Еуропа университеттерінің жетекші мектептерімен әріптестіктің жаңа көкжиектеріFarabi University

Еуропа университеттерінің жетекші мектептерімен әріптестіктің жаңа көкжиектері

29 наурыз, 2025

 

Көктемгі мерекелер күндері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінің деканы, қауымдастырылған профессор Ем Наталья академиялық кадрлардың мобильділігін қолдау жөніндегі саммит бағдарламасы аясында Болгариядағы София университетіне (Sofia University St. Kliment Ohridski)   ( https://www.uni-sofia.bg/index.php/eng/the_university ) жұмыс сапарымен барып, осы университеттің Классикалық және заманауи филология факультетімен ынтымақтастық орнату мақсатында бірқатар кездесулер өткізді. Университетке келген қонақты факультет ұжымы факультет деканы, профессор Гергана Петкованың (Gergana Petkova) жетекшілігімен қарсы алды.


 София университеті “Св. Климент Охридски” – Болгарияның ең көне және беделді жоғары оқу орындарының бірі. 1888 жылы негізі қаланған университет білім мен ағартудың қамқоршысы саналатын әулие Климент Охридскийдің атымен аталған. Университет Болгария астанасы София қаласының орталығында орналасқан және елдегі жетекші білім ордаларының бірі болып саналады. Оның халықаралық мойындалуы мен аккредитациясы бар, сондықтан бұл оқу орнында алынған дипломдар мен біліктіліктер әлемнің көптеген елдерінде танымал.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультеті мен София университетінің Классикалық және заманауи филология факультетінің оқу бағдарламалары өзара ұқсас. Екі факультетте де қытай, жапон, корей, түрік, араб және басқа да шығыс тілдері оқытылады. Сонымен қатар, Болгария университетіндегі аккредитациядан өту талаптары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жұмыс істейтін аккредитациялық агенттіктердің критерийлеріне сәйкес келеді.
Сапар нәтижесінде “Шығыстану” және “Шетел филологиясы: шығыс тілдері” мамандықтары бойынша докторантура мен магистратура бағдарламалары аясында әріптестік орнату жөнінде келісімдер жасалды. Сондай-ақ, магистратура деңгейінде түрік тілі бойынша бірлескен оқу бағдарламаларын әзірлеу жөнінде келіссөздер жүргізілді.
Бұдан бөлек, София университетінде Әл-Фараби орталығы ашылып, қазақ тілін оқыту жоспарланып отыр. Осыған байланысты, Болгарияда қазақ тілін дәріптеуге бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру көзделуде.
Ынтымақтастық аясында студенттерге арналған жазғы және қысқы мектептер, сондай-ақ магистранттар мен докторанттарға арналған виртуалды ғылыми семинарлар алаңдары құрылатын болады.
Тәжірибе алмасу мен жаңа серіктестік көкжиектері кең аудиторияның қызығушылығын тудырып, София университетінің Классикалық және заманауи филология факультетінде өткен кездесулер барысында жан-жақты қолдау тапты.