Менің Қазақстандағы білім алу тәжірибемFarabi University

Менің Қазақстандағы білім алу тәжірибем

19 наурыз, 2025

Мен, Турганалиева Аружан, Өзбекстаннан келген шетелдік студентпін. Қазіргі уақытта Қазақстанның ең беделді жоғары оқу орындарының бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде  білім алып жатырмын. Мен 1-курс студентімін және шығыстану факультеті, қытайтану кафедрасында оқимын. 

Қазақстанда білім алу – мен үшін үлкен мүмкіндік. Бұл елдегі білім беру жүйесі жоғары деңгейде дамыған, ал Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда танымал университет. Мұнда оқу бағдарламасы өте сапалы, ал оқытушылар – өз саласының нағыз мамандары. 

Менің мамандығым – Қытайтану, және бұл сала қазіргі таңда өте маңызды. Қытай тілі мен мәдениетін меңгеру болашақта үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Оқытушылар бізге тек тілді ғана емес, Қытайдың тарихын, мәдениетін, экономикалық және саяси жүйесін де үйретеді. Сонымен қатар, университетте қытай тілін практика жүзінде жетілдіру үшін арнайы тілдік курстар мен іс-шаралар ұйымдастырылады. 

ҚазҰУ кампусы өте үлкен және заманауи. Мұнда студенттерге барлық жағдай жасалған – үлкен кітапхана, жатақханалар, спорт залдар мен мәдени іс-шараларға қатысу мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар, университет халықаралық студенттерді жылы қабылдайды, бізге әрдайым қолдау көрсетеді. 

Қазақстанда оқу маған тек білім ғана емес, жаңа достар, жаңа мәдениет пен жаңа тәжірибе сыйлады. Мен болашақта алған білімімді Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту үшін қолданғым келеді. 

Бұл жерде оқу – мен үшін үлкен құрмет және болашаққа жасалған маңызды қадам!