- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс студенттері Наурыз мейрамын жоғары деңгейде атап өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс студенттері Наурыз мейрамын жоғары деңгейде атап өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультеті, Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының 1-курс студенттері 18 наурыз күні "Қош келдің, әз-Наурыз" атты тағылымды іс-шара ұйымдастырып, ұлттық мерекенің көркемдігін ерекше деңгейде көрсетті.
Іс-шараның жүргізушілері ретінде "Шетел филологиясы" мамандығының 1-курс студенттері Айнидинова Айым мен Мұратбай Зере шығып, кешті жоғары деңгейде алып барды. Кеш барысында студенттер ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеп, көрермендерге қызықты әрі танымдық мазмұндағы бағдарламаны ұсынды.
"Шығыстану" мамандығының 1-курс студенті Разиева Ясмин қазақ халқының зергерлік әшекей бұйымдары туралы тың ақпараттармен бөлісіп, өзінің қолымен жасаған әшекейлерін көрермен назарына ұсынды. Бұл студенттің өнерге деген қызығушылығы мен ұлттық мұраны сақтау жолындағы еңбегін көрсетті.
"Шығыстану" мамандығының 1-курс студенті Жумағазы Анель "Наурыз көже қалай жасалады?" атты видеосын көрсетіп, оны түрік тілінде баяндады. Оның тілді меңгерудегі қабілеті мен шығармашылық шеберлігі қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.
"Шығыстану" мамандығының 1-курс студенті Бидилда Қарлығаш Orxan Mürvetli-нің "Novruz bayram" атты әнін түрік тіліне аударып, оны әсем даусымен орындады. Оның аудармашылық пен әншілік қабілеті көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
"Шығыстану" мамандығының 1-курс студенті Әжібек Балауса "Neyruz bayramındaki geleneksel oyunlar" атты баяндамасында қазақтың көкпар, қыз қуу, арқан тарту, алтыбақан, асық сынды ұлттық ойындары туралы қызықты мәліметтермен бөлісті.
Сонымен қатар, "Шетел филологиясы" мамандығының 1-курс студенттері Бексұлтан Аянат пен Сағындық Мейіргүл келген қонақтарға қазақ халқының ұлттық тағамдарын ұсынып, көңілді ойындар ұйымдастырып, мерекенің көркін қыздыра түсті.
Іс-шараға кафедра меңгерушісі М.Ш.Эгамбердиев, орынбасарлар А.Халел мен Э.Дулаева, кафедра оқытушылары Қ.Қайполла, С.Шахин және 2-3 курс студенттері қатысты. Олар студенттердің бастамасына ризашылығын білдіріп, оларға шығармашылық табыс тіледі.
Бұл мерекелік шараның ұйымдастырылуына Н.Н.Кайранбаева мен 1-курс кураторы М.Эгамбердиев ұйытқы болып, студенттердің жан-жақты дамуына қолдау көрсетті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеп, өздерінің шығармашылық қабілеттерін шыңдап, білім мен өнерді ұштастыруға деген үлкен қадам жасады. Мұндай іс-шаралар жастардың мәдени құндылықтарға деген құрметін арттырып, ұлттық рухты нығайта түсері анық!
Н.Н.Кайранбаева
Басқа жаңалықтар

