"Сарғайса да тарихтың парақтары": Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған ғылыми конференцияFarabi University

"Сарғайса да тарихтың парақтары": Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған ғылыми конференция

23 сәуір, 2025

2025 жылдың 23 сәуірінде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Алматы қаласының Мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен «Сарғайса да тарихтың парақтары» атты Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын аяқтады. Алматы қаласында өткен маңызды шараға тарихшылар, архив саласының мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері белсене қатысты.

Конференцияның ашылуында сөз алған Тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Досбол Сүлейменұлы Байгунаков пен Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Рыскелді Саламатқызы Мырзабекова алқа құрамында отырып, конференцияның маңыздылығын атап өтті.

Конференция барысында Қазақстанның Ұлы Жеңіске қосқан зор үлесінің тарихи аспектілері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, қатысушылар шетел архив қорларындағы құжаттардың деректемелік маңызы, соғыс жылдарындағы қазақ әйелдерінің тыл еңбегі, Екінші дүниежүзілік соғыстың Қазақстан тарихнамасындағы зерттеу бағыттары, Қазақстан мен Орта Азияда поляк армиясын жасақтау мәселелері, советтік әскери баспасөздің тарихи дерек ретіндегі құндылығы, майдангерлердің фотоқұжаттары және Қазақстандағы жапон соғыс тұтқындарының күнделікті өмірі сынды өзекті мәселелер бойынша баяндамалар жасады.

Конференцияның ерекше қызығушылық тудырған бөлімдерінің бірі Алматы қаласы Мемлекеттік архивінің бас сақтаушысы Құрманжанова Гүлбақыт Айтақынқызының Ұлы Отан соғысы туралы тың деректер мен құжаттарды ұсынғаны болды. Бұдан басқа, конференция аясында режиссер-аниматор, Қазақстан киногерлер одағының мүшесі, Тәуелсіз "Тарлан" сыйлығының иегері Қасым Қайырғали Ерғалиұлының «Тағдыр» мультфильмінің тарихы мен оның шығармашылығына арналған қызықты баяндама тыңдалды.

Конференцияға қатысушылар арасында Алматы қаласы Мемлекеттік архивінің директоры Ботанов Абзал Кабдолбаритович пен осы мекеменің бас сарапшылары Дакенова Гүлзада Орынбасарқызы және Рахипова Ләйлә Қасымқызы да болды. Олар өз баяндамалары мен пікірлері арқылы конференцияның мазмұнын байыта түсті.

Іс-шара соңында қорытынды сөз сөйленіп, қатысушылар өзара пікір алмасып, алдағы уақытта да осындай маңызды тарихи тақырыптарды зерттеу мен талқылауды жалғастыруға келісті. "Сарғайса да тарихтың парақтары" конференциясы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында тарихқа тағзым етудің және жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырудың маңызды қадамы болды.