған
профессоры, з.ғ.к.
ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРҒАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ
Соңғы жылдары Ұлттық құрылтай қазақстандық қоғам мен мемлекеттік биліктің арасындағы ашық әрі тікелей диалог жүргізетін маңызды демократиялық диалог алаңына айналды. Яғни, бұл алқалы жиын ұлттық бірегейлікті нығайту мен қоғамды ұйыстыруға бағытталған икемді үнқатысу платформасы. Ұлттық құрылтайға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етіп, ұлт болашағы үшін мәні зор игі бастамалар ұсынуы, ел аманатын арқалаған құрылтай мүшелерімен және қоғам белсенділерімен кеңесіп, дүйім жұрттың талап-тілектері тыңдалуы «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзіндегі жарқын көрінісі екені сөзсіз.
Алғашқы үш құрылтай халқымыз үшін қасиетті саналатын Ұлытау, Түркістан мен Атырау жерлерінде өткен болса, биылғы төртінші құрылтай Көкшенің бауырында, Бурабайда өтті. Бұл жолы да Ұлттық құрылтайда еліміз үшін өзекті мәселелер қозғалуда. Президентіміз Қ. Тоқаев көптің көкейінде жүрген, көптеген көкейкесті мәселелерге тоқталып, көңілге қонымды ұсыныстар жасады. Мысалы, биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Ата заңымыздың 30 жылдығы сияқты бірнеше мерейтойлар қатар келіп тұр. Соған орай Мемлекет басшысы елімізде Абай институтын құрып, шет елдерде қазақы төл мәдениетімізді насихаттайтын орталыққа айналдыруды тапсырды.
Соңғы кездері Қазақстанда ауыл-аймақтардың атауын өзгертуде жиі қайталанатын атаулар мен тарихи тұлғалардың есімін беру белең алып кеткені бәрімізге мәлім. Тіпті кейбір билігі мен байлығы бар азаматтар өздерінің ата-бабаларының атын шығаруға тырысып, өз мүдделері үшін отандық тарихты бұрмалап, елді мекендер мен көшелердің атын иеленуді «модаға» айналдырғаны да ащы шындық. Сондықтан президентіміз Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында ономастика саласындағы жаңа ұстанымдарды да айқындап, енді ұлттық нақыштағы, тарихи сыры және мәдени мәні бар, әдемі жер-су атауларын, халық ішінде кең таралған дәстүрлі атауларды беруге көшкен жөн деген салиқалы ойын білдірді.
- Бірақ ауыл-аймақтардың тарихи тұрғыдан ескірген атауларын өзгерту мәселесіне мұқият қараған жөн. Бұл жерде ешқандай науқаншылдық болмауы керек. Халық арасында жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізіп, тұрғындардың пікірін ескеру маңызды, - деді Президент. Яғни, ХХ ғасырдағы кеңестік тоталитарлық заманды еске салатын кейбір елді мекендер мен көшелердің ескі атауларын халқымыздың төл тарихынан көрініс беретін әдемі атауларға ауыстырудың саяси маңызы зор.
Мемлекет басшысы Қазақстанда ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда дұрыс қолданылмай келе жатқан ресурстар мен әлеуетке де тоқталды. Олардың қатарында кино түсіру саласының рөлі зор, себебі кино тек өнер ғана емес саясаттың да құралы, ұлттық идеологияны халыққа насихаттап жеткізудің жолы. Бұл тұрғыда Президентіміз атыс-шабыс пен алдау-арбауға, мағынасыз ойын-күлкіге толы толы кейбір отандық киноларды сынады. Кино саласын мемлекеттілік пен ұлттық бірлік нығайтуға, отаншылдық рухты күшейтуге қызмет етуге шақырды.
Сондай-ақ, алдыңғы өткен Құрылтайда Мемлекет басшысы Наурыз мерекесін ұлттық нақышта атап өтуге бағытталған Наурызнама онкүндігін ұсынған болатын. Бұл игі бастама да барша халықтың қызу қолдауына ие болып, дәстүрге айнала бастады. Сондықтан ұлттық киім үлгілерін жаңғыртып, заманауи өмір салтына айналдырудың маңызы зор екеніне Президент бұл жолы да ерекше тоқталып өтті. Шынында, қазіргі уақытта қазақы ұлттық киім кию қоғамдағы жаңа трендке айналып отыр. Әсіресе азаматтар қазақы ұлттық киімге құрметпен қарап, қошқар мүйізді оюмен көмкерілген киім-кешектерді күнделікті өмірде кие бастауы қуантады.
Сонымен қатар соңғы жылдары елімізде мемлекеттік тілді қолданудың аясы айтарлықтай кеңейіп дамып отыр. Әсіресе жастар арасында қазақ тілін қолдану деңгейі өте жоғары. Бұл мәселе туралы Президентіміз Қ.Тоқаев жыл басында «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында да ерекше тоқталып өткен еді. Интернетте қазақ тіліндегі контент көбейген, әлеуметтік желілерде қазақ тілінің қолданысы өте белсенді. Қазақ тілінде шыққан жаңа фильмдердің кассалық табысы еселеп артуда. Ютюб желісінде қазақша музыка мен фильмдердің қаралымы миллиондап өсуде. Орта және орташа кәсіптік, жоғары білім беру ұйымдарында да қазақ бөліміндегі білім алушылар контингентінің саны үздіксіз көбеюде. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы мемлекеттік тіл – қазақ тілінің жалпыұлттық бірегейлікті нығайтатын, ұлттық ұйысуға мәйек болатын әлеуеті зор екеніне ерекше тоқталды.
Сейілбек МҰСАТАЕВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы
ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ – ЖЕРГІЛІКТІ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУГЕ ЖАҢА СЕРПІН БЕРДІ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың 4-ші жиынында: "Еліміздегі саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді.Соңғы жылдары елімізде жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыры кеңейді, үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылды" – деп атап өтті
Ұлттық Құрылтайда келесі қоғамдық өзекті мәселелер талқыланды: "Азаматтық қоғам", "Мәдениет. Өнер. Руханият", "Білім және ғылым", "Әлеуметтік-экономикалық даму". Соңғы мәліметтер бойынша ел экономикасының өсімі 4,8% болып, негізгі капиталға 19,3 трлн теңге инвестиция салынған. Сонымен қатар, тікелей шетелдік инвестиция көлемі 13 млрд доллар болған. Яғни ұлттық экономиканың даму серпіні өсіп жатыр.
Президент өз баяндамасында атап өткендей жергілікті басқару жүйесінде ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарды. Пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімі сайланды. Биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болады. Түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауы өкілді билік органдарының жұмысына тың серпін берді. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайланды. Инновациялық технологияларға негізделген білім экономикасын құрумен қатар, еліміздің жаппай цифрланған және жасанды интеллект жүйесі қарқынды дамуы керек. Жас мамандардың әлеуетін дұрыс пайдалану және нарық бәсекелестігі мен сұранысқа ие болатын сапалы мамандар даярлау арқылы ұлттық экономикамыздың жаңа деңгейге бағыттау қажет. Жас мамандарды жергілікті басқару органдарында өз мамандығымен жұмыспен қамту өңірлердің әлеуметтік-экономикалық деңгейін жақсартады және нарық кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Қазіргі уақытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, АҚШ, Германия, Индия, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Франция сияқты дамыған елдердің студенттері білім алуда. "Экономика және бизнес" жоғары мектебінде 3 деңгейде дайындалып жатқан "Мемлекеттік және жергілікті басқару" мамандықтарының мақсаты кең ауқымды аналитикалық және практикалық дағдылары бар бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие болатын мамандар даярлау болып отыр. Алыс шет елдердің университеттерімен: жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық меморандумға қол қойылып 35 шет елдік ғалымдармен ғылыми жұмыстар атқарылуда. Оқу бағдарламалары жұмыс берушілердің талаптары мен ұсыныстары ескерілуде. Мемлекетіміз "Менеджмент" кафедрасында 3 деңгейдегі даярланып жатқан "Мемлекеттік және жергілікті басқару" мамандықтарын бітіруші түлектерімізге кең мүмкіндіктер беріп отыр: жас мамандардың еліміздің 17 облысындағы 164 аудандарындағы 6208 ауылдық аймақтарға оралуына, өңірлерде кадр тапшылығын азайтуға және мемлекеттік қызметке орналасып тәжірибе жинау мүмкіндігіне ие болып отыр. Ең бастысы "Мемлекеттік және жергілікті басқару" мамандықтарын үздік бітірген түлектеріміз осы жеңілдіктер негізінде жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды.
"Менеджмент" кафедрасының профессор-оқытушылары, Ел Президентінің Ұлттық құрылтайдың 4-ші жиынында мемлекеттік және жергілікті басқару жүйесін жетілдіру бағытындағы бағыт бағдарын қолдай отырып, оны іске асыру жұмыстарын жүйелі жалғастыра бермек.
Оңалбек АБРАЛИЕВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
"Менеджмент" кафедрасының профессоры, э.ғ.д.
ЕЛ БОЛАШАҒЫНА НЕГІЗДЕЛГЕН ҚҰРЫЛТАЙ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен құрылған Ұлттық Құрылтай, шын мәнісінде билік пен қоғам арасындағы салиқалы диалогты қалыптастырудың алтын көпіріне айналды. Әрбір отырыстарында еліміздің көкейкесті мәселелерін көтеріп, ашық талқылауға ықыласты Құрылтай тарихи жүгін орнықты атқаруда. Қазақтың тарихи жадында киелі өңірлер саналатын Ұлытау, Түркістан, Атырау және IV отырысы Бурабайда өтіп жатқан Құрылтай жұмысының нәтижелері ел болашағына
Құрылтайда қарастырылып, талқыланатын мәселелер аса ауқымды, мұнда саясат, адам құқығы, идеология, әлеуметтік-экономикалық сұрақтар барлығы қамтылады деп айтуға болады. Ел ішіндегі әлеуметтік күрделі мәселелер назардан тыс қалмайтындығын атаған жөн. Отбасы құндылықтары, баланы қорғау, қоғамның әрбір мүшесінің жоқтаушысы, тірегі өз мемлекеті екендігін заңнамалық негізде және ұлтымызға тән тәлім-тәрбиемен шешуде Құрылтайдың атқарған істері нәтижелі. Руханият пен мәдениет мәселесі де арнайы жұмыс секцияларында талқыланып, ұлттық мемлекеттің негізі қазақ тілі мен әдебиеті, салт-дәстүрі мен тарихы екендігі байыпты ұғындырылып келеді. Сондай-ақ, білім мен ғылым саласындағы көкейкесті сұрақтар, білім алушы мен ұстаз тұлғасы, білім алу мен кәсіби маман атану, қазақстандық ғылымды әлемдік брендке айналдыру жолындағы іс-шаралармен ұштастыру бағытындағы талдамалық жобалары да қолдауға лайықты.
Биылғы Құрылтайда сөйлеген сөзінде ел басшысы, 14-наурыз «Амал мерекесінің» тарихи тамырларын зерделеп, «Ұлық мейрам - әз Наурыз» бен қасиетті Оразаға Құрылтайдың қатар келуінің мән-мағынасына назар аударды. Еліміздің, ұлтымыздың тарихының тереңдігін түрлі өркениеттер мен мәдениеттер тоғысуында өзінің бірегей болмысын сақтап, ұлттық құндылықтар жүйесін қалыптастырған сыпаты дәлелдейді. Мемлекет басшысы саяси реформалардың табысты жүргізілгендігін атап, құқықтық, әкімшілік, басқару жүйесіндегі оң өзгерістерге нақтылы тоқталып өтті. Демократиялық, азаматтық қоғам құру жолындағы кеңшілікті теріс түсінетіндер туралы қоғамдағы кейбір келеңсіздіктермен байланысты орынды көтерді. Жалпы алғанда, Құрылтайдың мақсаты мен міндеті жайында президенттің «Алқалы жиын алғашқы күннен бастап жалпыхалықтық жаңғырудың символына айналды. Қоғамдық диалогтың жаңа үлгісі қалыптасты. Өзара түсіністік пен құрмет бар жерде келісім болады. Құрылтайдың түпкі мақсаты да – осы» деген бағасы орынды, әділ айтылды.
Ұлттық Құрылтайдың мәртебесінің биік болуына қоғам болып атсалысу бәрімізге парыз.
Гүлбану ЖҮГЕНБАЕВА,
Тарих ғылымдарының докторы
ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУДЫҢ АЛҒЫШАРТЫ
Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында ел болашағына қажетті ең өзекті мәселелер көтерілді. Оның негізгі міндеті – еліміздегі қоғамды ұйыстыру, ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен құндылықтарын дәріптеу және қоғамдағы күрделі мәселелерді жан-жақты талқылау. Құрылтайға еліміздің барлық өңірлерінен көптеген делегаттар келді.
Қазіргі кезде еліміз қоғамды демократияландыру аясында көптеген демократиялық реформаларды жүзеге асыруда. Осы тұрғыда азаматтық қоғамның алатын орны ерекше. Азаматтық қоғам – мемлекет дамуының басты тірегі.
Азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет – егіз ұғымдар. Азаматтық қоғамы дамымаған мемлекет дамудың даңғыл жолына түсе алмайды. Сондықтан Президентіміз азаматтық қоғамды дамыту және ілгерілету үшін осындай келелі шараларға баса назар аударады. Азаматтық қоғамы дамыған елдерде құқықтық мемлекет алға қарай дамиды. Алайда Қазақстанның өз жолы және өз ұстанымы бар. Осыларды іске асыру үшін біз өз тарапымыздан барлық реформаларды жүзеге асыруымыз шарт. Құрылтайға жиналған делегаттар осы мәселені пысықтап, нақтылау үшін өз ойлары мен пікірлерін айтады.
Қорытындылай келгенде, Ұлттық құрылтай қоғам мен мемлекет арасындағы өзара дәнекерлікті атқаратын институт ретінде өзінің өміршеңдігін дәлелдейді деген үміт бар. Құрылтайда қарастырылған және айтылған мәселелер еліміздің тұрақты дамуына оң ықпал етеді деп ойлаймын. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде қоғамда әрқайсымыз өз ойымызды бүкпесіз ашық айтып, еститін мемлекет құруға талпынуымыз қажет. Сондықтан біз қоғам болып ашық түрде өз ойымызды жеткізе білуіміз керек.
Нұрбол ЖЕТІБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Кеден, қаржы және экологиялық құқық
кафедрасының аға оқытушысы, з.ғ.к.
БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ
Ұлттық құрылтай – қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған ашық диалог алаңы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл жиын ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын орын. Биылғы құрылтайда азаматтық қоғам, мәдениет, өнер, руханият, білім және ғылым, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері көтерілуде. Бұл бағыттар Қазақстанның болашағын қалыптастыруда үлкен рөл атқарады.
Білім мен ғылым – кез келген елдің дамуының басты қозғаушы күші. Дегенмен Қазақстанда бұл салаларда бірнеше өзекті мәселе бар. Біріншіден, орта білім беру жүйесіндегі теңсіздік. Басқаша айтқанда, қазіргі таңдағы ауылдық жердегі оқу орындары мен қалалық жердегі оқу орындарында үлкен айырмашылық байқалады. Көптеген білімді мамандар қалалық жерде қалу себебінен ауылдық жерлерде жақсы мамандар жетіспеушілігі жас буынның тиісті деңгейде білім сапасын ала алмауына әкеледі. Сондықтан орта білім беру жүйесінің сапасын көтеру үшін ауыл мектептерінің инфрақұрылымын дамыту және интернетке қолжетімділікті арттыру; ұстаздардың біліктілігін арттыруға арналған арнайы бағдарламалар енгізу; оқулықтардың сапасын жақсартып, оқыту әдістемесін жаңарту сияқты жаңа жобалар енгізу керек. Екіншіден, жоғары білімнің сапасы мен қолжетімділігі төмен. Себебі көптеген жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламалары халықаралық стандарттарға толық сәйкес келмеуі, академиялық мүмкіндіктердің шектелуі және студенттердің шетелге білім алуға ұмтылысы мен мамандардың жетіспеуі тікелей елдің хал-жағдайын түсіреді. Осыған байланысты жоғары білімді реформалау керек, университеттерді халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, академиялық еркіндікті күшейту, студенттер мен оқытушылардың ғылыми-зерттеу жүргізуге мүмкіндігін арттыру, мемлекеттік гранттардың санын көбейтіп, ауыл жастарына арнайы квота бөлу керек деп ойлаймын.
Ұлттық құрылтайда білім мен ғылым мәселелерінің талқылануы еліміздің болашағы үшін аса маңызды қадам болды. Қазақстандағы білім жүйесі мен ғылым саласы жаңаша даму жолына түсуі тиіс. Мемлекет осы бағыттағы реформаларды күшейтіп, сапалы білім мен ғылыми зерттеулерді қолдауы қажет. Себебі дамыған елдер қатарынан орын алуымыз білімді, білікті ұрпақтың қалыптасуына тікелей байланысты.
Жайсаңбек АМАНЖОЛОВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Кеден, қаржы және экологиялық құқық
кафедрасының доценті, з.ғ.к.
ӘДІЛ ҚОҒАМ ОРНАТУ ҮШІН ӘРҚАЙСЫМЫЗ ӘДІЛ БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК
Кеңес заманында ұзақ жылдар бойы «бізді үкімет аштан өлтірмейді, көштен қалдырмайды», «бәрін партия ретке келтіреді» деген сенімге иек арттық. Бұл сенімге иек артқанымыз соншалық – біз үшін бәрін біреу істеп беретіндей бейғам тірлік кештік. Міне, осындай бейғамдығымыз бүгінгі нарықтық экономикада өзімізге үлкен бөгесін, зор кедергі болып отыр. Жауапкершіліктен жалтару, өзінің міндетін өзгеге арту, дайын дүниені күту, өзгерістерден қорқу секілді осындай бейғамдықтардан енді толық арылуымыз керек. Өзгерістің үлкені қоғамдық санадан басталады. Біздің әрқайсымыз Қазақстанның азаматы ретінде мойнымызға жауапкершілік жүктей білуіміз керек. «Егер мен пара алсам, не болмаса пара берсем, онда қоғамымыз да былғана, бүліне бастайды. Өйткені мен қоғамның мүшесімін ғой. Сондықтан да қоғамымыз, бәрімізге ортақ Қазақстанымыз таза, әділ болу үшін біздің әрқайсымыз қай жерде де, қандай жағдайда да таза әрі әділ болуымыз керек» деген ойға табан тіреуіміз қажет және осы ұстанымды өзімізге, өмірімізге мәңгілік серік етуіміз керек. Адам түзелмей, қоғам түзелмейді.
Бүгінгі Бурабайда өтіп жатқан құрылтайдан өз басым осындай ой түйіндедім.
Әмірхан МЕҢДЕКЕ,
ҚазҰУ-дың журналистика факультеті
Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер
кафедрасының аға оқытушысы
ХАЛЫҚТЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ САУАТЫН АРТТЫРУ МАҢЫЗДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында қоғамда қызу талқыланып жатқан салық реформасына қатысты пікір білдірді. «Енді бірқатар мәселеге арнайы тоқталып өткім келеді. Ең алдымен қоғамда қызу талқыланып жатқан салық реформасына қатысты пікірімді айтайын. Салық жүйесі, бұл – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды. Еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін адамға түсінікті тілмен жеткізу керек», – дейді Мемлекет басшысы.
Президент үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді ұсынғанын атап өтті. «Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұрыс. Онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген. Кәсіби мамандар да, жалпы жұртшылық та қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажеттігіне түсіністікпен қарайды. Дегенмен ұсынылған шараларға, соның ішінде қосымша құн салығына қатысты сын-пікірлер де естіліп қалады. Бірақ мұндай пайым шынайы ахуалға негізделмеген. Түрлі себепке байланысты өзіне ауқымды әлеуметтік міндеттеме алмайтын елдер аз емес. Ал Қазақстанның бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік саланың еншісінде. Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз. Бұл біздің конституциялық міндетіміз. Бірақ шын мұқтаж азаматтарға ғана көмек көрсетілуі керек. Қызметін асыра пайдалануға, алаяқтыққа жол берілмейді. Сондықтан басымдық берілмеген жобаларға бөлінетін қаржы азаяды. Бұл қажет шара екені айдан анық. Үкімет осы жылдың соңына дейін оны қалай оңтайландыру керектігін біржола анықтап алуға тиіс», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қ.Қожабек,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Кеден, қаржы және
экологиялық құқық кафедрасының аға оқытушысы,
философия докторы
Басқа жаңалықтар

