“Достық дастарханы” атты іс-шараFarabi University

“Достық дастарханы” атты іс-шара

21 наурыз, 2025

2025 жылдың 21 наурызында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Философия және саясаттану факультетінің «Дінтану және мәдениеттану» кафедрасында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай “Ынтымақ” күніне арналған “Достық дастарханы” атты іс-шара өтті. Бұл шара кафедра оқытушылары Борбасова К., Каупенбаева С.М., Балтымова М., Мұқан Нұрзат, Мұханбет А.А. ұйымдастыруымен өтті.

Іс-шараға “Дінтану” мамандығының 3-курс студенттері белсенді түрде қатысты. Олар ұлттық дәстүрді дәріптеп, дастархан жайып, өзге мәдениеттердің тағамдарын да дайындап, әртүрлі халықтардың Наурыз мерекесін қалай тойлайтыны туралы қызықты ақпараттармен бөлісті.

“Достық дастарханы” – тек қана мерекелік басқосу емес, студенттер мен оқытушылар арасындағы қарым-қатынасты нығайтатын, көпұлтты қоғамдағы ынтымақ пен бірліктің маңызын көрсететін мәні зор шара болды. Мұнда әрбір қатысушы наурыз көже, бауырсақ, түрлі ұлттық тағамдардан дәм татып, өзара жылы лебіздерімен бөлісті.

Бұл шара Наурыз мерекесінің тек табиғаттың жаңаруы ғана емес, адамдар арасындағы достық пен татулықтың символы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Осындай басқосулар жастардың рухани дамуына ықпал етіп, салт-дәстүрді ұлықтауға үндейді.