Синхронды аударма кадрларын даярлау орталығы: Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастықFarabi University

Синхронды аударма кадрларын даярлау орталығы: Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастық

9 сәуір, 2025

Қытай Халық Республикасындағы синхронды аударма мамандарын даярлайтын жетекші жоғары оқу орындарының бірі — Шанхай шет тілдер университетінің Жоғары аударма мектебі. Қытай тіліндегі алғашқы синхронды аудармашылар БҰҰ үшін дәл осы беделді оқу орнында даярланған. Университет пен Жоғары аударма мектебі осы бағытта үлкен тәжірибе жинақтады.

Шанхай шет тілдер университетінің Жоғары аударма мектебінің деканы, профессор, PhD докторы Чжан Айлиннің менің шетелдік ғылыми жетекшім болуға келісіп, 2024 жылдың 23 қарашасы мен 22 желтоқсаны аралығында ғылыми тағылымдамадан өтуге шақырғаны — мен үшін үлкен құрмет болды.

Тағылымдама барысында жоспарланған барлық мақсаттар мен міндеттер орындалды: Жоғары аударма мектебі базасында қытай тіліндегі жетіспейтін ақпарат жиналып, талданды; диссертациялық жұмысқа қажетті материалдар кітапханадан жинақталды. Сонымен қатар шетелдік ғылыми жетекшіммен тақырып бойынша кеңестер өткізіліп, Жоғары мектеп профессорларының дәрістеріне, сондай-ақ синхронды аудармашыларды даярлауға арналған жабық курстарына (жаңартылған синхронды аударма жабдықтарымен) қатысу мүмкіндігі берілді.

Бұл ғылыми тағылымдама маған тек диссертация жоспарын нақтылауға ғана емес, сонымен қатар шетелдік ғалымдармен танысуға, ғылыми байланыстар орнатуға және арнайы әдістемелермен танысуға үлкен мүмкіндік берді.

Шарыпова Анар
PhD докторант, Қытайтану кафедрасы