Ланьчжоу қаласындағы студенттік өмір: Мәдениет, білім және жаңа тәжірибелерFarabi University

Ланьчжоу қаласындағы студенттік өмір: Мәдениет, білім және жаңа тәжірибелер

19 наурыз, 2025

Асқарбекқызы Жанерке, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Шығыстану» мамандығы бойынша 3-курс студенті, Қытайдағы оқу тәжірибесімен бөлісті.

Қытай — бұл әлемдегі ең көп халқы, терең мәдениеті, дәстүрлері мен тарихы бар ел. Қытайға білім алу үшін барған студенттердің тәжірибесі әртүрлі және қызықты. Мен де осы тәжірибені басымнан өткізген студенттердің бірі ретінде өзімнің Қытайдағы өмірім мен тіл үйренудегі жетістіктерім туралы бөліскім келеді.

 Қытайға алғашқы қадам: Жергілікті өмір мен мәдениетке бейімделу

Қытайға алғаш барғанымда, мен көптеген жаңа нәрселерге куә болып, үйренуге тырыстым. Қытайдың үлкен қалаларында өмір сүрудің өзіндік ерекшеліктері бар. Біріншіден, Қытайдағы адамдардың жұмыс істеу мәдениеті өте жоғары деңгейде. Олардың уақытының құндылығы ерекше, сондықтан мен де осы мәдениетке бейімделіп, уақытты тиімді пайдалануды үйрендім.

 Қытайлықтардың дәстүрлі әрі заманауи мәдениетінің үйлесімі мені таң қалдырды. Мысалы, бір жағынан дәстүрлі қытай тағамдары мен мәдениеті сақталса, екінші жағынан қалада көпшілікке арналған заманауи техника мен жаңа технологиялар дамыған.

Сонымен қатар, Қытайдағы басқа университеттермен өткізілетін мәдени байланыстар мен алмасулар бағдарламалары да қызықты болды. Біз Қытайдың басқа аймақтарынан келген студенттермен достасып, өзара мәдени алмасу іс-шараларында тәжірибе алмастық. Бұл шаралар біздің тіл үйрену деңгейімізді жақсартып қана қоймай, жаңа достар табуға да мүмкіндік берді.

Ланьчжоудағы студенттік өмір мен үшін өте қызықты әрі ұмытылмас болды. Мен бұл қалада білім алып, жаңа мәдениетпен танысып, қытай тілін үйрену мен әлеуметтік өмірдің түрлі салаларында тәжірибе жинақтадым. Ланьчжоуда өткізген уақытым маған көп нәрсе үйретті: табандылық, өзіне сенімділік және жаңа жағдайларға бейімделу. Сонымен қатар, бұл қалада мен көптеген жаңа достар тауып, әртүрлі мәдениеттермен таныстым, өзімнің болашақ кәсіби және жеке өмірім үшін өте маңызды тәжірибе алдым.

 Қытай тілін үйрену: Күрделі және қызықты жол

Қытай тілі – әлемдегі ең көне және күрделі тілдердің бірі. Мен Қытайға барғанда, алғашқы қиындықтардың бірі – тіл болды. Қытай тілін үйрену үшін көп күш пен уақыт қажет етеді.

 Қытайда тіл үйренудің ең тиімді жолы – жергілікті ортада болу және күнделікті өмірде қытай тілін қолдану. Қытай тілін үйренудің тағы бір маңызды кезеңі – тыңдау дағдыларын дамыту. Мен әрқашан қытай тілінде сөйлейтін адамдармен қарым-қатынас жасауға тырыстым. Бұл менің тілдік дағдыларымды тез дамытуға көмектесті. Сонымен қатар, Қытайдағы университеттің тіл курстары мен мұғалімдерімнің көмегімен деңгейім айтарлықтай көтерілді.

 Жетістіктер мен болашаққа жоспарлар

 Қытайдағы өмірім мен мәдениетпен танысу меніңкөкжиегімді кеңейтті және менің қытай тілі деңгейім көтерілді. Бұл тәжірибе мені көп нәрсеге үйретті: басқа елдің мәдениеті мен өмір салтына қалай бейімделу керек, тіл үйренудің маңызды жолдары мен табандылықтың маңызын түсіндім.

 Қытайда білім алу менің болашақ жоспарларыма да үлкен әсер етті. Қазіргі таңда мен қытай тілін меңгеру арқылы Қытайдағы халықаралық қатынастар саласында өз орнымды табуға ниеттімін. Сонымен қатар, Қытайдағы өмір мен оқу мені ғаламдық деңгейде ойлауға, түрлі мәдениеттерді қабылдауға үйретті.

 Қытай – бұл тек қана тіл мен білім ғана емес, сонымен қатар жаңа тәжірибелер мен мүмкіндіктер әлемі. Бұл елде болу мен үшін үлкен мүмкіндіктердің бірі болды.