Ұлт саулығы – халықтың әл-ауқаттылық факторы ретінде (Ашық тәрбие сағаты туралы мақала)Farabi University

Ұлт саулығы – халықтың әл-ауқаттылық факторы ретінде (Ашық тәрбие сағаты туралы мақала)

11 сәуір, 2025

 

2025 жылдың 11 сәуірінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «7M11401 – Әлеуметтік жұмыс» білім беру бағдарламасының 1 курс магистранттары Райбек А.Ө. мен Таған Н. ұйымдастыруымен «Ұлт саулығы – халықтың әл-ауқаттылық факторы ретінде» тақырыбында ашық тәрбие сағаты өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын ұстану мен қоғамдық денсаулықтың маңызын түсіндіру арқылы студенттердің өмір сапасын арттыру, сондай-ақ жастар арасында денсаулық мәдениетін қалыптастыру болды.

Ашық тәрбие сағаты аясында қатысушыларға ғылыми зерттеулерге сүйене отырып дайындалған ақпараттық материалдар ұсынылып, интерактивті тапсырмалар мен талқылаулар арқылы тақырып тереңірек ашылды. Әсіресе ұйқы мәселесіне, оның адам ағзасына физиологиялық және психологиялық әсеріне ерекше назар аударылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері негізінде жастар арасында ұйқының жетіспеушілігі, оның салдары және оны оңалту жолдары кеңінен түсіндірілді.

Салауатты өмір салтының негізгі бағыттары ретінде дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік және менталды саулық туралы түсініктер беріліп, нақты мысалдар мен күнделікті тәжірибеге қолдануға болатын кеңестер ұсынылды. Сонымен қатар, студенттер арасында мифтер мен шындықтарды ажыратуға арналған шағын ойын элементтері қосылып, пікір алмасуға жағдай жасалды.

Іс-шара соңында кері байланыс жүргізіліп, қатысушылардың ойлары мен ұсыныстары тыңдалды. Ашық тәрбие сағаты білім алушыларға тың деректер ұсынып қана қоймай, олардың өзіндік көзқарастарын білдіруіне, денсаулыққа қатысты саналы көзқарас қалыптастыруына мүмкіндік берді.

Жалпы, бұл шара педагогикалық тәжірибе аясында өткізілген мазмұнды әрі пайдалы кездесулердің бірі болды. Ұлт денсаулығын сақтау – әр азаматтың борышы екенін ұғындыруда мұндай іс-шаралардың тәрбиелік маңызы зор.