Цифрлық технологиялар бойынша тәжірибе алмасуFarabi University

Цифрлық технологиялар бойынша тәжірибе алмасу

25 сәуір, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінің доценттері Перизат Үркімбаева және Әсел Тоқтабаева Қытайдың Чунцин байланыс және телекоммуникация университетінде цифрлық технологиялар бойынша тәжірибе алмасу бағдарламасына қатысты.

Чунцин – өнеркәсіптік және мәдени орталық қана емес, сонымен қатар көне дәстүрлер мен заманауи технологиялар, білім беру саласындағы инновациялар үйлесім тапқан ерекше қала.

Бағдарламаға Қазақстанның 15 жоғары және кәсіптік білім беру ұйымының өкілдерінен құралған делегация қатысты. Іс-шараны Қазақстан тарапынан ChinaLine тілдерді оқыту орталығының директоры, PhD Сәуле Әнуар ұйымдастырды. Бағдарлама барысында білім берудегі цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, халықаралық ынтымақтастық және өзге де өзекті тақырыптар қамтылды.

Чунцин байланыс және телекоммуникация университеті – әлемнің үздік 300 жоғары оқу орны қатарындағы озық білім ордасы. Оқыту процесі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар теориялық біліммен қатар, тәжірибелік дағдыларға да қанықты. Қытай мен өзге елдерден келген жетекші мамандар – профессор Михаил Брик пен доктор Мехрдод Курбониён  өз тәжірибелерімен бөлісті. Сабақтар заманауи оқу корпустарында өтті.

Университеттің халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, профессор Чонггэн Ма делегацияны оқу орнының құрылымымен, мамандықтарымен, Чунциндегі білім алу мүмкіндіктерімен және ғылыми жетістіктерімен таныстырды.

Сонымен қатар Chongqing Publishing House Co., Ltd. компаниясы мен Қазақстан делегациясы Чунцин қаласында Өнеркәсіп пен білім беру арасындағы шетелдік алмасуға мәдени қолдау көрсету конференциясын өткізіп, стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды. «Білім беру басылымдарын интернационалдандыру, цифрлық технологиялардың жаңа мүмкіндіктері, өркениеттердің өзара үйренуі мен бірлескен дамуы» тақырыбында өткен бұл іс-шарада білім беру ресурстарын экспорттау, цифрлық баспа саласындағы серіктестік және мәдени алмасу мәселелері талқыланды. Қытай мен Қазақстанның білім, баспа және бизнес салаларынан 30-дан астам өкіл қатысып, екі ел арасындағы білім беру және мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңге аяқ басқанын атап өтті.

Бағдарлама аясында Чунцин қаласындағы басқа да жоғары және орта білім беру мекемелеріне экскурсиялар ұйымдастырылды. Сонымен қатар теңдік пен өзара тиімділік қағидаттары негізінде кадрлар даярлау, академиялық және ғылыми бағыттарда бірлескен бағдарламаларды дамыту, қосдипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру және екі университет арасындағы қарым-қатынастар мен өзара түсіністікті нығайту мақсатында меморандумдар жасалды.

Бағдарламаның маңызды бөлігі – мәдени іс-шаралар болды. Сабақтан тыс уақытта делегация мүшелері Чунцин қаласының бай тарихи-мәдени мұрасымен танысты. Бағдарламаның соңғы күнінде Changan Automobile Group зауытына экскурсия жасалды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі