
2025 жылғы 27 наурызда Шығыстану факультетінде ПОҚ және басшылықтың шетелдік оқытушылармен арнайы кездесуі өтті. Кездесу барысында факультет деканы Ем Наталья Борисовна шақыртылған барлық шетелдік ғалымдарға өз жылы лебізін білдіріп, болашақта бірлескен жемісті жұмыстар атқаратындығына тоқталды. Сонымен қатар, факультет деканы өз сөзінде шетелдік ғалымдарды қызметке тарту профессор-оқытушылар құрамын кәсіби дамыту, түрлі академиялық және ғылыми мәселелер бойынша кеңес беру мақсатында жүзеге асырылатынын атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Қ.Ж. Түймебаевта әр жиында сапалы білім алу үшін студенттер мен оқытушыларға өз тәжірибесімен бөлісетін шетелдік мамандарды тарту қажеттігін атап өтеді. Бұл білім деңгейін арттырып қана қоймай, бүкіл әлемдегі оқу орындары арасындағы халықаралық қатынастарды, ынтымақтастықты нығайтады.
Шығыстану факультеті бұл бағытта өте жақсы жұмыс істеп келеді. Мысалы, бүгінгі таңда факультетте 7 шетелдік ғалым қызмет жасап, ғылыми зерттеулер жүргізеді. Олар Фахиме Шакиба (Иран), Сон Ю Джонг, Ли Бенг Джо, Мионг Сун Ок, Чан Бенг Сун (Оңтүстік Корея), Ниномия Такаши (Жапония), Саваш Шахин (Түркия) бір жыл бойы білім алушыларға сабақ беріп, оқытушылармен бірлескен халықаралық жобалар әзірлейді.
Факультет студенттері шетелдік оқытушылардың сабақтарын өте жоғары бағалайды. Олар сабақтар өздерін қызықтыратын сұрақтар қоюға және тілді қолдануға болатын еркін форматта өтетінін атап өтеді. Факультетке шетелдік ғалымдарды тарту жұмыстары шетелдік серіктес университеттермен ынтымақтастық аясында және университеттің қажеттілігіне сәйкес тұрақты түрде жүргізіледі.
Кездесу соңында факультет деканы мен шетелдік оқытушылар бейресми жағдайда факультеттің даму жоспарларын талқылап, болашақ бағыттарын анықтады.
Басқа жаңалықтар

