Педагогикалық практика: тәжірибе жинақтау мен үйренуFarabi University

Педагогикалық практика: тәжірибе жинақтау мен үйрену

26 наурыз, 2025

Педагогикалық практика – білімгерлер ұшін теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, кәсіби дағдыларын қалыптастыруға бағытталған жауапты кезең. Осы орайда үстіміздегі жылдың қаңтар-наурыз айларында «6В01701-Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 4 курс студенттерінің бір тобы «JOO High School Almaty» мектебінен педагогикалық практикадан өткізілді. Тәжірибе барысында ашық сабақтар ТДМ 4: «Сапалы білім беру» мақсаттарын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып, оқу және оқыту сапасын арттыруға бағытталды.     

          Болашақ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мамандары педагогикалық тәжірибе барысында университет қабырғасында алған теориялық машықтарын оқушылармен сабақ өту, тәрбие жұмыстарын жүргізу аясында заманауи педагогикалық әдіс-тәсілдерді шебер пайдалана білді. Мәселен, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының 4-курс студенті Жанарбек Қарақаттың 11-сынып оқушыларына Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы», ал Меңдеш Айнұрдың 11-сынып оқушыларына оқу сауаттылығы пәнінен «Ұлттық аспаптар» тақырыбындағы ашық сабақтары  ТДМ 4: «Сапалы білім беру» мақсаттарын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып, білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету және заманауи технологияларды тиімді пайдалану арқылы оқытудың сапасын арттыруға бағытталды.  Жалпы, бұл тәжірибе студенттеріміздің кәсіби дамуына үлкен ықпал етті. Олар ұстаздық қызметтің тек білім берумен шектелмейтінін, сонымен қатар оқушылардың жан-жақты дамуына бағытталатынын түсінді. Алдағы уақытта да кәсіби біліктілігін арттырып, жаңашыл педагогикалық әдістерді меңгеруге ұмтылары сөзсіз.

             Педагогикалық практика соңында Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының мәжілісінде 4 курс студенттерінің есебі тыңдалып, талқыланды,  ұсыныстар айтылды. Қорыта айтқанда, педагогикалық практикасының нәтижелері оң бағаланды.

Шоқан Шортанбай, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы

кафедрасыының аға оқытушысы, практика жетекшісі,