ҚазҰУ студенті Есімбек Мөлдір: "Al-Farabi Hub-тағы марапат кеші шабыт берді"Farabi University

ҚазҰУ студенті Есімбек Мөлдір: "Al-Farabi Hub-тағы марапат кеші шабыт берді"

15 сәуір, 2025

2025 жылғы 14 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде үздік студенттерді марапаттау салтанаты өтті. Университеттің жаңа инновациялық орталығы – Al-Farabi Hub алаңында өткен бұл шара студенттер үшін ерекше әсерлі әрі есте қаларлық кездесу болды.

Марапаттау рәсімінде университет ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев білім, ғылым және қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан студенттерге арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыстады.

Шығыстану факультетінің 2-курс студенті Есімбек Мөлдір де марапат иегерлерінің қатарында болды. Ол бұл жетістікке жету жолында көптеген адамдардың қолдауын сезінгенін ерекше атап өтті.

– Бұл марапат – жеке еңбектің ғана емес, жан-жақты қолдаудың нәтижесі. Ғылыми жұмысыма бағыт-бағдар беріп, әрдайым қолдау көрсеткен ғылыми жетекшім Байрам Асельге алғысым шексіз. Сонымен қатар, университет қабырғасындағы осындай шабыттандыратын іс-шаралар студенттердің дамуына үлкен серпін береді, – деді Есімбек Мөлдір.

Al-Farabi Hub кеңістігі осы күні ерекше рухани ортаға айналды. Ашық, заманауи форматтағы кездесу барысында ректор студенттерге сенім артып, алдағы жолда табыс тіледі. Марапаттау рәсімі салтанатты, бірақ жылы атмосферада өтіп, қатысушыларға мотивация мен шабыт сыйлады.

Мөлдір алдағы уақытта да білім мен ғылым жолындағы ізденістерін жалғастырып, университет намысын лайықты түрде қорғауға ниетті екенін айтты.