БҰҰ ТДМ «Тұрақты даму мақсатындағы әріптестік» аясында қытайтану кафедрасының профессоры Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің студенттеріне ашық онлайн-дәріс өткіздіFarabi University

БҰҰ ТДМ «Тұрақты даму мақсатындағы әріптестік» аясында қытайтану кафедрасының профессоры Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің студенттеріне ашық онлайн-дәріс өткізді

18 наурыз, 2025

2025 жылдың 18 наурызында қытайтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Фатимабибі Ноғайқызы Дәулет Қытай Халық Республиасының Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің студенттеріне онлайн-дәріс оқыды. Дәріс Tencent платформасы арқылы өткізілді. Сабаққа Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің 16 факультетінен 134 студент қатысты. Ашық сабақ «Қытай және шетел әдебиетімен танысу» пәні аясында «Қазақстан Республикасының әдебиетінің өткені мен бүгіні» тақырыбында өтті. Онлайн-дәріс барысында Фатимабибі Ноғайқызы қазақ әдебиетінің дамуының негізгі төрт кезеңі – ежелгі, ортағасырлық, жаңа заман әдебиеті және қазіргі заман әдебиетінің даму ерекшеліктері жайлы егжей-тегжейлі баяндап берді. Шетелдік студенттер тарапынан қазақтың ұлы ақыны және ағартушысы Абай Құнанбаевтың шығармашылығы үлкен қызығушылық тудырды. Абайдың еңбектері ежелгі қытай философы Конфуцийдің ілімімен салыстырмалы түрде талданды. Ф.Н. Дәулет – еліміздің және шет мемлекеттердің шығыстанушы, қытайтанушы қауымдастықтарына аты кеңінен танымал ғалым әрі оқытушы. Ол өз дәрістері мен семинарларында ақпараттық-коммуникациялық технология, сыни ойлауды дамыту технологиясы, жобалық оқыту, дамытушы оқыту, проблемалық оқыту, кейс-әдіс, кіріктірілген оқыту технологиясы, ынтымақтастық педагогикасы, құзыреттілікке бағытталған және тұлғалық-бағдарлы оқыту секілді заманауи педагогикалық технологияларды кеңінен қолданады. Солтүстік-Батыс политехникалық университеті (NPU/NWPU) – Қытайдың  жоғары оқу орындарының ішінде алдыңғы қатарда тұрған оқу орындарының бірі. Аталмыш оқу орнының  негізгі бағыты – авиация, ғарыш және теңіз инженериясы саласындағы білім беру мен зерттеулер болып табылады.