Neotürk конференциясы түркітанудың жаңа бағыттарын айқындадыFarabi University

Neotürk конференциясы түркітанудың жаңа бағыттарын айқындады

7 сәуір, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жас түркітанушылар мен білім алып жатқан жастарға арналған «Neotürk: ғасырлар мен технологиялар тоғысында» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.

ҚазҰУ мен Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қоры бірлесе ұйымдастырған іс-шара түркі халықтарының тілі, тарихы мен мәдениетін зерттеу саласына жас ғалымдарды жұмылдыруға бағытталған.

Ауқымды жиынға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті, мемлекет және қоғам қайраткері Ақтоты Райымқұлова, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының білім жөніндегі кеңесшісі Айхан Коркмаз, шетелден келген ғалым-сарапшылар, ҒЗИ басшылары, жас зерттеушілер мен студенттер жиналды.

Конференция барысында ҚазҰУ-дың филология факультетінде академик, көрнекті ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдуәли Қайдар атындағы Халықаралық түркі мәдениеті және мұрасы орталығы салтанатты түрде ашылды.

Аталған орталықта студенттер өздерінің зерттеу жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, халықаралық жобалармен айналысуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы түркітанушы ғалымдар орталыққа келіп, тәжірибелерімен бөліседі. Бұған қоса, ҚазҰУ студенттері  шетелдік университеттерде тағылымдамадан өте алады.

Жиынды ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев ашып, түркі халықтары арасындағы байланысты жандандыру бағытында университетте жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Біз ғылымды дамыту, соның ішінде қолданбалы зерттеулер жүргізу үшін көп жұмыс істеп жатырмыз. Тарихымыздың әр белесі бізге бөлінуді емес – бірігуді, қиратуды емес – жасампаз болуды үйретіп келеді. Тарихи-мәдени мұрамызды ХХІ ғасырға сай жаңғыртып, жүйелі түрде дәріптеуіміз қажет», – деп атап өтті. Университет түркі әлеміндегі руханият, білім, ғылым салаларын дамытуға белсенді атсалысуда. Жыл сайын түркітанушылардың халықаралық конгресі өтіп келеді. Бүгінде оқу ордасында Түркология және тіл теориясы кафедрасы табысты жұмыс істейді. ҚазҰУ базасында Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты құрылған. Ғылым мен мәдениет қатар дамып жатқан бүгінгі заманда бізге жаңа ойлар мен тың көзқарастар қажет. Бұл ретте жас түркітанушы ғалымдарға үлкен жауапкершілік жүктелуде. Түркі әлемінің бай мұрасын бүгінгі күн тұрғысынан зерттеу – өткенімізді ғана тану емес, болашаққа бағыт-бағдар ұсыну», – деді ректор.

Өз кезегінде Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова түркі халықтарының бірлігін нығайту мақсатында мәдени және рухани бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет екенін атап өтті.

«Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие, лайықты мүмкіндік беру – баршамыздың ортақ борышымыз. Өскелең ұрпақтың арманы  болашақтың бағытын айқындайды. Бүгінгі халықаралық жас түркітанушылар конференциясы дәл осы маңызды тақырып төңірегінде ұшқыр ой қозғап, терең талқылауға жол ашпақ. ХХI ғасыр – өзара  ықпалдастық пен рухани жақындасу ғасыры. Еуразия кеңістігі сан түрлі мәдениеттер тоғысқан, терең тарих пен тағылымды тәжірибе жинақталған өңір. Ал түркі халықтары осы кеңістікте ғасырлар бойы бір-бірімен тағдырлас, тілдес, мәдениеттес болып келген. Бүгінде түркі әлемінің бірегейлігі мен ынтымақтастығы бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Бұл бірлік тек ортақ тарих пен тілге ғана емес, ортақ болашаққа деген сенімге де негізделуі тиіс», – деді Ақтоты Рахметоллақызы.

Сонымен қатар халықаралық шарада Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының білім жөніндегі кеңесшісі Айхан Коркмаз, филология ғылымының докторы, профессор, Түркітану және тіл теориясы кафедрасының меңгерушісі Раушангүл Авакова, ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Қыдыр және т.б. ғалымдар сөз сөйледі.

Ғылыми конференция аясында белгілі түркітанушы-ғалымдардың мотивациялық дәрістері өтті. Конференция қатысушылары «Түркі жазба ескерткіштері: мәтінтану және аударма мәселелері бөлімі», «Асқар Құрмашұлы Егеубаев – орта ғасыр ескерткіштерін зерттеуші», «Түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасы ғасырлар тоғысында», «Махмұд Қашғари және түркі әлемі», «Түркия және жаһандық үдерістер: тіл, тарих және мәдениет» тақырыптарында өткен панельдік сессиялардың жұмысына қатысты.

Сондай-ақ шара барысында «Түркі мұрасы: жаңа зерттеулер» атты постерлік баяндамалар көрмесі ұсынылып, зерттеу әдістемелері бойынша шеберлік сағаттары онлайн форматында ұйымдастырылды.

Конференция қорытындысы бойынша қатысушылардың барлық ғылыми еңбектері электронды жинақ түрінде шығарылып, электронды кітапханаға орналастырылады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі